Футбол • 19 Маусым, 2017

Криштиану Роналду жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испания прокуратурасы оған 2011-2014 жылдары 150 млн еуро көлеміндегі табысынан 14,7 млн еуро салық төлемеді деп айып тағып отыр.

Криштиану Роналду жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Marca басылымының ақпараты бойынша, Флорентина Перес бастаған клуб басшылығы оны лайықты деңгейде қорғамай отырғаны Роналдудың көңіліне келген секілді.

Британиялық Independent басылымының мәліметіне сәйкес, Роналду ұлттық құрамадағы әріптестеріне де, «Реал» басшылығына да «Сантьяго Бернабеуге» қайтып оралмайтынын айтыпты. Мадридтік ұжым оның трансферлік құнын 400 млн еуроға бағалап отыр. Португалиялық ойыншы шын мәнінде Мадридтен кетер болса, «Пари Сен Жермен» мен «Манчестер Юнайтед» клубтары ғана бұл соманы төлеуге қауқарлы.

Дегенмен, клуб басшылығы Конфедерация кубогы кезінде футболшы бұл райынан қайтады деп үміттеніп отыр. Агенті Жорже Мендеш «Реал» басшылығына Англия, Франция, Қытай елдерінің командалары қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Ал Tuttosport мәліметі бойынша «Манчестер Юнайтед» Криштиану Роналду мен Альваро Мората үшін негізгі қақпашысы Давид Де Хеаны және 210 млн еуро ұсынуға дайын. Ал лондондық «Челси» рекордты деңгейде қаржы жұмсамай, оны басты жұлдызы Эден Азармен алмастырғысы келеді.

Айта кетейік, салық төлемегені жайлы айыптау расталған жағдайда, ойыншыға 28 млн еуро айыппұл салынып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Криштиану Роналду «Реалға» 2009 жылы «Манчестер Юнайтед» ұжымынан ауысып келген. Осы уақыт аралығында ол ресми 394 ойынға қатысып,406 голдың авторы атанды. Мадридтіктермен бірге үш реттен Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкуобын ұтып алды. Сонымен қатар, екі реттен Клубтар арасындағы әлем чемпионатында, Испания чемпионатында, Испания Кубогында топ жарды және бір рет Испания Суперкубогына қол жеткізді.