Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең үздік магистранттарына Назарбаев стипендиясы мен төсбелгі тапсырды. Назарбаев стипендиясы – еліміздегі ғалымдар мен педагогтардың еңбегіне тың серпін беру мақсатында еліміздің жас магистранттарына алғаш тағайындалған.
Президент сыйлығына Диляра Копытина, Диана Бөрлібаева, Наркес Оразбаева, Жадыра Ақылова, Александр Логвиненко, Нартай Бекмолдинов, Альфия Игесинова, Динара Асқарқызы, Бауыржан Әбдіқадыров, Ольга Кряжевских сынды еліміздің жоғары оқу орындарының магистранттары лайық деп танылды.
– Біз өздеріңізбен тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Осы жылдардың ішінде атқарылған шаруалардың барлығын білесіздер деп ойлаймын. Бұл жылдар еліміз үшін оңай жылдар болған жоқ. Бірақ та тәуелсіздігіміздің арқасында бұрын-соңды болмаған жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Қазақ халқы өзінің көп ғасырлық тарихында мұндай тәуелсіздік, мұндай ауқымдағы шекарада дүние жүзіне белгілі мемлекет құрған емес. Тарихи 20 жылдық елдің есінен еш уақытта ұмытылмайды. Қазақстан Кеңес өкіметі құлағаннан кейінгі кездескен барлық қиындықты үлкен күш-жігермен еңсерді. Бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыс, 2008-2010 жылдардағы аса ауыр қаржылық-экономикалық дағдарыс әлі де жалғасуда. Еуропа бұл қиындықтың әсерімен әлі де күресу үстінде, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы келесі кезекте қазіргі заман – білім мен ғылымның заманы екенін атап көрсетті. Жаһандану жағдайында мемлекеттің озуы үшін, адамның озуы үшін, бәсекеге сай болуы үшін ең бірінші мәселе – білім мен ғылымның өркендеуі. Осыған байланысты елдің де, мемлекеттің де орны айқындалады. Сондықтан, Қазақстан ел ретінде, мемлекет ретінде білімге қатысты, әсіресе, мектеп жасындағы, мектепке дейінгі мәселелерді шешіп жатқанын білесіздер. Жаңадан мемлекеттік, мемлекеттік емес университеттер ашылып жатыр. Қай жерде оқимын десең де барлық жағдай бар. Сондықтан, біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің келешегін ойлайтын болса, тәуелсіздігіміздің болашағы да мықты болады. Біз мақсаттарымызға жететін боламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде күллі әлем индустриялық кезеңнен кейінгі даму жолына түскенін атап өтті. Өмірдің мүлде жаңа тәртібі орнығуда. Жер қойнауындағы байлыққа қарап отырып қалмай, жаңа ғылыми-техникалық прогреске негізделген жаңа экономика қажет екеніне де назар аударды.
– Мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы нақты осыған бағытталған. Біз 550 зауыт тұрғызамыз, 20 мың жұмыс орнын ашамыз, тіпті таяу жылдар ішінде біз одан әрі дамитын боламыз. Жер қойнауындағы байлықтар, мұнай мен газ, металл бір кезде таусылады, қайтып қалпына келмейді, ал енді екінші экономиканы құру қажет, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сондай-ақ индустрияландыру, инновацияны ендіру мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтумен бірдей екенін атап көрсетті. Сондықтан ғылымның тиімділігі және барлық экономиканы инновациялық жолға қою ең басты мәселе саналады.
– Қазақстан алдында өте күрделі міндеттер тұр. Осының алдындағы және осы ғасырдағы 50 жыл экономикалық-индустриялық ренессанс болды. Әлемнің бірқатар елдері барлық салада жаңа серпіліс жасады, ал тек жаңа технология мен ғылыми жетістіктерді пайдаланған елдер ғана жаһандану көшбасшылары болды. Біз мұндай проблемаға енді ғана нақты қадам бастық. Индустриялық-инновациялық дамудың басты мақсаты – біздің тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді нығайту. Бұл – тәуелсіздіктің екінші жағы. Мәселе мемлекеттің келешекте бәскелестікке қабілетті ел болып, адамдардың өмірін жақсартатын елге айналуы немесе бұл істі атқара алмайтыны туралы болып отыр. Міне, индустрияландыру мен инновацияның кілті осында. Сондықтан да мен 100 инновацияны ұсындым, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін ең басты инновациялық бағыттар азық-түлікпен қамтамасыз ету, энергетика саласы, биология, медицина мен қаржы-экономикалық салалар болып табылатынын атап өтті.
– Ғалымдар мен педагогтарды даярлауға тағы да бір серпін беру үшін мен Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, академик ретіндегі өзімнің стипендиямды еліміздің ең үздік магистранттарына беріп отырмын. Бұл зерттеулер мен өмір сүру деңгейін көтеруге қаржылай көмек қана емес, сонымен бірге, бұл мемлекеттің ерекше қамқорлығы, біздің әлеуетімізді мойындаушылық. Сендер өз өмірлеріңде мұндай жетістікке бірінші рет жетіп отырсыңдар. Конкурстық комиссия 7000 үміткердің арасынан сендерді таңдап алды. Әрқайсыларың өздеріңді талантты магистр ретінде көрсетіп, өздеріңнің нақты жетістіктеріңді дәлелдеп шықтыңдар. Сондықтан осындай құқыққа ие болып отырсыңдар. Алдарыңа биік мақсаттар қоюды жалғастырып әрі оған қол жеткізіңдер. Біз сендерге, біздің еліміздің барлық талантты жастарына мақсатты түрде көмектесетін боламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы барлық оқу кезеңінде үздік оқуымен көрінген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын және оқу орындарындағы қоғамдық өмірге белсене араласатын жоғары оқу орындарының магистранттарына тағайындалады. Ұлттық жоғары оқу орындарына стипендия тағайындау ережесіне сәйкес ғылыми кеңестердің шешімі негізінде 2011-2012 жылдардағы оқу жылына арналған стипендияны тағайындау үшін конкурсқа 19 үміткер ұсынылды. Білім және ғылым министрлігінің республикалық конкурстық комиссиясы ғылыми зерттеулердегі жоғары жетістіктері, жетекші журналдардағы ғылыми жарияланымдары, үздік оқуы мен белсенді қоғамдық қызметтері үшін ұлттық жоғары оқу орындарының 10 үздік магистрантын таңдап алды.
Бұл күнгі кездесу кезінде Назарбаев стипендиясын иеленген магистранттар да сөз алып, өз ой-пайымдарымен бөлісті. Олар елдің ғылым-білім саласы төңірегінде өздерін толғандырып, өздері түбегейлі зерттеп жүрген мәселелерді ортаға салды. Ел жастарына көрсеткен шексіз қамқорлығы үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.
Мәселен, «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» мамандығының магистранты Динара Асқарқызы: «Бүгінгі күн – менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас, бақытты күн. Елімізде алғаш рет тағайындалған «Назарбаев стипендиясының» иегері атану мен үшін зор мақтаныш. Бүгінде білімге құмар жастардың елімізде, сондай-ақ шетелдерде білім алуына барлық жағдай жасалған. Мен Президент стипендиясын иелене отырып, Сіздің алдыңызда біздің Отанымыздың білім және ғылым саласындағы міндеттемелерінің орындалуына бар күш-жігеріммен атсалысамын», деді.
«Менеджмент» мамандығы бойынша білімін тереңдетіп жүрген Жадыра Ақылова Қазақстанда тұңғыш рет тағайындалған стипендияны тапсырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. «Менің арманым – ғылыммен айналысып, кәсіпорында қызмет етіп, жиған тәжірибемді студенттермен бөлісу. Сіздің студент жастарға көрсетіп отырған қамқорлығыңызға барлық студенттер атынан шексіз алғыс білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, елімізді келешекке бастаған сапарыңызға сәттілік тілеймін», деді Ж.Ақылова.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Нартай Бекмолдинов та өзінің Президент стипендиясының иегері болғанына қуанышты екенін жеткізді. «Бұл күн – мен үшін ұмытылмас күндердің бірі. Сіздің өнерге жақын екеніңізді біле отырып, жүрегімдегі бар қуанышты сөзбен емес, әуенмен жеткізуге рұқсат етіңіз», деп баян аспабында Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен «Атамекен» әнін нақышына келтіре орындап берді.
Кездесу қорытындысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас ғалымдарға айтылған ойлары үшін алғыс білдіріп, еш уақытта ізденістен, жаңалық ашуға деген құлшыныстан танбаңдар деген тілегін жеткізді.
Президент жас ғалымдармен естелік суретке түсті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
-----------------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.