Айтқандай-ақ, Екібастұздың туған күні мерекесінде Мәшһүр Жүсіп ескерткіші ашылды. Биіктігі 6 метр болатын қоладан құйылған ескерткіштің көрінісі ерекше. Ғұламаның бейнесі қалаға келген әрбір қонақты ойлы жүзімен қарсы алып, айналаға көз сала қарап тұрғандай. Ғұлама Мәшһүр бабамыздың ескерткіші өзінің есімімен аталатын Екібастұздың орталық көшесіндегі бақ ішіне қойылды. Алып кешен авторлары ескерткішті мүсіндеген ағайынды Жаубасар мен Жарылғасын Иғланбекұлы. Мүсіншілердің айтуларынша Мәшһүр Жүсіптің өмірі жайлы оқып, біліп, зерделеп, зерттеп барып, мүсінді жасауды қолға алыпты. Бұл күні Екібастұздың 60 жылдығымен қала тұрғындарын құттықтауға келген облыс әкімі Болат Бақауов та ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Екібастұздың Қарасу ауылы арқылы қара жолмен шаңдатып төтесінен түсіп Жаңажолдағы Мәшһүр бабамыздың кесенесіне де жетуге болады. Өткенсіз-бүгін жоқ. Қазақтың ұлы шежірелі өмірі-ұрпағына аманат деген осы. Осы күні ескерткіштің ашылуына орай ғұламаның туған туыстары, Мәшһүр танушы ғалымдар, қала жұртшылығы көптеп жиналды.
Фарида Бықай
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы