Иә, биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 150 жыл толып отыр. Соған орай республика Үкіметінің арнайы қаулысымен осынау айтулы датаны кеңінен атап өту жөнінде кешенді іс-шаралар шоғыры белгіленгені мәлім. Бұл шаралар күйші-композитордың кіндік қаны тамған жері – Қамыс-Самардан бастау алуы да заңды құбылыс деуге болады.
Өйткені, мұнда бұған дейін Динаның 130, 135, 140 және 145 жылдығы тұрақты түрде аталып өтіп, ол күй өнеріндегі жаңа есімдерді анықтады. 1991 жылы 22 ақпанда Жаңақала ауданының орталығында Д.Нұрпейісованың туғанына 130 жыл толуына орай оның мұражайы ашылды. Бұл орын 2008 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы болып қайта құрылды.
Орал өңірі тұрғындары арасында «Жаңақалаға барып күйшімін деме» деген тіркес қалыптасқан. Әрине, бұл тектен-тек айтылмаған сөз. Өйткені, осы аумақтағы Нарын құмының етегінде Құрманғазы мен Дина, күй өнеріндегі қайталанбас тұлғалар Мәмен мен Оқап және Қазақстанның халық әртісі, майталман күйші, өзінен кейінгі дәулескер домбырашылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз Қали Жантілеуов дүниеге келген.
Республика көлемінде бастау алған Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы аясында Қамыс-Самар елінде осы күй алыптарының бәріне кеуде-мүсіндер орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткізілді. Оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдиновтың шығармашылық еркін ойға ерік бергені байқалады. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орайлас шешімін тапқан күй өнері саңлақтары бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып, өзара үйлесім тауып тұр. Кешеннің екі жақ қапталында Құрманғазы мен Қалидың, Мәмен мен Оқаптың мүсіндері орын тепсе, қақ ортасында жаулығын шымқай ораған Дина әжеміздің тұғыры өр де асқақ көрінеді. Осы бір көңіл толқытар сәтте өз тілегін күй қайраткерінің жиен қызы Ұлмекен шешеміз былайша жеткізді.
– Биыл сексеннің жетеуіне шығып отырмын. Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда туған жерінде әжеме орнатылған мүсінді көрдім. Шүкір, бұл күнге де аман-есен жеттім. Осы істің аяғына дейін жетуіне мұрындық болған, елге әкім болып келгеніне аз уақыт өтсе де, көп істі қолға ала білген Лавр балама айтар аналық алғысым шексіз.
Бір айта кететін жайт, жуырда Жаңақала ауданының орталығында Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған республикалық домбырашылар байқауы өткен. Оның қорытындысы бойынша қазылар алқасының төрағасы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші-өнертанушы Айтжан Тоқтаған төмендегідей түйін жасады.
– Біз ең алдымен байқауда Дина әжеміздің күй орындау мәнері мен үлгісін бұзбай тартатын жас орындаушылардың жүлдегерлер қатарынан орын алуына көңіл бөлдік. Ойлаған ойымыз бен мақсатымызға жеткен сияқтымыз. Динаның орындаушылық дәстүрі XXI ғасырға бұрынғы қалпын бұзбай жеткеніне шүкіршілік ете аламыз. Екіншіден айтайын дегенім, республикалық домбырашылар байқауында Динаның төл туындылары әрі оның күй тарту мен орындау ерекшелігі өз алдына дербес бір мектеп болып қалыптаса алатыны да анық байқалды. Бұған дейін біз, өнер зерттеушілері Дина Нұрпейісованы Құрманғазының шәкірті ретінде ғана танып келген болсақ, алдағы уақытта бұл өлшем оған тарлық ететіні де белгілі болып отыр. Яғни, ендігі жерде Дина қазақ күй өнерінің тарихында тек Құрманғазының шәкірті болып қала алмайды. Ол өз алдына мәртебелі мектеп, дербес, қайталанбас құбылыс ретінде қарастырылмақ. Біз бұған толық негіз бар деп есептейміз. Бүгінгі республикалық домбырашылар байқауы да осы ойымызды шегелей түседі. Тіпті мұндай мектеп қазірдің өзінде қалыптасып үлгергені анық.
Сонымен бірге өңірде 150 жылдық аясында «Күйші Дина: Тарту-сәлемдеме» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл еңбектің авторлары Айтжан және Айтолқын Тоқтаған. Олардың тарту-сәлемдеме деп отырғаны Динаның осы аттас күйі екен. Оның нотасы ұзақ жылдар бойы архивте шаң басып жатып қалыпты. Бұл беймәлім күйді бұған дейін ешкім білмеген де, тартпаған да. Әйтеуір сәті түсіп әжеміздің бұл туындысы өткен жылы шыққан «Қазақтың 1000 күйі» жобасына енгізілген екен. «Күйші Дина» кітабына Динаның отыз тоғыз күйінің нотасы дискалық нұсқасымен қоса кіргізілген. Еңбек авторлары кітаптың бірнеше данасын Жаңақаладағы Дина Нұрпейісова атындағы өнер музейіне тарту етті.
Бүгінгі күні күйші-композитор өмірінің кейбір көпшілікке беймәлім беттерін де қоса айта кеткенді жөн көреміз. Құдайға шүкір, күйші әжеміздің құрсағынан өрбіген ұрпақтар баршылық. Динаның бел немересі, яғни оның Жұрынбай деген баласының қызы Балжан апамыздың айтуына қарағанда, ол кісі сегіз ұлдың, бес қыздың анасы атаныпты. Осыдан артық нағыз алтын құрсақ, балбармақ ананы таба алар ма екенбіз?! Дина бойжеткеннен кейін Нұрпейіс есімді жігітке тұрмысқа шығады. Кейін ол дәм-тұзы таусылып, қайтыс болған соң әмеңгерлік жолмен оның інісі Нұралының жары болады. Сөйтіп, ағайынды-інілі азаматтардан он үш құрсақ көтереді.
– Нұрпейісова дегенде, бұл жердегі Нұрпейіс Динаның әкесінің аты емес, жоғарыда айтылғандай, алғашқы күйеуінің есімі екен. Қазақтың келіні салт-дәстүр бойынша қайын атасының есімін атай алмайды емес пе? Дина да бұл дәстүрді аттап өте алмаған. Аттап өте алмағаны өз алдына, бұған өте мұқият, сақ қараған. Осылайша күйеуінің аты оның фамилиясы болып кетіпті. Ал әжеміздің әкесінің аты Кенже еді, – деп аяқтады өз әңгімесін Дина Нұрпейісованың бел немересі Балжан апай.
Иә, сөйтіп, XXI ғасыр күй анасына тағзым етті. Дина Нұрпейісованың өршіл де сыршыл, асқақ та айбынды, сырлы да сазды күйлерінің ғұмыры халқымызбен бірге жасай беретініне еш күмән жоқ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы.
Суретте: Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын мерекелеу сәтінен көрініс.
Суретті түсірген Рафхат Халелов.