Аймақтар • 18 Маусым, 2017

Өскеменде 38 жас дәрігерге баспана кiлтi тапсырылды

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Өскеменде медицина қызметкерлері күніне орай "2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерліктi жаппай дамыту" бағдарламасы аясында 70 пәтерлік жалдамалы жатақхана пайдалануға берілді.

Өскеменде 38 жас дәрігерге баспана кiлтi тапсырылды

Шаршы метрi бар болғаны 65 теңге тұратын пәтерлердің 38-i медицина қызметкерлеріне, қалғаны кезекте тұрған жас отбасыларға арналған. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен құттықтап, бірнеше жас дәрігерге баспана кiлтiн өз қолымен табыс етті. 
" Мемлекетіміздiң ең басты байлығы - ұлт саулығы. Сіздер кез келген адам үшін қымбат қазына саналатын денсаулықты қорғау, сақтау жолында аянбай тер төгіп келесіздер. Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін", - деген аймақ басшысы жыл соңына дейін медицина қызметкерлері үшін тағы да 90 пәтерлiк баспана салынатынын жеткізді. 
Баспана алып, бөркін аспанға атып қуанған жас мамандар да қуаныштарын жасыра алмады. "Мен 2016 жылы Семей мемлекеттік медицина университетін бiтiрдiм. Қазір Өскемендегi N 1 қалалық аурухананың инсульт орталығында жұмыс iстеймiн. Бүгін міне өзiмнің әріптестерiммен бірге қоныстойымызды тойлап жатқан жайымыз бар. Жас мамандарға қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарлама қабылдаған Елбасымызға ерекше алғысымызды білдіреміз", - деді Мерхат Нұрсұлтанов.

Азамат ҚАСЫМ, 

"Егемен Қазақстан"

ӨСКЕМЕН

Суреттi түсірген автор