Әдебиет пен өнердің бас ғылыми мекемесінің мерейтойында айтылған ақ тілектер ағыны осылай түйінделді
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының құрылғанына, сонымен бірге, осынау ғылым ордасына ұлы жазушының ардақты есімі берілгеніне 50 жыл толуына орай өткен алқалы жиынға отандық және Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен көрнекті ғалымдар қатысты.
Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров оқып берді. Бұдан соң Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, Түрксой өкілі Асқар Тұрғамбаев, Түркияның Түркология зерттеулері институтының директоры Фикрет Түркмен, Ресей сөз өнері академиясының академигі, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин, Татарстанның Т.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ким Миннуллин, т.б. институт ұжымын елу жылдық елеулі датамен құттықтай отырып, конференцияға жемісті жұмыс тіледі. Институттың әдебиет бөлімінің бас ғылыми қызметкері, академик Серік Қирабаев көркем әдебиеттің мәңгілік құбылыс екендігін айта келе, қазақ совет әдебиеті деп аталатын кезеңдегі кейбір классик жазушыларымызды мансұқтауға, шығармаларын әдебиет тарихынан өшіріп тастауға деген талпыныс бел алып бара жатқандығына қынжыла тоқталса, тағы бір қадірменді ақсақал әдебиетші, профессор Тұрсынбек Кәкішев әдебиеттің шынайы, шын тарихын, шыншыл тарихын жазуға шақырып, Әуезов институтына мың жасауға, тек шыншылдықпен жасауға тілек білдірді. Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Шерияздан Елеукенов Алаш әдебиетін зерттеудегі алғашқы адымдар жайында кеңінен қамтып, молынан әңгімелесе, ҚазҰПУ-дың Абайтану ғылыми орталығының директоры Мекемтас Мырзахметов қазақ әдебиетінің қазіргі тәуелсіздік тұсындағы көкейкесті мәселелерін түркі халықтарының рухани әлеміндегі заманауи өзгерістермен сабақтастыра сөз етті.
Конференция барысында қазақ әдебиетшілерінің халықаралық байланыс деңгейінің жоғарылығы паш етілді. Құттықтау айтып, қуаныш бөліскен меймандық лебіздермен қатар келелі ой-пікірлер арна тартты. Сондай салиқалы баяндама жасаушылар қатарында Бішкектегі Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ахматалиев М.Әуезов және қырғыз әдебиеті хақында, Башқұртстанның Тарих, тіл және әдебиет институтының директоры Фирдаус Хисамитдинова түркі тілдерінің мифологиялық сөздігі туралы, Мәскеудегі М.Горький атындағы әлемдік әдебиет институтының бөлім меңгерушісі Қазбек Сұлтанов ұлттық әдебиеттер тарихындағы жаңа әдістемелік ізденістер, Өзбекстан Бейнелеу өнері галереясы институты директорының орынбасары Камола Акилова мәдениетаралық үнқатысудағы осы замандық өнертану орайында пайымды ойларын ортаға салды.
Секциялық мәжілістерде фольклор мен әдебиеттанудың және қазіргі өнертанудың мәселелері әрқайсысы өз алдына бөлек-бөлек қарастырылды. Сөйтіп, екі секцияда отыздан астам баяндама тыңдалды. Солардың ішінде татарстандық Хатип Миннегуловтың «Жошы ұлысы һәм ондағы әдебиет», Бақытжан Майтановтың «Қазіргі поэзиядағы тәуелсіздік тұжырымдамасы», Гүлжаһан Орданың «Қазақ поэзиясындағы ұлттық рух», Нұрдәулет Ақыштың «Қазақ поэзиясындағы тәуелсіздік рухы», Сәрсенбі Дәуітұлының «Алаш мұрасының жиналуы мен насихатталуы», Амангелді Мұқанның «Тәуелсіздік кезеңіндегі опера өнері» баяндамалары конференция рухын көтере түсті.
Ертеңіне «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында ұлы жазушы шығармаларының 50 томдық академиялық толық басылымының тұсаукесері өтті. Бір ғажабы, бұл жағдайдың Мұхаңның туған күнімен сәйкес келуі қуанышты еселей түсті.
1-11 томдары «Ғылым» баспасынан, ал 12-50 томдары 2003-2011 жылдары «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген бұл академиялық басылымда М.Әуезовтің 1917-1961 жылдар аралығында жазылған мақалалары мен әңгімелері, пьесалары, аудармалары, бүгінгі оқушы қауымға белгісіз болып келген туындылары, сөйлеген сөздері, баяндамалары, пікірлері, хаттары орын алды.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған С.Қасқабасов, Әуезов музейінің директоры Дияр Қонаев, «Жібек жолы» баспасының директоры Бақытжан Қанапиянов, М.Әуезов қорының директоры Мұрат Әуезов және басқалары осы жайларды айта келе, елу томдыққа халықтық жазылу жүргізу қажеттігіне тоқталды. Ал, мәскеулік «Художественная литература» баспасының директоры Г.Пряхин өздері шығарып жатқан ТМД жазушыларының 60 томдығына М.Әуезов шығармаларының да енгізіліп отырғандығын мәлім етті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Суретті түсірген Дулат АХТАНОВ.