Бүгін көрмедегі Қытай павильонында Бейжің қаласының апталығы салтанатты түрде ашылды. Оған Бейжің қаласы үкіметінің өкілдері, арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты. Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Бейжің апталығы бұдан бұрынғы Бүкіләлемдік көрмелер, яғни Жапониядағы Айти-2005, Шанхай ЭКСПО-2010 және Милан ЭКСПО-2015 көрмелеріндегі өткізілген Бейжің апталығының дәстүрлі жалғасы іспеттес. Сөйтіп, Бейжің қаласы ЭКСПО көрмесінің алаңын өздерінің озық бастамаларын таныстыратын тиімді орталық ретінде пайдаланады. Бұл жолы қала апталығының тақырып арқауы «Бір белдеу – бір жол» ғасырлық жобасының ауқымында өткізілмек.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Аспан асты елі астанасының апталығы Бейжің қаласының өнер шеберлерінің айтулы концерттерімен өрнектеліп, көрмеге келуші көрермендерді Қытай елінің бай мәдениетімен қауыштырады. Қытай павильонындағы Бейжің апталығы кезінде бұл елдегі туризмнің даму деңгейін айқындайтын фото көрме, халық музыкасының байқауы, азық-түлік өнімдері мен Бейжің асханасының тіл үйірер тамақтары көрсетілетін болады. ЭКСПО көрмесі аясында Бейжің асханасының мәзірімен таныстыру әлемнің түкпір-түкпірінен осында келетін туристерге Қытай асханасын кеңінен насихаттау болып табылады. Үш күн бойы Қытай павильонында Бейжің қаласының тарихи және сәулет өнерімен таныстыратын фильмдер көрсетілетін болады. Сонымен бірге, қала апталығы барысында 2019 жылы Бейжің қаласында өтетін Бағбандардың бүкіләлемдік жәрмеңкесінің бағдарламасы кеңінен таныстырылады. Бағбандардың бүкіләлемдік жәрмеңкесінің тақырыбын айшықтайтын фото суреттер Қытай павильонының екінші қабатының дәлізінде кеңінен көрініс тапқан. Аспан асты елі астанасының ЭКСПО-2017 көрмесіндегі апталығы кезінде Бейжің муниципалдық үкіметі Ресей, Италия және басқа елдердің павильондарымен бизнес өкілдері көптеп қатысатын кездесулер өткізбек.
Жаһандық жаңалыққа ынтыққан әлем туристерінің ат басын тірейтін орталығына айналған ару Астананың ажары арайлана түсіпті. Әсем Астананың ортасындағы болашақ қаласы – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қалашығы Арқа төсіне асыққан төрткүл дүние туристерін кідіріссіз қабылдап, қайталанбас қызықтарға кенелтуде. Маусымның 16 жұлдызындағы Астананың арайлы таңы дауылпаз үнін дүбірлеткен асқақ әуенмен үндесе атты. ЭКСПО қалашығындағы Қытай павильонының алдында шымқай қызыл ұлттық киімдерін киген қытайлық бишілер мен барабаншылар келген қонақтарды риясыз көңілмен қарсы алып жатты.
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше