Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсенді қатысқаны үшін Польшаға алғыс айтты. Қазіргі кезде көрмеде баламалы энергетика мен жасыл экономика саласындағы әлемдік технологияның үздік үлгілері көрініс тапты.
С. Громов Варшава біздің еліміздің Еуропалық Одақтағы және Орталық Еуропадағы маңызды әріптесі екенін атап өтті. Оның пікірінше, Польша Президенті Анджей Дуданың биылғы қыркүйектегі Астанаға сапары ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын ілгерілетуге ықпал ететін болады.
Қазақстан Сенаты Төрағасының орынбасары біздің еліміз Парламенті жоғарғы палатасының конституциялық өкілеттіктерімен және еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен меймандарды таныстырды.
Әңгіме барысында экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстардың келешегі талқыланды. Кездесуге қатысушылар парламентаралық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды.
Мария Коц біздің елдеріміз арасында қол жеткен өзара түсіністік деңгейін жоғары бағалады және Қазақстан мен Польша арасындағы парламентаралық үнқатысуды жалғастыру қажеттігі туралы айтты.