– Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап ішкі істер саласында көптеген өзгеріс жүзеге асырылып, бірнеше ірі реформа қабылданғаны белгілі. Осы жаңа бастамалар мен бағыттар жүйені өздеріңіз көздеген межеге көтере алды ма?
– Ішкі істер министрлігі саны жағынан да, атқаратын міндеттері тұрғысынан да еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы екені белгілі. Тәуелсіздікке жаңа қадам басқан елімізде ішкі тәртіпті нығайту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндеттерге айналды. Өйткені, сол уақытта жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, тірлігін тоздыруды көздеген топтар белсенді жұмыс жасаған еді. Олар халықтың берекесін алып, түрлі айла-шарғылар ұйымдастырып, елдің бірлігін әлсіретуге, іштегі тәртіпсіздікті өршітуге тырысты. Сондықтан ішкі істер саласы жаңа мемлекеттің ішкі тәртібін нығайту, халықтың тыныштығын сақтау, қылмысқа дер кезінде тосқауыл қою сияқты басты міндеттерді ешқандай кедергісіз орындау үшін біқатар артық қызметтерден арылуы тиіс болды. Соған байланысты 90-шы жылдардың басында құқықтық статистика мен арнайы есепті жүргізу міндеті Бас прокуратураға, сараптама жүргізу өкілеттігі Әділет министрлігіне, өрт қауіпсіздігін сақтау өз алдына бөлек құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ішкі істер саласы жаңа заманға лайық жетіле түсті. Елбасының көрсеткен бағыты, сара жолы нақты тәжірибеде барлық салада да өзінің өміршеңдігін, көрегенділікпен таңдалған саяси ұстаным екенін дәлелдеп шықты.
Бұдан соң Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған Құқықтық саясат конвенциясын жүзеге асыру аясында Ішкі істер министрлігі жүйесін артық қызметтерден арылту ісі қайта жалғасқан еді. Соның нәтижесінде медициналық айықтырғыштар денсаулық сақтау органдарының, ал жасөспірімдерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары білім беру жүйесінің құзырына өтті. Күзет саласы бойынша біздің министрлікте тек аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету міндеті қалды. Басқалары бәсекелестік ортаға берілген болатын. Мұның ішінде міндетті техникалық байқаудан өткізу де бар. Бірден айту керек, ішкі істер саласындағы осындай өзгерістер іс жүзінде өзін ақтады. Бұл өте дұрыс жасалған қадам болғанын уақыттың өзі көрсетті.
Негізгі міндеттер сәтімен орындалғаннан кейін қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдайлар және тағы басқа қызметтер ішкі істер органдарына қайтарылды. Осындай қадамдар саланың қызмет ауқымын кеңейтіп, елдегі ең үлкен құқықтық құрылым ретінде нығая түсуімізге септесті. Көп салалы органға айналдық.
– Өзіңіз айтып өткендей, ішкі істер саласы – бүгінде көп салалы құзырлы орган. Құқық қорғауға қатысты міндеттерден бөлек, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді де жүзеге асырасыздар. Бұл сіз басқаратын министрлікке артық жүктеме емес пе?
– Сұраққа жауап бермес үшін бірқатар қызметтің ішкі істер органдарына қайтарылу себебін түсіндіре кетсем деймін. Мәселен, Әділет министрлігінде он жылдан аса уақыт болған қылмыстық атқару жүйесін кері қайтару – жедел жағдайды сауықтыру бойынша тез шара қолдану қажеттілігіне және түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды ұстау жүйесі мен тәртібін ретке келтіруге байланысты жүргізілді. Біз осы міндеттерді абыроймен орындап, қысқа уақыт ішінде саладағы салғырттықты жөнге келтірдік. Яғни, мұндай міндеттерді атқаруға біздің әлеуетіміз толық жеткілікті екені іс жүзінде көрінді.
Сондай-ақ, әділет органдарынан тұрғындарды құжаттандыру және тіркеу міндеті де біздің министрлікке осындай себептермен қайтарылған болатын. Бүгінде біз 39 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеміз. Жаңа айтып өткендей, азаматтарға жеке куәлік, төлқұжат ресімдеу мен тіркеуден бөлек, мекенжай анықтамасын беру, азаматтық қаруларды тіркеу сияқты көптеген мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Ұсынылатын осындай қызметтерге қолжетілімдікті жақсарту үшін бірқатар қызметтер электронды форматқа көшірілді. Олардың бәрін тікелей «электронды үкімет» порталынан алуға болады.
Мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі ХҚО арқылы көрсетіледі. Ал 12 облыс орталығында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда автокөліктер тіркеліп, оларға техникалық төлқұжаттар беріледі. Көлік жүргізу курстарында оқып шыққандар емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алады. Болашақта осындай ХҚО-ны тағы төрт облыс орталығында ашу жоспарланып отыр.
– Қылмыстық атқару жүйесі Ішкі істер министрлігі құзырына берілгеннен кейін кең көлемді пенитенциарлық реформа жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Оның бүгінгі нәтижесі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл реформаның негізгі мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру. Сол арқылы түзеу мекемелеріндегі «түрме тұрғындарының» санын азайту көзделіп отыр. Осы мақсатты жүргізілген саясаттың нәтижесінде бүгінде түрмедегілер саны 1990-жылдармен салыстырғанда үш есе азайды. Жаңадан қабылданған қылмыстық заңнама бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды кеңінен қолдануға мүмкіндік берді. Бұл да түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың санын азайтуға ықпал еткені анық. Еліміз 2016 жылы «түрме тұрғындары» саны бойынша әлемдік рейтингте 62-ші орынға түсті. 1990-жылдары біз АҚШ пен Ресей Федерациясынан кейін үшінші орында едік.
Соңғы жылдары ҚАЖ кәсіпорындарының өндірістік-шаруашылық қызметін жетілдіру бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданып, сотталғандарға қосымша жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазіргі қолданыстағы заңнама сотталғандарға тіпті жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысуға да мүмкіндік береді. Мұның қаншалықты маңызды екені түсінікті. Жұмыс істеген немесе кәсіппен айналысқан сотталғандар өздерінің отбасына көмектесіп, бостандыққа шыққанша өзіне қажетті қаржы жинау мүмкіндігіне де ие болады.
Сотталғандар қоныс-колониялар ішінде 35 түрлі мамандық бойынша кәсіптік білім алады. Соның нәтижесінде олар бостандыққа шыққанда қоғамға тез бейімделеді, өзінің оқыған мамандығы бойынша жұмыс тауып, толыққанды азамат ретінде қалыптасуына мүмкіндігі мол. Шартты түрде сотталғандарды, сондай-ақ бостандығы шектелгендерді, мерзімінен шартты түрде босағандарды қадағалап, бақылау міндетін атқаратын пробация қызметі де даму үстінде. Жергілікті атқарушы органдармен бірге, олардың жұмысқа тұруына, емделіп, білім алуына, белгілі бір кәсіпті меңгеруіне және құқықтық жәрдем алуына септесеміз.
– Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің міндеттері мен өкілеттері ІІМ-ге берілгелі де үш жыл өткен екен. Жаңа комитеттің жұмысы қалай жүргізілуде?
– Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет құрамында қазір 16 әмбебап құтқарушылар бөлімшесі бар. Оған жедел құтқару және суда құтқару қызметтері біріктірілген. Қазіргі уақытта құтқарушылар мен өрт сөндіру бөлімшелерінің техникалық жабдықталу деңгейін көтеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің адамдарды қауіп-қатерлерден құтқару және қорғау бағытында жинақтаған жұмыс тәжірибесі мол. Өткен жылдар ішінде құтқарушылар 320 адамды қиын жағдайдан алып шықты. Отыз мыңнан астам зардап шегушіге медициналық көмек көрсетіп, жалпы құны 1 миллион теңге болатын апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Ал өрт сөндірушілер бөлімі жылына 1,5 мың адамның өміріне араша түсіп, 20 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерлерге көшіреді. Төтенше жағдай туындағанда жедел медициналық ден қою жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасуда. Медициналық апат орталығының медицина қызметкерлері мен психологтары Қазақстан мен шетелдердегі қырық шақты ірі төтенше оқиғаларға қатысып, медициналық-санитарлық жағдайды сауықтыруға өз үлестерін қосты, 20 мыңнан астам зардап шегушіге білікті медициналық және психологиялық жәрдемін тигізді.
Қауіпті жол учаскелерінде 40 шақты медициналық құтқару пункттері құрылған болатын. Осы пункттердің бригадалары жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетеді. Осындай пункттер құрылғаннан бері 17 мыңнан астам зардап шегушіге тиісті жәрдем жасалған.
– Еліміздегі қылмыс деңгейін төмендету және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында 2012 жылдан бастап ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» саясаты іске асырыла бастады. Сол кезде бірқатар қоғамдық ұйымдар «қазір уақытша ұстау орындарында көпшілік жерде шемішке шағып, көшеде қағаз лақтырғандары үшін отырғандар көп» деп байбалам салып еді. Бүгінде халық ұсақ бұзақылық та жазалануға жататын құқық бұзушылық екенін жақсы түсінген сыңайлы. Халықтың құқықтық санасын осындай деңгейге көтеру оңайға түспеген шығар?
– Ұсақ бұзақылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасы өз бастауын Елбасының «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан бастау алады. Осы Жолдауда Елбасы еліміздегі қылмыстың деңгейін төмендету және қоғамдағы қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Түсіне білген адамға тапсырманың мәнісі тереңде. Осы орайда қазақтың әйгілі батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі еске түседі.
«Нөлдік төзімділік» қағидасы қалыптаспас бұрын бізде қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, кез келген жерге қоқыстарды лақтыра салу, көшедегі ұсақ бұзақылықтар аса бір үлкен заң бұзушылық ретінде қаралған жоқ. Бірақ осындай ұсақ бұзақылықтардың кейін үлкен зардаптарға ұрындыратынына өзіміз талай куә болғанбыз. «Ұсақ-түйектерге» заң жүзінде тыйым болмаған соң жалпы қоғамдық ортаның да мәдениеті төмендеп бара жатқан еді. Болмашы бұзақылықтар қалыпты жағдай ретінде қабылданып, етіміз үйрене бастағандықтан, қоғамның жалпы тәртібі де төмендеді. Атамыз айтқан сөз рас, елді тәртіпсіздік жайлаған соң, берекеден, елдіктен айырылатын едік. Бізде «нөлдік төзімділік» қағидасы Елбасының көрегендігі арқасында дер кезінде қабылданды.
Әрине, басында өзіңіз айтқандай, елдің тыныштығы бұзылғанын қалайтын кейбір топтар «бүгінде болмашы нәрселерге бола жазаға тартылып жатқандар көп» деп байбалам салды. Алайда, алға жылжыған уақыт мұның бәрі өте дұрыс шешім болғанын дәлелдеді.
– Полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылықтарға, қоғамның тыныштығын бұзатын әрекеттерге дер кезінде шара қолдануы арқасында, елдегі жалпы қылмыстың деңгейі төмендегені байқалатын секілді көрінеді бізге.
– Сақшылар тек ұсақ бұзақылықтарды анықтап, шара қолданумен шектелген жоқ, оның алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізді. Халықпен жиі кездесулер өткізіп, ұсақ бұзақылықтардың өзіне заң жүзінде қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. Мұндай жұмыстарға қоғамның назарын аудару үшін түрлі іс-шаралар өткізілді. Жыл сайын республика аумағында «тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасына қатысты акциялар ұйымдастырылды. Қоғамдық орындарда орнатылған ақпараттық экрандарда, телеарналарда да осы қағидаға байланысты бейнежазбалар үнемі көрсетіледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Соның нәтижесінде халықтың құқықтық сауаты бүгінде бұрынғысынан әлдеқайда жоғарылады. Қоғамдағы ұсақ құқық бұзушылыққа тұрғындардың өзі төзбейтін дәрежеге жетті. Қазіргі уақытта шетелдерден келген қонақтар жалпы елде тәртіп барын, тұрғындардың құқықтық санасы жоғары екенін бірден байқайды. Біздегі халықтың қоғамдық орындарда жүріп-тұру мәдениеті жоғары қалыптасқанына еріксіз таңданып жатады. Осындай жоғары мәдениет, бірыңғай тәртіп еліміздің заңын сыйлау, соған сөзсіз мойынсұну нәтижесінде келді ғой. Сондықтан заң талаптарын түсіндіру, құқықтық сауатты одан әрі көтеру бағытындағы жұмыстарды тоқтаусыз жүргізе беруге тиіспіз. Сонда тәртіп бұрынғысынан да нығая түседі. Ал тәртіп – елдіктің ең басты қағидасы!
– Ішкі істер саласы өткен жылды да ірі өзгерістермен бастап, жергілікті полиция қызметін дамытуды қолға алған еді. Жаңа өзгеріс полицияның қоғаммен өзара ашық байланысқа түсу саясатын жетілдіруге септігін тигізді ме?
– Тигізгенде қандай! Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жергілікті жердегі жаңа үлгісі сол аумақтағы халықтың басты өкілдері мен полиция қызметкерлері арасындағы өзара іс-қимылды бұрынғыдан да жандандыра түсті. Жергілікті полиция қызметінің басшы құрамын әкімдер мен мәслихат депутаттары тағайындайды. Сол себептен Жергілікті полиция қызметінің басшылары жылына бір рет халықтың алдында, екі-екі реттен әкімнің және мәслихат депутаттарының алдында есеп береді. Олардың жұмыс сапасына да жергілікті мәслихат пен халықтың өкілдері өздері баға береді.
Жергілікті жердегі осындай үлкен қауымдастықтар полиция қызметін тікелей қадағалап отырғандықтан, тәртіп сақшысы жұмысының ашықтығы мен тиімділігі де артып келеді. Жергілікті полиция қызметіне қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ювеналдық, табиғатты қорғау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметімен қоса, қабылдап-тарату және арнайы қабылдау бөлімдерінің жұмысы да жүктелген.
Жергілікті полиция қызметінің іске кіріскеніне бір жарым жылдай уақыт өтсе де, бүгінде көңіл көншітерліктей нәтижелер бар. Бұл полиция қызметі жергілікті маңызды мәселелерге орай жоспарланып, сол бағытта жұмыс жасайтын болғандықтан, аймақтағы әкімдер де жақсы нәтижеге жетуге мүдделілік таныта бастады. Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуда белсенділігі артты.
Жалпы полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, ол бізде жақсы жолға қойылған. ІІМ-нің ресми сайты көп жылдан бері халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде таратып келеді. Бұл сайттан учаскелік полиция пункттерінің мекенжайын, қолды болған ұялы телефондар, айдап кеткен автокөліктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін берешек айыппұлдар жөнінде және басқа мәселелерге қатысты ақпаратты дер кезінде білуге болады. Ал «Ішкі істер министрінің блогына» тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын тікелей қойып, оған тиісті жауаптар мен түсініктемелер алып отырады.
Бұған қоса, ІІМ БАҚ-қа күнделікті мониторинг жүргізіп, ішкі істер органына қатысты бірде-бір сыни мақаланы назардан тыс қалдырған емес. Әрбір аймақтық ІІД-де сенім телефоны орнатылған. Келіп түскен хабарларға, сыни мақалаларға дер кезінде тиісті тексерулер жүргізіліп, қажетті шаралар қабылданады. Заңдылық пен тәртіпті бұзған қызметкерлер қатаң жазаға тартылады. Мұндай фактілерді біз қоғамнан жасырмаймыз. Айқындық пен ашықтық қана жақсы жұмыс нәтижесіне жеткізеді деп ойлаймын.
– Жалпы, Ішкі істер министрлігі полиция қызметінің ашықтығына қаншалықты көңіл бөліп отыр?
– Осы мақсатта министрлік деңгейінде ішкі істер органдары қызметі мәселелері бойынша Қоғамдық кеңес құрылған болатын. Бұл құрылым арнайы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң аясында жұмыс істейді. Оның 12 мүшесі азаматтық қоғам өкілі болса, 5-еуі ІІМ-нің өкілі. Бұған қоса, өңірлердегі ішкі істер департаменттерінде де консультативті-кеңесші органдар құрылған еді. Мұндай қоғамдық ұйымдардың өкілдігіне қоғам қайраткерлері, елге белгілі адамдар, халықаралық және республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғаушылар мен саланың ардагерлері тартылды. Осының бәрі өз кезегінде ішкі істер саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың өкілдерімен бірлесіп белсенді жұмыстар атқаруға мүмкіндік беріп отыр.
Халқымызда «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар, әртүрлі салада білім-білігі, ақыл биігімен танылған азаматтармен қоян-қолтық кеңес жүргізе отырып, құқықтық тәртіп пен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселені терең талқыға саламыз. Өйткені, біздің ең басты міндетіміз – әділеттің ақ жолын сақтап, Ар мен Намыстың туын биік ұстау, халыққа адал қызмет ету. Бұл дәстүрлерді бізден бұрынғы ардагер-ағаларымыз берік сақтаған, енді оны болашаққа лайықты жалғастыру – киелі парызымыз!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»