Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Ғылыми-сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін дамыту және мемлекеттің этноұлттық саясатын ғылыми-сарапшылық қызметпен қамтамасыз ету мемлекеттік тұрғыда қоғамдық дамудың стратегиялық міндеттерін шешу үшін жаңа міндеттер алып, маңызды шешім қабылдауға негіз болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі қоғамдық пікірлерді белсенді ету, қоғамдық келісім және этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін дамытудың берік негізін құру мақсатында ғылыми әлеуетті, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің ғалымдарын бір ортаға топтастыра білді.
Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның ХVІІ сессиясында елдің индустриялық-инновациялық дамуы мен әлеуметтік модернизациялануына сәйкес, азаматтық қоғамның барлық құрылымдарының қызметтік аясын кеңейту және жұмыс деңгейін сапалық тұрғыда арттыруды талап ететін міндеттердің жаңа топтамасын айқындап берді. Ол үшін іргелі, қолданбалы және болжам жасауға бағытталған зерттеулерді дамыту жөніндегі интеллектуалдық ресурстардың біртұтас құрылымы мен қоғамдық және мемлекеттік-құқықтық тетіктердің іске қосылуы тиістігін атап көрсетті.
Осы міндеттердің үдесінен шығу мақсатымен 2011 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі қызметінің құқықтық негізі және мәртебесі, мемлекеттік саясаттың этносаралық қатынастар саласындағы маңызды мәселелерін ғылыми-сарапшылық тұрғыда сүйемелдеудегі рөлі көрсетілген Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» №149 Жарлығы бекітілген-ді.
Бұған дейін осы жылдың 16 мамырындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары күн тәртібіне қойылып, Мемлекеттік хатшының 2011 жылғы 1 маусымдағы №3 өкіміне сәйкес жобаларды қаржыландыру, оған қажетті ресурстық, ғылыми және білім беру базаларын қалыптастыру, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардың өзара қарым-қатынасын дамытуға байланысты маңызды мәселелерді атқару шарасы алға қойылған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі ғылыми зерттеулер аясын кеңейтіп, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас аспектілерінің іргелі және қолданбалы басым бағыттарын қалыптастырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында өткен Ғылыми-сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысында Ассамблея Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов күн тәртібіндегі мәселелердің ретімен таныстырып, кеңестің мүшелері Б.Сұлтанов, Н.Калашникова, А.Сәдуақасова атқарылған іс-шаралардың есебін түйіндеді. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің басшылары А.Дедерер, З.Касанов, С.Оздоев, К.Мирзоев өз кезегінде этносаралық мәселеде бірлескен зерттеулер жүргізудің пайдалылығын атап өтті.
Ғылыми-сараптамалық кеңестің кеңейтілген отырысында аталмыш кеңестің белсенді қатысуымен өтетін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары белгіленді. Отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыруға және этносаралық қатынастар мен толеранттылық салаларында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, 2011 жылғы 7 қыркүйектегі ел Президентінің №149 Жарлығына сәйкес қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Ереженің» қабылданғанын назарға алу, Ассамблея қызметіндегі инновациялық бағыттардың алға жылжуына қолдау көрсету, әлеуметтік маңызды жобаларды және зерттеулерді жүзеге асыруда тиімділікті арттыру мақсатында ғалымдармен, сарапшылармен өзара қарым-қатынасты нығайту және осы бағыттағы жұмысты үйлестіру, Орталық Азиядағы толеранттылық мәселелері жөніндегі Азаматтық форум идеясы мен ұсынысын негізге ала отырып, этносаралық қатынастар саласын зерттеу мақсатында Халықаралық сарапшылар клубын құру тұжырымдамасын мақұлдау, Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелерінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ЮНЕСКО кафедраларымен шығарылатын журналдар мен жинақтардың, арнайы веб-сайттардың мүмкіндігін қолдану арқылы ақпараттық сүйемелдеуге ие болу, Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелерімен қабылданған ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік құрылымдарға, ғылыми және білім беру ұйымдарына, этномәдени бірлестіктерге жолдау секілді бірқатар маңызды міндеттер жауапкершілікке алынды.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.