Технология • 16 Маусым, 2017

Microsoft 200 мың долларлық бағдарламаны «SOS – Қазақстанның балалар ауылына» сыйға тартты

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарына өтеусіз көмек көрсету аясында (Software Donation) Microsoft компаниясы «SOS–Қазақстанның балалар ауылы» қорын лицензиялық бағдарламалық өнімдермен қамтамасыз етті.

Microsoft 200 мың долларлық бағдарламаны «SOS – Қазақстанның балалар ауылына» сыйға тартты

Аталмыш көмек аясында Windows 10 Pro және Windows 10 Enterprise операциялық жүйелері, Office Standard және Office Professional бағдарламалары, сондай-ақ, Қор қызметіне арналған басқа да бағдарламалар ұсынылды. Көмек аясында берілген бағдарламалық өнімдердің жалпы құны 200 мың АҚШ долларынан асады.

Microsoft ұсынған жаңа бағдарламалық жабдықтама Қордың IT-инфрақұрылымын айтарлықтай жаңартып, жетілдіруге көмектеседі. Және Қор қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Microsoft-тың лицензиялық бағдарламалық өнімдері «SOS–Қазақстанның балалар ауылы» қорының озық ақпараттық технологияларға қол жеткізіп, оқыту үрдісін жетілдіруіне жағдай жасауда. Енді балалар сабақтарға жақсы дайындалып, компьютерлік сауаттылығын көтеруге, ал қайырымдылық ұйымынының қызметкерлері тәрбиеленушілердің оқу үлгерімін қадағалап, оқыту барысында көрнекі әдістерді, таныстырылымдар мен бейроликтер сынды қосымша материалдарды қолдануға мүмкіндік алып отыр.

«Осындай зор көмекті ұсынып отырғаны үшін Microsoft компаниясына шексіз алғысымызды білдіреміз. Біздің тәрбиеленушілеріміздің арасында компьютерлік технологиялармен өте қызығатын балалар көп. Ал енді Microsoft арқасында олардың заманауи бағдарламалық жабдықтамада өз білімдерін дамытуға мүмкіндігі бар. Мұндай сыйлық, әлбетте, олардың болашақ мансабына зор септігін тигізбек», - дейді «SOS – Қазақстанның балалар ауылы» қорының Ұлттық директоры міндетін атқарушы Дана Егешбаева.

«Бағдарламалық жабдықты қайырымдылық ретінде сыйға тарту арқылы жастарға шабыт беріп, олардың ең заманауи технологиялар мен сапалы білімге қол жеткізуіне, әлеуетін дамытуға көмектесуді ниет тұттық», - дейді Microsoft-тың ТМД аймағындағы PR және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Елена Мухсинова.

Айнаш Есали,

«Егемен Қазақстан».

Алматы