Салтанатты шара Астана қаласының іргесінде орналасқан «Қазанат» Ипподромы аумағындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде ұйымдастырылды.
Байқау ережесі бойынша оған мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту және оның қазіргі ахуалы жөнінде өзекті материалдар жариялаған тілшілер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің әр өңірінен 200-ден аса материал келіп түскен. Жеңімпаздар «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша төрт бағытта марапатталды.
Конкурс қорытындысы бойынша, бас жүлдеге «Жетісу» телеарнасының редакторы Меруерт Мұратбекқызы Әбітаева ие болды. «Үздік мақала» аталымында «Астана ақшамы» газетінің журналисі Гүлжан Рахманова 1-орынды иеленсе, 2-орынға «Егемен Қазақстан» басылымының шолушысы Ғалым Омархан лайық деп танылды. Ал үздік үштікті Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Нұржайна Шодыр түйіндеді.
«Үздік сайт мақаласы» аталымында 1-орынды «Айқын» газеті ақпарат және спорт бөлімінің редакторы Қаншайым Байдәулет алса, 2-орынды «Қоғамдық келісім» РММ баспасөз қызметінің жетекші сарапшысы Камал Әлпейісова ал 3-орынды «Үркер.кз» сайтының журналисі Нұрлан Құмар иеленді.
Сонымен қатар, «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша 1-орынды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының журналисі Төребек Байтасов, 2-орынды «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшісі Шолпан Сисеналиева, 3-орынды «Хабар» агенттігі кешкі жаңалықтар қызметінің тілшісі Индира Жылқайдарова жеңіп алды.
Ал «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша 1-орынды «Халық» радиосының тілшісі Раушан Сыбанжанова, 2-орынды «Қазақ» радиосының тілшісі Жанат Жанұзақов, 3-орынды «Халық» радиосы тілшісі Гүлсім Қобжанова еншіледі.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»