17 Маусым, 2017

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз

664 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, университет аудиториясынан осыдан жарты ғасыр бұрын оттай жанып, өз жарығын жағып шыққан талантты жастардың бірі Жаңабаев Зейнулла Жаңабайұлы еді.

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз

Жүрегінде оты, жанында жарығы бар жас маманды ұстаздары ұлттық университеттің аспирантурасына алып қалды. Аспирантураны ойдағыдай бітірген жас ғалым 1968 жылы профессор С.И. Исатаевтың жетекшілігімен эксперименттік аэродинамика және жылу физикасы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазып шыққан диссертациясын сәтті қорғады. Осыдан кейін Зейнулла Жаңабайұлының жоғары мектептегі ұстаздық және ғылыми қызметі қатар жалғасты. 1995 жылы физика-матемaтика ғылымдрының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Гидродинамикалық турбуленттіліктің бейсызық физикалық қасиеттері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан, ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазіргі шақта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өзінің ұсынысы бойынша ашылған және өзі меңгеруші болған қатты дене және бейсызық физика кафедрасының профессоры, бейсызық физика лабораториясының меңгерушісі.

    Зейнулла Жаңабайұлы - ғылымда үлкен теориялық нәтижелерге қол жеткізген ғалым. Физика-математика ғылымдары саласында теориялық  мәселелерді зерттеген және зерттейтін ғалымдар шоғыры сиреген емес. Олардың қатарында іргелі теориялық және өзекті практикалық мәселелерді шешіп, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар бар. Зейнулла Жаңабайұлы - осы топтағы көрнекті ғалымдардың бірі. Сөйте тұра Зекеңнің өз әріптестерінен айтарлықтай өзгешелігі де бар: ол бейсызық физикада жаңалық ашып қана қоймай, теория жасау биігіне көтерілді. Бұл орайда зерттеушінің шығармашылық ойлауының жалқыдан жалпыға, деректіден дерексізге, талдаудан жинақтауға ауысқан шегінде негізделген мынадай бірнеше теорияны атауға болады: а) құрылымдық турбуленттілік теориясы; ә) өзаффинді фракталдар теориясы; б) фазалық жүйеде басқарылатын радиотехникалық динамикалық хаос генераторының теориясы. Ғалым сонымен қатар бейсызық физика және синергетика шегінде елімізде жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Кейінгі жиырма жыл бойында «Бейсызық жүйелердегі хаос және құрылым: теория мен тәжірибе» атты тұрақты жұмыс жасайтын халықаралық конференцияға ғылыми жетекшілік және басшылық жасап, осы бағытта жаңа ғылыми мектеп қалыптастырды. 2017 жылы осы конференция оныншы рет өтіп, онда аталған ғылыми бағыт бойынша жиырма жылда қол жеткен жетістіктердің әлеуметтік маңызы мен мәні бағаланбақ. 

    Физикада теориялық іргелі мәселелерді шешудің маңызы зор, ал  бейсызық физикада жаңа теория жасаудың маңызы одан да жоғары. Бірақ бұл физик ғалымдардың бәрінің емес, бірегейінің ғана қолынан келеді. Зейнулла Жаңабайұлы физика-математика ғылымдары бойынша жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде іргелі теориялық мәселелерді де шешті, жаңа теориялар да жасады. Ғылыми-зерттеулерінің нәтижелеріне сүйеніп, жоғары білім берудің үш деңгейі бойынша «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Физика және астрономия» мамандықтарын ашу туралы бастама көтерді, әр мамандықтың ғылыми-әдістемелік концепциясын жасады, оларды білім беру бағдарламасымен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету ісіне жетекшілік жасады. Бұл мамандықтарды ашу мемлекеттің ғылым мен білімді дамыту, елдің экономикалық, интеллектуалдық қуатын арттыру бағытындағы стратегиялық мақсаттарына сай келді. Аталған мамандықтар бойынша даярланған мамандар Қазақстанның ғылымы мен білімі, наноинженерия, нанотехнология саласына жаңа леп, тың серпін алып келді. 

    Ғылым нәтижелерін әлеуметтік өмірдің түрлі салаларында пайдаланудың, пайдаға жаратудың маңызы өлшеусіз жоғары. Бірқатар зерттеулердің нәтижелері есепте болғанмен, іске аспай, пайдалануға жарамай қалатыны рас. Мұның басты бірнеше себебі белгілі: а) зерттеу нәтижесі іске алғысыз, пайдалануға жарамсыз; ә) зерттеу нәтижесін пайдалануға дайындау зерттеуші үшін мүмкін емес; б) іргелі ғылыми-зерттеумен айналысатын ғалымдардың көпшілігі өз зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге дайындауға, ыңғайлауға уақыт таппайды; в) зерттеу нәтижелерін пайдаланатын өндірістік ортаның жоқтығы. Зейнулла Жаңабайұлы өз зерттеулерінің нәтижелерін, әсіресе, өзі жасаған теорияларды іс жүзінде пайдаланудың технологияларын жасауға, сөйтіп оларды пайдаға асыруға аса зор көңіл бөле отырып, бұл бағытта да елеулі жетістіктерге жетті. Негізгі корреляциялық, спектрлік заңдылықтарды сипаттайтын төрт типті құйындардың аналитикалық өрнектерін дифференциялдық айналмалы координат жүйесінде табуда өзі жасаған құрылымдық турбуленттілік теориясын пайдаланды. Өзаффинді фракталдар теориясын сорғы ағындардағы турбуленттілік заңдылықтарын ашуға,  электрогидравликалық қопарылысты сипаттауға қолданды. Ал фазалық жүйеде басқарылатын радиотехникалық динамикалық хаос генераторының теориясын ақпаратты қорғау ісінде және сымсыз сенсорлы байланыстарды жүзеге асыруда қолданудың үлгісін іс жүзінде көрсетті. Ашық жүйелердегі өзқауым процестердің ақпараттық-энтропиялық шарттары туралы теориясын гидродинамика, жылу физикасы, радиофизика және электроника, астрофизика, қатты денелер физикасы, әлеуметтік жүйелер теориясы салаларына енгізді. Зертеулерінің енді бірқатар нәтижелері биофизикада, наноэлектроникада, телекоммуникацияда  т.б. қолданылуда.

    Ғалым өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде 3 монография, 12 оқу құралын, 300-ден аса мақала жариялады, ашқан ғылыми жаңалықтары бойынша 4 патент алды. Еліміздің оқу-ағарту ісінің үздігі, О.А. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің аға мұғалімі Тынтаева Шира Байбекқызымен бірге физиканы оқытудың мазмұны мен технологиясын ұдайы жақсарту ісін синергетика қағидалары кеңістігінде жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік негізін жасады. «Физиканы оқытудың теориясы және әдістемесі», «Синергетика – педагогикада» монографиялық еңбектері осындай методологияға негізделіп, білім беру  саласында үлкен сұранысқа ие болды. Ғалымның еңбектері Ресейде, Ұлыбританияда, Жапонияда, Америкада жарық көріп, жоғары бағаланды.

    Зейнулла Жаңабайұлының ғылыми және ұстаздық қызметі ғалым-педагогтар даярлауда біртұтас сипат алып, білім өндіру және білім беру ісінің бүгінгі күнгі озық технологияларының өрісінде жарасым тапты. Бұл ретте жеке тұлғаға, оның болашақ кәсіби құзіреттілігінің қалыптасуына бағытталған ұстаным ғылыми жоба жүргізу ісімен сабақтасты да, болашақ маман теориялық білімін нақты кәсіби қызметте лайықты пайдалануға машықтанды. Ұстаз осы технология талаптарына сай жиырмадан астам жоғары білікті ғалым-педагог мамандар тәрбиелеп өсірді, солардың ішінде 5 ғылым докторын халықаралық бағдарлама жүйесінде даярлады.

    Профессордың ғылымда үлкен жетістіктерге жетуінің жұмбағы жоқ, бірақ жұмбаққа бергісіз шындығы бар. Біріншіден, ол өз саласы бойынша әлемнің әйгілі ғалымдарымен, халықаралық ғылыми басылымдармен тығыз қарам-қатынаста. Турбуленттілік теориясы бойынша жетістіктерін әлем мойындаған М.А. Гольдштикпен, өзқауым теориясының білгірі, Нобель сыйлығының иегері И. Пригожинмен, ашық жүйелердің статистикалық теориясының майталманы Ю.Л. Климонтовичпен пікірлес болды. PhD бағдарламасы аясында профессор В.Ю. Тимошенкомен (МГУ), электрондық жүйелердегі синхронизация теориясы бойынша профессор М. Розенблюммен (Подстам университеті), бифрукция теориясы бойынша профессор М. Закспен (Гумбольд университеті), нейродинамика теориясы бойынша профессор А. Нейманмен (Огайо университеті), электроника бойынша М. Шурмен (АҚШ, Ренсселар университеті) бірлесе жұмыс істеді. Екіншіден, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін іс жүзінде пайдалануды өзінің ғылыми ізденістерінің басты мақсаты деп біледі. Үшіншіден, ғылыми-педагогикалық еңбекті дүниедегі мансап, лауазым біткеннің бәрінен артық көреді. Зекеңнің жұмбаққа бергісіз осы шындығының жүзінен төгілген нұрда: «Ғалым болсаң, көрнекті бол, ұстаз болсаң, ұлағатты бол», - деген мағына бар.

    Профессордың ғылыми-педагогтік қызметінің нәтижелері ұдайы ізденуді және жылдардан жылдарға жалғасқан еңбекті талап еткенінде сөз жоқ. Ұстаз толассыз ізденді, ерен еңбек етті, таңнан таңға, жылдан жылға ұласқан жарты ғасыр осылай өте шықты.

    Зейнулла Жаңабайұлы Қазақстан жоғары мектебінің әлеуетін арттыруға, ұлттық білім беру ісінің жаңаруы мен дамуына, халық шаруашылығын жоғары білімді және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге зор үлес қосты, үлкен еңбек сіңірді.

    Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз бүгінде қызу еңбек үстінде. Еңбегі рәтті болғай.

Жанғара Дәдебаев,

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры