Биылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен батысқазақстандықтардың алды жаңа үйлерге қоныстана бастады. Бірақ, атам қазақ «Көрмес түйені де көрмес» демейтін бе еді. Облыстағы оң істерді көргісі келмейтін, оны жоққа шығарып, өздеріне арзан саяси бедел жинағысы келетіндер де табылып жатыр. Су тасқынынан тоғыз мың адам зардап шекті. Осыншама көп адамның ішінен арнайы комиссия шешімімен келіспей, «Маған жаңа үй керек немесе шығынымды дұрыс есептемеді» деп Орал қалалық сотына шағымданғандар жоқ емес. Олар – эвакуацияланған 9 мыңға жуық халықтың ішіндегі алты-ақ адам. 12 сәуірде су тасыса, одан бұрын, 6-сы күні облысымызда төтенше жағдай жарияланып, алдын ала жүргізілген жұмыстардың арқасында мыңдаған адам тілсіз жаудан аман қалды. Осыны кейбіреулер білмейді емес, біледі. Бірақ ...
Биылғы көктемгі су тасқынында көптеген тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық желілер зардап шекті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп, сол қаржы есебінен бүлінген жолдар қалпына келтіріліп немесе жөнделуде. Қарғыннан зардап шегіп, үй-күйсіз қалған тұрғындар үшін ең маңыздысы баспана мәселесі екені даусыз. Соған орай, ә дегеннен облыста 18 комиссия құрылды. Олар әлі күнге жұмыс істеуде.
– Бірінші кезекте су тасқыны салдарын, оның шығынын анықтауға арнайы осындай қызметпен айналысуға заңды құқығы бар мекемелер тартылды. Сол мекемелер кімнің үйі жарамды-жарамсызын анықтап, актілер жасады. Оған әкімдіктердің ешқандай қатысы болған жоқ. Облыс бойынша тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарына 800 миллион теңге бөлініп, оның 298 миллион теңгесі қала аумағындағы үйлерді күрделі жөндеуге бөлінді. Соның 240 миллион теңгесі тұрғындардың есеп-шоттарына аударылып, олар бұл қаржыға үй-жайына күрделі жөндеу жүргізуге кірісті. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралмаған және қаралмайды да, – деді Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразов журналистерге берген сұхбатында.
Қазір қаланың бесінші шағын ауданындағы тоғыз қабатты 240 пәтерлік тұрғын үй тұрғындарды қабылдауға әзір тұр. 90 пәтерлік үш үйдің құрылысы аяқталып қалған, енді қазан айының екінші жартысында өз иелерін таппақ. Тасқыннан зардап шеккендер қазан айының екінші жартысында қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Бүгінде жаңа үйдің төменгі қабаттары мүгедектерге, ауру-сырқаулы азаматтарға беріледі. Өзге пәтерлер жеребе тастау бойынша бөлінбек.
– Көңілі толмайтын кісі қашанда табылады. Үйі ағымдағы жөндеуге жатқызылған адам күрделі жөндеу жасатқысы келеді, ал үйіне күрделі жөндеу жасататын тұрғын пәтер алғысы келеді. Су тасқынынан зардап шеккендерге пәтерлер әдеттегідей отбасы санына, балалардың жынысына қарай бөлінбейді. Мұндағы басты өлшем су шайған үйдің шаршы метрі, көмек соған сәйкес беріледі. Мысалға, тұрғынның 30 шаршы метрлік үйі болған болса, соған сәйкес бір бөлмелі пәтер алады. Ол дегеніңіз 42 шаршы метрлік пәтер, одан шағыны жоқ. Сотқа шағымданушылардың бірі Мусин деген азамат біреудің саяжайын жалдап тұрған. Қалада 8,5 мың адам үй кезегінде тұр. Олар да қалада пәтер жалдап тұрады. Пәтер жалдаушыларға үй беруге ешқандай негіз жоқ, – деді Самиғолла Оразов. Оның айтуынша, үйге қатысты түйткілді мәселелерді шешуге қатысты арнайы құрылған 18 комиссияға тұрғындардан 92 арыз түсіп, комиссия мүшелері сол арыз иелерінің тұрғын-жайын қайта қарап, тиісті шешім қабылдаған. Бұл комиссия алдағы жылы да жұмысын жалғастырады.
Бұдан кейін қаладағы орталық эвакқосынды паналаған бір топ тұрғынға жолықтық. Өзін Мақсот Қажиақпаровпын деп таныстырған ақсақал Елбасыға, облыс, қала басшылығына деген алғысын жаудырып, кемсеңдеп жылап жіберді.
– 2006 жылы «Зенит» саяжайынан келіп, Жалпақтал ауылынан 67 шаршы метрлік тұрғын үй салып алғанмын. Соған сәйкес, жанға жәйлі пәтер алатын болдым. Қуаныштан жылап жатырмын, айналайын, қырық жыл жылқы бақтым, бүгінде аурулымын. Қазір қызымның қолында төрт жан тұрамыз. Далаға тастамай, үй салып берген еліме рахмет.
– 12 сәуірде телеорталық маңындағы саяжайлық аумақта бейнеттеніп салған көлемі 95 шаршы метрлік үйіміз суға кетті. Басында №8 мектептегі эвакқосынды паналадық, содан кейін осы орталыққа келдік. Ыстық тамақ, жылы орын, барлық жағдайымыз жасалған. Құжатымыз түгел, соған сәйкес жаңа пәтер алатын болдым. Атқамінер азаматтарға зор рахмет! – деді көп балалы ана Сәуле Алтаева.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»,
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, журналист.
Орал.