Әлем • 19 Маусым, 2017

Португалияда өрттен 62 адам қаза тапты

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Португалияның орталығындағы орманда болған өрттен 62 адам қаза тапты. ВВС-дің хабарлауынша, олардың көпшілігі өртке оранған жолдан шыға алмай қалған.

Португалияда өрттен 62 адам қаза тапты

Португалия билігінің хабарлауынша, өртенген көліктерден 30, жол маңынан 17, Коимбра қаласының маңындағы Педроган-Гранди кентінен 11, басқа жерлерден тағы бірнеше адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың ішінде төрт бала бар. Үкімет басшысы Антониу Коштаның айтуынша, қаза тапқандардың саны артуы мүмкін.  

Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, 60 адамды әртүрлі деңгейдегі күйік шалған. Оқиға орнына жүзден астам өрт көлігі, авиация, мыңдаған құтқарушы мен өрт сөндіруші жұмылдырылған. Бірақ өрт бір уақытта 4 бағыт бойынша жылдам тарауда. Сол себепті қалған елді мекендерді өрттен сақтау үшін адам жетіспеуі мүмкін, дейді ВВС.

Премьер Министр бұл оқиғаны үлкен трагедия деп атады.  Ал Португалия президенті Марселу Ребелу ди Соза апат орнына барып, қаза тапқандардың отбасымен кездесуде.

Португалия өрт жиі болатын өңірге жатады. Қазірдің өзінде бұл елде ауа температурасы 40 градустан жоғары болып тұр. Бір айта кетерлігі, былтыр тілсіз жауға 4 мың өрт сөндіруші мен 26 ұшақ жұмылдырылған.