Қала әкімі Бауыржан Байбек қуаныш иелерін құттықтап, пәтер кілтін өз қолымен табыс етті. Баспаналы болғандардың қатарында мүгедектер, көпбалалы және толық емес отбасылар, мемлекет және бюджет қызметкерлері, әскери саланың мамандары бар. Жаңа үйдің иелері атанған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Аталған қалашықта тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. 14 тұрғын үй орналасқан Атлеттер ауылының кешені 23 гектар аумақты алып жатыр. Оның айналасы заманауи видеобақылау жүйесімен, өрт қауіпсіздігімен толық қамтылған. Халыққа қызмет көрсету орталығы, емхана, супермаркет, сұлулық салоны, банк және почта бөлімшесі, полицияның тірек пункті жұмыс істеп тұр. Жаңа қоныстанушылар үшін «Алматы арена» спорт кешенінің секцияларында жаттығу жасау үшін толық мүмкіндік бар.
Соңғы 5 жыл ішінде Алматыда 10 мыңнан астам пәтер үлестірілген. Ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы да 4,5 мың пәтер өз иесін тауып,кезекте тұрған әрбір төртінші отбасы баспаналы болмақ. – Атлеттер ауылында қазіргі кезде 1748 пәтер бар. Тұрғын үй басқармасы тұрғын үй комиссиясының сүзгісінен өткен 1655 пәтер иелерінің тізімін жіберді. Жалға беріліп, кейін сатып алатын 900 пәтер иелерімен келісім жасалды. Қазіргі кезде қалада тұрғындарға пәтер бөлу шешімдерінің барынша ашық жүруі үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Пәтер кезегінде тұру, оның жылжуы тек электронды режимде жүргізіліп, электронды үкімет порталында жүзеге асады. Сонымен қатар, алғаш рет кезектің электронды инвентаризациясы енгізілген, яғни кезекте тұрғандар жыл сайын Тұрғын үй басқармасына келмей-ақ дистанциялық жүйе арқылы өзіне қатысты мәліметті біле алады. Бұлардан өзге, адами факторсыз, кезекте тұрғандар арасында автономды кесте арқылы пәтер бөлу механизмі де жыл аяғына дейін енгізіледі. Оның үстіне Атлеттер ауылындағы пәтерлерден үміткерлер тізімі Алматы қаласының прокуратурасымен келісілген – дейді жауапты мамандар.
Бір айта кетерлік жайт, аталмыш тұрғын үйлер орналасқан Алатау ауданы қала тұрғындары мен қонақтары қызығатын ерекше заманауи елді мекенге айналып келеді. Аудан құрылғалы бері тұрғындар саны 1,5 есеге артып, 200 мың адамға жетті. Сегіз жыл ішінде жаңа ауданды дамытуға қала бюджетінен 200 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ