Медицина • 21 Маусым, 2017

Сөз сойыл №41

277 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сараңнан сағыз сұрама, Қазымырдан қарыз сұрама. Қаңқу сөз құтыңды қашырар.

Сөз сойыл №41

...Деген екен

Университетте ректор барлық деканды жинап,  келесі жылдың бюджетіне байланысты жиын өткізіп жатып: 
– Физика факультеті бізді титықтатып біттіңдер. Ылғи да қымбат құрал-жабдықтарға тапсырыс бересіңдер! Химия факультеті де солай, лаборатория жабдықтары қымбат, химреактивтер де өте қымбатқа түседі! Мына математиктерден үлгі алмайсыңдар ма. Оларға қағаз, қарындаш пен өшіргіш болса болғаны! Ал негізінде, ең үнемді факультет – саясаттанушылар, оларға тіпті өшіргіштің де қажеті жоқ, – деген екен.
***
– Кеше ет комбинатында болып, колбасаның қалай жасалатынын көрдім де, енді ет жемейтін болдым. Бүгін сүт фермасына барып, сыр, айран, сүттің қандай жағдайда жасалатынын көрдім. Бұдан былай сүт тағамдарына жоламаспын. Осы көргенім жетер! Енді арақ зауытына мені итпен сүйреп апара алмайсыңдар! – депті біреу.
***
Бір ауылдан тұрғындардың көбі орталыққа көшіп кету керек деп ұйғарады. Оларды ауыл әкімі жинап алып:
– Туған ауылдарыңды тастап қайда барасыңдар, астарыңнан су шықты ма? – дегенде, бір қушыкеш:
– Басеке, ауыз су бағдарламасы іске қосылмай тұрса қайдағы су? – деген екен.
***
– Біз әйеліміз екеуміз дискотекада кездестік...
– Қандай романтика!
– Несі романтика? Мен оны «үйде балалармен отыр» деп тастап кетсем, желпілдеп жетіп келіпті...

Әзіл-оспақ, сын-сықақ

Құлы болма құлқынның
Жемқорлық – індет,
Жою – міндет.
***
Наркотик – нағыз тажалың,
Болмасын содан ажалың!
***
«Қымбат!»  деп шылым 
шулама,
«Қоймаймын!»  деп 
тулама.
Өзің менен өзгені,
Түтініңмен улама!
***
Арзанға түспес арағың,
Алдын ал бұл шараның.
Құлы болмай құлқынның,
Қойғаның жөн қарағым.
***
Заман емес жазықты,
Жатпай ізде кәсіпті...
Қол қусырып отырмай,
Кәсіптен тап нәсіпті...
***
«Магнатпын»  деп баптанба,
Мансабыңа мақтанба.
Биік тұрсын ар-ұят,
Байлық пенен бақтан да!
Жалғандықтың жалпы тізімі

– Тіршілікке «мұра» 
боп қалған,
Тірлік несімен жалған?
 – Қазіргі түлкі заманда, 
Түлкілік күлкі заманда,
Сыйлап баптаған да,
Сыпайылық сақтаған да,
Даттаған да, жақтаған да,
Мадақтап мақтаған да,
Соттаған да, жоқтаған да,
«Қойдым!» деп оттаған да,
«Тойдым» деп тоқтаған да,
Күні үшін достасқан да,
«Қимай» қоштасқан да,
«Жарқылдап» жүрген де,
Қарқылдап күлген де,
Маңдайға маңдай түйіскен де, 
Құшақтасып сүйіскен де,
Істі боп торға түскенде,
«Қойдым!» деп 
ант су ішкен де,
Кемсеңдеп жылаған да,
Кешірім сұраған да,
Қалқам, бәрі жалған!
Ағаң бұны ойдан емес,
Осы бүгінгі өмірден алған.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

ҚЫЗЫЛОРДА

Мысығыңыз бар ма?

Мен қалада жер үйде тұрамын. 10 сотық жерді 10 жыл күтіп, кезегім жылжымаған соң несиелік қаржыға қала шетінен жер сатып алып, оны 10 жылда салып әрең бітірдім. Бітіргені құрысын, әйел, бала-шағаммен емін-еркін тұрайын десем, бұл үйде бізден «басқалар да» бар болып шықты. Адам емес, әрине. Тышқан. Иә, кәдімгі кеміргіш тышқандар. Алғашында түнде тықырлатып маза бермеуші еді, кейін күндіз де емін-еркін жортатын болып алды. Одан қалай құтылам? Жолын таптым. Ауылға барғанда тарғыл мысығымды алып келдім. Тарғыл мысығым тарлан болып шықты. Тышқандарды тырқыратып қуып жүріп бәрінің көзін құртты. Әй, қуанғаным-ай. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Мысығым енді өзіме масыл болды. Жейтін тышқан жоқ, бәрін бітір­ген. Енді онсыз да балаларыма жет­кізе алмай жүрген тағамнан жырып бе­ріп тамақтандыратын болдым. Тіпті, жы­ным келіп талай рет үйден тырқыратып қуып та шықтым. Қайдағы, кетпейді. Мияу­лап келіп тұрады. Балаларым бір үзім нанын бөліп береді.Үйде мен ғана жұмыс істей­мін. Айналдырған 60 мыңымды қалай жет­кі­зем. Бас қатты, жүрек сыздады, қарын ашты... Шыдау керек. Шыдап та келеміз. 
Айтпақшы, мысық демекші, жа­қын­да 10 жыл бірге оқыған сыныптас қыз­ды кездестірдім. Шырттай киінген. «Биз­нес­менмін, үш қабатты үйім бар, мысығыммен бірге тұрамын», дейді. Мен де қарап тұрмай «Бізде де мысық бар», дедім.
– О керемет, – деді ол салған жерден. – Қай ательеге апарасың?
– Баламды ма, – дедім мен түсінбей. – Ол жүгермектің шашын өзім алып беремін. Қызымның шашын шешесі қияды.
– Жо, жоқ, мен мысықты айтып тұрмын, – дейді ол.
О, заманда бұ заман, мысықты ателье­ге апарушы ма еді, кластастың қал­жы­ңы шығар деген оймен мен де қыртығып:
– «Айвенго» сән салонына, – дедім.
– «Айвенго»? Ондайды естімеппін. 
– Дәрігерге апарып тұрасың ба?
– Жоқ, мен оны үйге шақыртамын. 
– Дұрыс екен. Қандай тамақ беріп жүрсің, – деп ол тағы да тықақтады. 
– Қазақтар не жеуші еді, ет беремін күнде, – дедім. 
– Жо-жоқ, дұрыс емес, – деді ол жұлып алғандай. – Күнде ет берсең асқа­за­нына ауыр тиеді. Оны қорыта алмай ауы­рып қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне, «фи­гурасын» да құртады. Сен одан да дүкенде арнайы мысықтарға сатылатын «Кис-кисті» бер. Сүт пен қаймақты да ұмытпа. Айтпақшы, қай уақытта серуендетіп, қай уақытта ұйықтатып жүрсің?
– Әй, қойшы ей, – дедім шыдай ал­май. – Мысықты емес, мен тіпті балаларымның да қай уақытта ойнап, қай уақытта сабаққа барып, қай уақытта жататынын білмеймін. 
– Ужас?! Ол деген тірі жануар ғой. Баланы қойшы, бір мәнісі болар, мысыққа обал емес пе. Менің «кискамның» күту­шісі бар, дәрігерге апарып қаратып тұра­ды. Жуындырып, жүнін тарап, тамақ­тан­ды­рады. Бір мезгіл серуендетіп, ұйық­татады. 
– Жә, жарайды. Қалжыңның да қалжыңы бар, одан да байың мен бала-шағаларың жайлы айтсаңшы, – дедім мен шыдай алмай.
Ол шоршып түсті. «Қайдағы бай, қайдағы бала? И, зачем! Бай деп, бала деп... Оларды жетіл­ді­ремін деп жүргенше бүкіл өмірің өтеді де кетеді. Менің «Риккиім» бар, сол жетеді». 
– Рикки... Ол кім?
– Ол – менің сүйікті «породистый» мысығым. Ондай ақылды, сүйкімді мысық ешкімде жоқ. 
Мен енді ғана оның бағанадан бері айтып тұрғаны қалжың емес, имандай шыны екенін түсіндім. Сасқанымнан:
– Иә, дұрыс қой. Бірақ, мына заманда оны ұстау да оңай емес шығар, – деген сөз аузымнан қалай шыққанын өзім де сезбей қалдым. 
– Жоқ, түк те қиын емес. Оған арнайы көлік бөліп қойғанмын. Күтушісі бар екенін айттым, күніне 10 мың теңге беремін. Айына 1 мың доллар ғана кетеді. 
Менің басым айналып, көзім қарауыт­ты. Бір мың доллар – күтушіге! Аузым­нан сөз шықсашы. 
– Ме-ні.. мы-мы-сықтың күтушісі етіп ал-алсайшы, – деген сөзді үзіп-үзіп әрең айттым. 
Сыныптасым сықылықтап келіп күлді дерсің.
– Сенен күтуші шықпайды, – деді бір уақытта күлкісін әрең тыйып. 
– Ақшасы жақсы екен, – деп міңгірледім. 
– Зато, жұмысы қиын! Жарайды, мен кеттім, хабарласып тұр. 
Ол жөніне кетті. Басым азан-қазан, 1 мың доллар, мысық күтушіге... Менің айлығым 60 мың теңге. Отбасында 6 адам. Жарайды, бізді қойшы. Әйел, бала-шаға, сыныптасым айтпақшы, бір мәнісі болар. Бәрінен де мысығымды аяп кеттім... 
Айтпақшы, сіздің мысығыңыз бар ма? Күтушісі болсам деп едім...
 

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ 
ТАРАЗ 

Еркектер "еркелігі"

 – Сонымен, әлгі қызға үйленетін болдың ба?
 – Үйленіп құтылмасам, қашып құтыла алмайтын сияқтымын...

* * *
 Күздің қара суығында екі жігіт балық аулауға бармақ болады:
 – Сен жылы заттар алдың ба?
 – Әрине, төрт шөлмек арақ алып алдым...

* * *
 Бір бай жігіт 8 наурыз күні кештетіп үйіне оралады. Әбден тойлаған жігіттің бір құшағында – негр қызы, бір құшағында – орыс қызы. Есікті ашқан әйелі бұларға аңырып қарап қалады. Күйеуі:
 – Жаным, не болды сонша, бүгін «Халықаралық әйелдер күні» емес пе!

* * *
 – Кеше әйелім екеуміз киноға барып едік, дәл жаныма ғажайып бір сұлу бойжеткен келіп отырмасы бар ма!..
 – Е, онда сенің жолың болған екен. Мен киноға бір әдемі қызбен барып едім, қасыма әйелім келіп жалп етіп отыра қалды!..

Қағида
Жалған сөйлеп сырғи берсе ұлықтар,
Онда олардың құзырында 
былық бар.
Сол жандардың қағидасы біреу-ақ,
Тісің барда тістеп-тістеп, 
жұлып қал.
Дейтін, дейді
Бұрын:
– Жақсы редактор түзейді...
Жаман редактор күзейді...
Бүгін:
– Редактордың бәрі жақсы...
Амал қанша,
Қаржы жағы тапшы...
Бұрын:
– Сын түзелмей, мін түзелмейді...
Бүгін:
– Қанша сына, түк өзгермейді...
Бұрын:
Қонақ келсе – құт...
Бүгін:
Қонақ келсе – жұт...
Бұрын:
– Қарттарды сыйла, құрметте...
Бүгін:
– Қарттар үйі бар, 
тырп етпе...
Бұрын:
– Еңбек етіп, бұйырғанын жеңіз...
Бүгін:
– Ебін тауып екі асаған – семіз...

Қызыл ет
Барымташы Балташты ел біледі,
«Жоламаңдар пәлеге» 
деп жүреді.
Мал атаулы өзінде болмаса да,
Қысы-жазы қызыл ет жеп жүреді.

Советхан ҚАЛИҒОЖИН

Шығыс Қазақстан облысы

Мағынасыз майысқан мақалдар

Күндейді деп текке, 
Көпшілікті сөкпе.
***
Парықсыз да пайдасын  ойлар.
***
Опыра жеген орнын табар.
Жемқордың шекесі жалтырайды,
Қалтасы тесік қалтырайды.
***
Парақор пайдасына қарап ұмтылар.

Қазынадан қымқырып көрмеген
«Тоқшылықтың» рахатын білмейді.
***
Сараңнан сағыз сұрама,
Қазымырдан қарыз сұрама.
Қаңқу сөз құтыңды қашырар.
***
Өсекшіге өсекшінің 
өзі де өш.

Жұтуға да жүрек керек.
***
Лауазымыңнан не пайда,
Пайдасын білмесең.
Қулығыңнан не пайда,
Айласын білмесең.
Еңбек еткісі келмейді,
Бірақ астан кеткісі келмейді.
***
Дөкейдің сөзі дуалы.
***
Жемқорға жала жұқпас.

Теңге жетпес түкпір жоқ.
***
Үндемеген – жетеді,
Үн шығарған – «кетеді».
***
Алаған қолдың амалы көп.

Дәметкіш әркімнен дәметіп, діңкесі құрыр.

Шолақ мылтық

Егде тартқан бір кісі дүкенге келеді:
 – Маған екі кәстөм берші.
 – Екеуін не қыласыз? Жасы­ңыз болса 80-ге таяп қалған шығар. Сізге бір кәстөм өміріңіздің соңына дейін жетпей ме?
 – Біреуін өзіме, екіншісін әкеме алып жатырмын.
 – Сіз 80-де болсаңыз, әкеңіз 100-ден асып кеткен шығар?
 – Иә, әкем екеуміз атамның үйлену тойына дұрыстап киініп барсақ деп едік...
 – Әкеңіз 100-ден асып кеткен болса, атаңыз 130-да ма? Сонда атаңыз жас әйел алғалы жатыр ма? 
 – Оның алғысы жоқ, бірақ ең үлкен әжеміз бой бермей тұр емес пе?
Үміт ЗҰЛХАРОВА
АЛМАТЫ