Нидерланд Корольдігі павильонын таныстыруға арналған пресс-турда ЭКСПО-2017 көрмесіндегі осы елдің Бас комиссары Ханс Дриссер БАҚ өкілдеріне павильон жәдігерлерін жан-жақты таныстырды. «Біздің еліміз мыңдаған жылдар бойы сумен алысып келеді. Өйткені, Нидерланд теңіз деңгейінен көп төмен орналасқан. Соған байланысты біз көрмедегі жәдігерлерімізде су энергиясының, жел энергиясының, әсіресе теңіз желі энергиясының қуатын ашуға тырыстық», деді ол.
Голландия павильонының жетекшісі Эвелин Бэллдің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға дайындық барысында Нидерланд Корольдігінің сыртқы істер министрлігі елдегі барлық креативті компаниялар арасында байқау өткізген екен. Осы байқау барысында Conspiracysinc агенттігі жеңімпаз болып танылады. Корольдік павильонының жарақтандыруы өте қарапайым және голландықтардың ойлау қабілеті мен өмір сүру дәстүрінен көп мағлұмат береді. Елдің географиялық қоныстануы адамдар тұрмысы үшін қолайлы емес. Алайда, голландықтар өздерінің өмір сүруге деген құлшынысы мен ізденімпаздығының нәтижесінде асау табиғатты игілігіне жаратып, әлемдегі ең инновациялық елдердің қатарынан көріне білді. Голландия павильоны үш залдан тұрады. Осы залдарға қойылған жәдігерлер голландықтардың экономикалық жетістіктерін барынша паш етуге арналған. Бірінші залда елдің экономикалық жетістіктері, инновациялық технологиялар бойынша ақпараттар көрініс тапса, екінші зал 3D бейне қондырғылар арқылы голландтық өнертапқыштардың ойлау қабілетінің деңгейін көрсетуге ұмтылған. Үшінші интерактивті павильон балама қуат көздерін ашудағы елдің бүгінгі жетістіктерінен хабар береді. Мәселен, бүгінде Голландияда өндірілетін энергияның 4,5 пайызы жаңғырмалы энергия көздерінен алынады. Бұл елде, әсіресе, теңіз желін игілікке айналдыру үшін үлкен жұмыстар атқарылған. Мәселен, Westermeerwind жел стансасының 48 турбинасы бар. Ол сағатына 500 Кв электр қуатын өндіріп, 160 000 үйді жылу және жарықпен қамтамасыз етеді. Елдегі әрбір үшінші пойыз жел күшімен өндірілген электр қуатымен жүреді.
Нидерланд Корольдігі Қазақстан экономикасына мол инвестиция салған жетекші мемлекеттердің бірінен саналады. Ұлттық банк дерегінше, 2005-2006 жылдары Нидерланд елімізге 71,7 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құйған. Сонымен бірге, бұл ел Қазақстанның жетекші сауда әріптесі болып табылады. Бүгінде Қазақстанда Нидерланд Корольдігі капиталының қатысуымен 40-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында голландиялық бизнес өкілдері Қазақстандағы баламалы қуат көздерін жаңғырту саласындағы жаңа технологиялар бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ.
Топтаманы әзірлеген
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»