Сонымен, елімізде қызу талқыға түскен мақалада атап көрсетілгендей, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Ұлттық код дегеніміз не? Бүгінде кең қолданылатын код деген сөзді құлыпты ашатын құпия кілт ұғымында түсінуге болар. Демек, қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді айтқан жөн шығар. Яғни, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, солардың сығымдалып тұжырымдалған формуласы қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп сақтауға жататын құпия кілттің тап өзі боп шығуы ғажап емес.
Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Өйткені, бағзы заманда әділеттілік, адалдық, шыншылдық және ахлақ (мораль) дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын. Бірақ заман ауысты, бір кездері құбылмалы саясат билеген уақыт ыңғайынан туындаған кемшіліктер кейіннен үлкен дертке айналды. Бұрындары «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» делінетін, барша игіліктен арды, ұятты, ахлақты жоғары қоятын қазақтың өмір сүру ережесі қатты өзгеріске ұшырады. Тиісінше ұлттың этикалық қоды бұзылды немесе бұзылып бара жатыр. Салдары – бүгінгі қоғамның барлық саласын жайлаған сыбайластық пен сыбайлас жемқорлық, көпке түсініктірек тілмен айтқанда – коррупция. Тілге тиек етіп отырған бағдарламалық мақала осы құбылыспен күресуге шақырады, адамгершілік ұстынымызды нығайтуға мегзейді.
Тәуелсіз даму жолына түскен шақта «жаһандану үдерісі келе жатыр, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз» деген пікір естілген. Жаһандану дегеніміз тұрмысқа, ел басқару жүйесіне, шаруашылық, кәсіпорын, білім беру мен тәрбиелеу орындары біткеннің бәріне батыстың жаңа технологиясын ұсынған бұқаралық мәдениетінің жан-жақты шабуылы нәтижесінде пайда болатын заманауи жаңа түр болып шықты. Жаһандану үдерісі біздің тарапымыздан ешқандай тосқауыл көрген жоқ. Ешқандай кедергі кездеспегендіктен де жастар санасын тез жаулады. Тіпті, ұлттық құндылықтарға көзқарастың өзі өзгеріске ұшырай бастады. Ал бұл мәдени кодымыздан айырылудың алды еді.
Рухани кодымыздың басты тіні, ұлттың күллі қастерлі ұғымдарын, қасиеттерін бойына жиған өзегі тіл болып табылатыны құпия емес. Міне, сол қасиетті ана тіліміздің қуаты бүгінде әлі де алаңдатады. Турасын айтқанда, мемлекеттік мәртебесіне қарамастан, қазақ тілінің қолданыс аясын тиісті дәрежеде кеңейте алмау, оны өзге тілдермен қойыртпақтап, бұзу, дұрыс сөйлемеу, тіпті мүлдем ұмыту өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың жүйесін сақтай алмауға әкеліп соғатыны анық. Елбасының мақаласында соның алдын алу әрекетіне көшу (қолданыстағы реформаланған кирилді латын графикасына ауыстыру) мәселесі қарастырылады. Біз бұл жөнінде басқа да ұлт мүддесіне жани аши қарайтын азаматтар қатарында әрәдік пікір білдіріп жүргендіктен, алфавитті, лажы болса, латын әріптерін қазақыландыру мақсатымен реформаламай, мүмкіндігінше Байтұрсынов тәсілімен өзгеріссіз таңбалау жағындамыз. Тек, екпін қойып айтарымыз – латынға көшу сәтті болу үшін, сөзбұйдаға салмай, мемлекеттік тілді өз мәртебесі деңгейіне көтеру, яғни қоғамдық-саяси функциясын күрт арттырып, қолданыс аясын мейлінше кеңейту қажеттігін еске салумен шектелеміз.
Қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасын іске асыру жөнінде арнайы ұлттық комиссия құрылғаны, оның жұмысқа кірісіп кеткені белгілі. Осыларға байланысты бірер ой туады. Президент қай-қайсымыздың да «ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанымызды» қалайтынын айтты. Алғашқысы жоғарыда тілге тиек еткен ұлттық код жайында, ал екіншісі «ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту» керектігі турасында болатын. Мен бірінші кезекте осы кертартпа тұстар мен олардан арылу жолдарының бірі жайында пікір білдіргім келеді. Менің ұғымымда, өткеннің кертартпа тұстары кеңестік заманда қанға сіңірілген ұғымдар тұтқынынан шыға алмауымызда жатыр. Мәселен, большевизмнің солақай билігі салдарынан қазақ халқы үш дүркін ашаршылықты бастан кешіп, айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұшырады. Ал билеуші партия мен кеңес өкіметі қазақ халқына жасаған қылмыстарын реформаторлық әдемі ұрандармен бүркемелеп, қалың жұртты соған сендірді. Сырттан келіп, босап қалған кеңістікке, көшпенділер сүйегі үстіне қоныстанғандар шындықты білген жоқ. Өз елінде ұлттық азшылық деңгейіне түсірілген қазақ халқын орыстандыру процесі патшалық тұсындағыдан да қарыштап, екпіндей қанат жайды. Бұл үдерістің идеологиялық тұрғыдан қамсыздандырылып, сәтті жүргізілгені соншалық, ана тілін ұмытқан және сонысын мақтаныш көретін қазақтың үлкен бөлігі тұтас бір халық боп кетті. Тіпті, тәуелсіздік дәуірінде де олардың көбі ана тіліне қайырыла қоймады, ең бастысы олар әдемі ұран жамылған орыстандыру саясатының құрбаны болғандарын мойындаған емес. Тәуелсіздік дәуірінде ұлттық мүдделердің толығымен қорғалмай, іс жүзінде жаңаша қордаланған ұлт мәселесінің шешіліп болмауына солардың қарсы әрекеттері себеп болып келеді.
Президент белгілеп берген сананы жаңарту жұмыстарының тұғырында осы бір келеңсіз құбылысқа душар болған қандастарымызды туған ұясына қайтаруды көздейтін, елімізде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің халқымызбен бірлігін нығайта түсетін кешенді шаралар жүргізу сұранып тұр. Менің ойымша, барша жұртты қазақ төңірегіне тығыз топтастырып, қазақ мүддесін жалпыұлттық мүдде ретінде қорғауға жұмылдыратын, тиісінше ел бірлігін арттыра түсетін шарт – халықты тарихпен тәрбиелеуде, қазақтың кеңес тұсында жабық болған қаралы тарихы арқылы тәрбиелеуде жатыр. Осы орайда көп функциялы мультимедиалық портал ашу және «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауға байланысты Президенттің Білім және ғылым министрлігіне Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп орындауы үшін берген нақты тапсырмасының ойдағыдай орындалуына назар аудару керек.
Президент айтқандай, терең ойластырылып, ғылыми негізде жасалуы тиіс интерактивті карта мемлекет құрушы қазақ халқының тәуелсіз ел тұғыры ретіндегі айрықша рөлін айшықтайтын болады. Бұл ерекше электронды карта ежелгі қазақ жерінде бірін-бірі алмастырған мемлекеттер түрлерінің тарих сахнасына ХV ғасырда тұңғыш рет этностық атымен қазақ мемлекеттігі ретінде шығу белестерін көрнекі бейнелеп, қазақ елінің ХІХ ғасырда тәуелсіздіктен айырылу, одан жер-суының отарланып, қилы демографиялық күйзелістерге ұшырау кезеңдерін жүйелі де танымды, әсерлі етіп көрсетіп бере алады. Бұл карта арқылы әуелде патшалықтың әміршіл билігінің, сосын кеңес өкіметі кезіндегі билеуші партияның қилы тәсілмен жүргізген саясаты осында тоғыстырған сан түрлі ұлт өкілдерінің тәуелсіздік дәуіріндегі ұйысу процесін толық және өте түсінікті әрі әсерлі етіп әңгімелеуге болады.
Президент Ассамблеяда кеңес өкіметі жасаған саяси қуғын-сүргіндер жайын, мыңдаған жазықсыз жандар қатарында Алашорда қайраткерлерінің де атылып кеткенін, енді ондай жағдай ешқашан қайталанбайтындай етіп, ұмытпау үшін арнайы еске алу күні ретінде 31 мамырдың белгіленгенін айтты. Яғни азаматтарды тарихтың қасіретті беттерімен де бауырластыра отырып тәрбиелеудің маңыздылығына зор мән бергеніне күмән жоқ. Интерактивті тарихи карта тұсауы келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай кесілуге тиіс. Тек оның мазмұнында жоғарыда айтқан белестер лайықты орын алып тұрса оңды болар еді.
Осы орайда тақырыпты шамалы кеңейтіп, кеңестік стандартпен қалыпталған күйі қалған ескі сананы жаңартудың бір жолын еске салуды жөн көреміз, ол – «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері үнемі көтеріп келе жатқан сталинизм құрбандарына жаппай тағзым етуді дәстүрге айналдыру мәселесі. Бұл, әсіресе, большевизм ұрындырған қазақтың ұлттық апатын есте ұстауға байланысты. 1917–1933 жылдары үш дүркін орын алған жасанды ашаршылықтар кезінде тікелей – 4 жарым миллион, жоғалтқан ықтимал табиғи өсімді қосқанда – 10 миллиондай жаннан айырылдық. Жер-жерде анықталған қорымдар басын қарайту, елді мекендерде ескерткіштер қою, өлкетану мұражайларында арнайы бұрыштар, бөлімдер ашу, еврейлердің қоңыр індет құрбандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі іспетті арнайы зерттеу орталығы, танымды экспозициялары бар көрнекі ғылыми орда жасақтау арқылы осы қаралы кезеңдер шындығын жұртшылыққа әсерлі жеткізу жайын ойланған жөн. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Әділет» ұсынғандай, мешіттер мен шіркеулердің 31 мамыр қарсаңындағы жұмада жамиғаттарына ашаршылық құрбандары жайында арнайы уағыз айтуды дәстүрге айналдыруы қажет. Бұлар халқымыздың бірлігін арттыруға және қалың көпшіліктің тарихи әділеттілікті айқын түсінуіне өлшеусіз зор үлес қосатын шаралардың маңызды бір парасы болар еді.
Реті келіп тұрғандықтан, Алматы түбіндегі Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына тұрғызылған мемориалды кешенге байланысты мәселені де ортаға салуды орынды көріп отырмын. Мемориал тұрған, «Әділеттің» қарамағындағы 15 га жер әлі күнге жайғастырылуын тосуда. Мемориал жанына сонда жатқан 4,5 мың құрбанның есімдері жазылған естелік тақталар қою, аза тұтып келетіндер үшін тұрақжай, ғибадат ету орындарын (шағын мешіт пен часовня) салу, ағаш егу, құрбандар бейнеленген шағын архитектуралық формалар тұрғызуға мүмкіндіктер жасау, ағаш отырғызу секілді жұмыстар қоғамдық ұйымдардың кәсіпкерлермен, билікпен бірлесе қимылдағандарында ғана сәтті атқарылуы мүмкін. Қызметіне кіріскен Қоғамдық сананы жаңарту жөніндегі ұлттық комиссия мұны қаперіне алса дұрыс болар еді. Біздің ойымызша, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық жаңаруды болашаққа сенімді бағдар ретінде көрсетіп, негізгі түйіндерін тарата баян еткен бағдарламалық маңызды мақаласында айтылған жайттардың табысты орындалуы үшін жоғарыда айтылғандарды да ескеру әбден қажет.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты