Әлқисса
«Күлтегін» және «Білге қаған» бітіктас жазуында түріктер өздерін «Көк түріктер» деп атады. Мұндағы «көк» түстік мағынаны емес, космостық – аспан мағынасын білдіреді. Сондықтан «көк түріктер» деп емес, «көк түріктері» деп жазып, «аспан түріктері» деп ұққанымыз жөн. Олар билеушілерін «қаған» деп атады. Қаған – «хандардың ханы», яки император дегендік. Сондықтан қағандықтың баламасы империя болмақ.
Алтайда, Дулығалы шоқының іргесінде, жатқа кіріптар болып, 100 жылдай кен қазып, темір өндірген Ашина түріктері 552 жылы төбелерінде әңгір-таяқ ойнатқан жужандарды талқандап, көшпелі дала билігіне таласты жаңа жұрт тарих есігін теуіп ашып, тайпалық көсемдері жабғу Бұмынды «Ел қаған» жариялады. Десе дегендей, намыс құрсағында булығып жетілген түріктердің шырқауы таңғаларлықтай болды. Бар-жоғы он-он бес жылдың аумағында шығысы Сарытеңіз, батысы Қаратеңіз, түстігі Хуанхэ, Әмудария, терістігі Мұзды мұхитқа тірелген, алыс-жақынды қамыстай қалтыратқан ұлы державаға айналды. Ашина түріктерінің билігі үздік-создығымен 150 жылға созылды. Ал аталмыш әулет салып берген сара жол, өз ұрпағының жаны мен қанына құйып берген өршіл рухани қуат 700 жылға сарқылмай жетіп, моңғол дәуіріне иек артты. Осы жеті жүз жылда әр тілде сөйлейтін түрік қауымдарының тілі ортақтанды. «Сахарада қыр халықтарына жататын жомылдардың тілі бөлек бір тіл болып, олар түрікше де бек жақсы біледі. Қай, иабақу, татар, басмыл тайпалары да солай. Олардың әрбірінің өзіне тән тілі бар, сонымен бірге түрікшені де жақсы біледі» деп Махмуд Қашқари тарихи шындықтың бір кезеңінен анық хабар береді (М.Қашқари. Түрік сөздігі. Алматы, 1997. Том I.). Осы кезеңде Хинған жотасынан батыстағы Бұлғар тауына дейінгі құс қанаты талар ұлан-ғайыр жалпақ өңір жұрты түріктену процесін бастан өткерді. Хотан-сақ тілді Шығыс Түркістанның қамал қалаларының тұрғындары, парсы тілді сармат, алан, албан, абар, суар, соғдақтар, қидан тілді қай, татар, татабылар, угор тілді мажар, зирян, сібір, шоран, шортан тайпалары түгел түркіленді. Түрік тілі әлемнің белді тілінің біріне айналды. Қыпшақ – латын, қыпшақ – араб, қыпшақ – армян сөздіктерінің дүниеге келуі астарында осындай сыр бар.
Бабаларымыз төл әліппе ойлап тауып, өздерінің бастан кешкен тарихы мен кейінгі ұрпаққа арналған өсиет сөздерін тас бетіне қашап жазды. «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік»... «Бек ұл ұрпағың құл болды, сүлік қыз ұрпағың күң болды»... «Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым»... «Өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды қылдым. Шығай халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым». Төл жұрты үшін шыбын жанын шүберекке түйген қағанның жан айғайы шырт ұйқыңнан шошытып оятқандай. Бабаларымыз жазып қалдырған «Тас кітап» бойтұмардай көз жазбас, бояуы оңып, қадірі кемімес құндыларымыздың құндысы. Бабаларымыздың жартасқа қашап салған суреттері де өзге жұрттарда кездеспейтін, баламасы жоқ, түрік әлеміне ғана тән төлтума өнер. Ол да суретпен шежіреленген түрік өмірінің бір ғажап айнасы.
Түрік қағандықтары кезінде тәңірлік діннің көсегесі көгеріп, шырқап дамығанына да заттық дәлелдер жетіп артылады. Қағандардың кешендерінде тәңірлік діннің жөн-жораларын атқаратын барық (храм) болған. Бітіктастар сол барықтың ішіне тігілген. Қытай жылнамаларының «шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп, үнемі көшіп-қонады» дегеніне қарап, оларды ұшарын жел, қонарын сай білер қаңбаққа балап сөйлеу уақыты өткен шалағай түсінік. Қазір Моңғолия топырағынан іргесін түріктер қалаған 17 қаланың, екі мұнаралы беріштің (бастионның) орны белгілі боп отыр (Л.Р.Кызыласов. Городская цивилизация средней и северной Азии» М, 2006). 682 жылмен таңбаланған қытай тарихи жазбаларында түріктердің Хэйшачэн (Қарақұм) қаласын тұрғызғаны туралы мәлімет бар. Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Тұрпан, Құшар қалалары да осы түріктердің ата қоныс, баспана мекендері. Ал Карл Байпақов болса, осы түрік дәуірінде Қазақстан топырағында жүзден астам қала, іргелі елді мекен болғанына заттық айғақтарды алдыңа тартады. Демек, түріктер қысы-жазы, жыл он екі ай мал соңынан маңыған жұрт деген түсінікке өзгеріс енгізетін кез келді. Өзге жұрттың құлағына оғаш қыстау-жайлау деген маусымдық тұрмыс салты осы тұста көрініс табады. Өз жұртының жылы оңтүстік өңірлерін қыстауға айналдырған түріктер қар кетіп, күн жылынысымен терістікке жылжиды, күзде кері қайтып, қалалардың төңірегіндегі қыстақтарға жайғасады. Өстіп – түріктер – «мәңгі көктем» аясында өмір сүруді мақсат тұтқан халық . Бұл ғылыми тұрғыдан «жартылай көшпелі» тұрмыс-салтына жатады.
Әлемдік ғылым өркениет шарттары деп: төл жазуы болуды, қала салу мен монументті мүсін өнерін айтады. Түріктерде мұның бәрі болды, оның сыртында тәңірлік дін, жартас графикасы қағидаларын қалыптап, ХI ғасырда төл грамматикасын негіздеп, «Түрік сөздігі», «Құдатқу білік» сынды этика-философиялық трактатын жазды. Міне, осы жоралар аясында «Түрік өркениеті» термині қалыптасып, әлемге мойындалды.
Түрік жазуы мен тарихын зерттеуге әлемнің ұлы түріктанушылары мен синологтарының ат салысқанын мақтанышпен атағанның артықтығы жоқ. Аты-заты белгісіз, жұмбақ жартас жазулары туралы мәлімет Н.Г.Спафарий жазбаларында кездеседі. Ол 1675 жылы Қытайға орыс елшілігін бастап барып, 1678 жылы Тобольскіден Қытай шекарасына дейінгі көрген-білгенін хатқа түсіреді. «Енесейдің үлкен құламасына жетер-жетпесте құз жартас бар. Осы жартасқа белгісіз жазу қашалған, жазу арасында крест белгілері, қолына асатаяқ ұстаған адам бейнелері де бар...Онда не жазылғанын, кім жазғанын ешкім білмейді» деп баяндайды Н.Г.Спафарий. Нидерлан елшілігі құрамында Ресейде болып қайтқан Н.К.Витсен (1641-1717) 1692 жылы жарық көрген еңбегінде: «Верхнетурье маңындағы жартаста бірнеше сурет және әріптері бейтаныс жазу бар. Жергілікті халықтың кәріқұлақтары олардың 100 жылдан астам уақыт тұрғанын айтады. Бірақ қашан, кім жазғаны туралы ешкім ешнәрсе білмейді» деп хабарлайды. Ресейге бағынышты Сібір өңіріндегі жұмбақ жазу туралы Еуропа құлақтанып қалған соң, оған мән бермеуге болмады. Петр I 1717 жылы Д.Г. Мессершмидтті шақырып, Сібірді түбегейлі зерттеу мақсатымен ғылыми экспедиция шығарды. 1721-1722 жылдары жартастағы, мүсінтастағы, қола айнадағы жазулардың бедері суретке сызылып, қағаз бетіне көшірілді. Жоғары Енесей жазуларының нобайы осы кезде жинақталды. Экспедиция құрамында швед әскерінің тұтқын капитаны Филипп Иоганн Табберт (Страленберг) те болған еді. Ол 1730 жылы Стокгольмнен бастырып шығарған «Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөлігі» атты еңбегінде аталмыш жазуды Скандинавиядағы жартас жазуларына ұқсастығына иек артып, «руникалық жазу» деп атады. Ғылымда осы атау орнығып қалды. 1818 жылы Г.И.Спас- ский өзінің «Древности Сибири» журналында жартас жазуларының, оған берілген зерттеушілер пікірінің латын тіліне аударылған нұсқасын жариялады. Абель-Ремюза, Г.Ю.Клапрот сынды шығыстанушы ғалымдар тақырыпқа назар аударып, көшпелі тайпалар туралы біраз зерттеулер жүргізіп, Дешті Қыпшақ тарихының біраз қатпарын қопарды. Абель-Ремюза бұл жазуларды үйсін жазуына, Г.Ю.Клапрот көне қырғыз жазуына таңды. Ал З.Г.Байер кельт мұрасына жатқызды. Әзірше жинақталып, назарға іліккені Енесей жазулары еді. Бұл өңір ежелгі угро-финдердің отаны деп есептелетін. Сондықтан Енесей мұраларына фин ғалымдары тарапынан айрықша ықылас білдіріліп, толық күйде жинақталып баспа бетін көргеніне таңғалуға болмайды. Құлпытас жазуына ұқсаған қысқа жазулар өзгелерді онша қызықтыра қойған жоқ. Жартас жазуына әуестік осылай қызу басталып, біртіндеп саябыр тапты.
1889 жылы Н.М.Ядринцевтің Орхонның Кошо-Цайдам шұратынан төрт қабырғасы түгел қашалған ұзақ мәтінді қос ұстынды табуы ашық-жарықта күн күркірегеннің әсерінен кем болмады. Атақ шығаратын ұлы жаңалықтың аужайын аңдаған ғалымдар Моңғолияға жөңкілді. Ресей Ғылым академиясы В.В.Радловтың басшылығымен шұғыл экспедиция жасақтады. Бірақ фин ғалымдары олардың алдын орап кетті. Аксель Олай Гейкель басшылық еткен экспедиция 1890 жылдың 15 мамырында Орхонда болып, Кошо-Цайдам ескерткіштерінің көшірмесін жасап, 1892 жылы жарыққа шығарып та үлгерді. Фин экспедициясының басты табысы «Күлтегін» ескерткішіндегі қытай мәтінін оқу еді. Екі ғасырдан бері там-тұмдап жиналғанмен, сырын ашпаған жазу – Түрік қағандығының жазуы екені, Кошо-Цайдам қос ұстыны Түрік мемлекетінің қағаны Можилян мен оның інісі Кюе-делеге (Күлтегінге) қойылғаны жарияланды.
Іле-шала 1893 жылдың 23 қарашасында дат филолог-ғалымы В.Томсон Орхон жазуының кілтін тауып, «Тәңір» және «Түрік» сөзін ажыратып оқығанын Дат академиясының 15 желтоқсанындағы ресми мәжілісінде жария етті. Бұл кезде В.В.Радлов та оннан астам әріпті ажыратып үлгерген-ді. Алайда, түрік жазуының сырын ашу бақыты оған бұйырмады.
Ғылым жолының басты қағидасы – өзіңнен бұрын айтылған пікірлерді аттап өтпей, сараптан өткізу, мойындайтынын мойындап құптау. Бәрін бір өзі ашып, жерден жеті қоян тапқандай болу – ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шалағайлардың ісі. Осы ретте В.В. Радловтың өнегесі сүйсінерліктей. Ол түрік руникасының сырын ашу бағытындағы ізденісін доғарып, В.Томсон ұсынған әдістемеге сүйеніп, Орхон жазуын аударуға кірісті. 1894 жылы ол «Білге қаған» мен «Күлтегін» ескерткішінің мәтінін неміс тілінде бастырып, көне түрік жазуының алғаш аударушылардың қатарына енді. Ал оның осы аудармаға берген түсініктері – Түрік қағандығы туралы алғашқы күрделі ғылыми зерттеу болды. Жалпы, В.В.Радловтың қазақ тарихы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ежелгі әдебиетіміздің маржандарының бірі «Құдатқу білікті» әлемге алғаш таныстырған да Радлов. Ал он томдық «Түркі тайпаларының халық әдебиет үлгілері» бағасыз құндылық.
Түрік жазуы төңірегіндегі сәл бәсеңдеген ізденіс екпіні өткен ғасырдың 40-шы жылдары қайтадан жанданды. Ол Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігінің» табылып, ғылыми айналымға енуімен тікелей байланысты еді. Төрт томдық сөздіктің тілдік қорына сүйеніп, Орхон-Енесей бітіктас жазуларын қайта аудару мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл істі С.Е.Малов жүзеге асырды. Қазіргі кезеңде көпшілік қолданысындағы осы нұсқа.
Жалпы, елімізде түріктану ісі енді-енді ғылыми негізге иек арта бастады десе болғандай. Түрік қағандықтарының тарихы ресми оқулықтардан орын алып, жоғарғы оқу орындарында оқытыла бастады. Дегенмен, бұл тақырыпта өзіміз емес, өзге жұрттар қайрат көрсетуде. 60 жылдан астам «сібір археологиясы» жыл сайын жер қойнынан көне жәдігерліктердің бірде бүтінін, бірде сынығын тауып, «Түрік өркениетінің» коллекцияларын толықтыра түсуде. «Еңбек кімдікі болса, өнбек те соныкі» дегендей, біреулердің маңдай термен тапқанына таласу орынды бола қоймас, төл өркениетімізге қатысты қазба айғақтарды қағаз жүзінде болса да түгендеп, тізімдеуге жетісе алмай отырғанымыз өкінішті. Іргеде отырып, түрік ағайындардың мұрындық болуымен Ұлы қағандарымыздың кешенін қазу ісіне араласа алмай қалғанымыз да бізге сын.
Көк түріктері шежіресі
Қытайдың әулеттік жылнамалары «Чжоушу» (Чжоу патшалығының тарихы, 557-581), «Сүйшуда» (Сүй патшалығының тарихы, 581-618) көк түріктерінің ата-баба шежірелері туралы төрт дерек келтіріледі. Патша сарайының жылнамашылары оларды үзбей қатынап тұрған түрік елшілерінің аузынан жазып алса керек. Әр ауыздан әр кезде жазылғаны да байқалады. Мұның сыртында түріктердің ежелгі шежірелік замандарына сілтейтін Терхин, Онгин бітіктас жазулары мен «Алтын мүйізді ақ бұғы» аңызы да бар. Міне, осылардың басын қосып, ой елегінен өткізгенде біршама нақтылы Бұмын, Істеми қағандар кезеңіне дейінгі көк түріктерінің бағзы замандарда бастан кешкен «қараңғы дәуірлеріне» жарық сәуле түскендей болады.
Қытайдың әулеттік жылнамаларындағы төрт шежіренің бір-біріне ұқсастығы да, ұқсамайтыны да бар. Олар көк түріктерінің тарих бел-белестерінде жүріп өткен бұралаң жолдары мен қилы-қилы тағдырының жаңғырығы екені даусыз. Осы шежірелердің ең ежелгісі «Ғаріп бала мен Бөрі-Ана» хикаясы.
а) «ҒАРІП БАЛА МЕН БӨРІ АНА» (Бірінші нұсқа).
«...Олардың арғы ата-бабалары Сихайдың жоғарғы жағында мемлекет құрған, кейін оны көрші мемлекет жойып, адамдарын кәрі-жас демей түгел қырып тастаған. Сөйтіп (көрші ел әскерлері) бір ұл балаға келгенде, оны өлтірмей, аяқ-қолын кесіп, үлкен бір сазға апарып тастайды. Сонда бір қаншық қасқыр әлгі балаға үнемі ет апарып беріп тұрған екен. Бала сол етті қорек етіп аман қалады. Кейін ол бала қасқырмен қосылып, қасқыр буаз болады. Көрші мемлекеттегілер тағы да адам жіберіп, әлгі баланы өлтіргенде қасқыр баланың қасында екен. Олар қасқырды өлтірмекші болады, бірақ қасқыр құдайдың құдіретімен қас-қағымда теңіздің шығыс жағына өтіп, бір таудың басына шығып кетеді. Ол тау Гаочанның солтүстік-батысында екен, таудың етегінде бір үңгір болыпты, қасқыр сол үңгірге кірсе, үңгір ішінен аумағы 200 лиден астам, шөбі шүйгін жазыққа тап болады. Кейін келе қасқыр 10 ұл тауыпты, соның біреуінің есімі кейін әулет атына айналған Ашина екен, ол ұлдардың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан, ел билеушісі болады. Ол Орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды – бұл оның өз тегін ұмытпайтынын білдіргені екен.
Кейін Асянь-шэ есімді адам ел-жұртын бастап әлгі үңгірден шығыпты. Және (содан бастап) ұрпақтар бойы жужуларға бағынышты» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері, Алматы, 2006. IV том. «Сүйшу» 84 изюань, «Туцзюе баяны»).
Бұл шежірелік аңыз «Сүйшу» (Сүй патшалығының тарихы) жылнамасынан. Еңбекті Тан империясы тұсында, аталмыш патшалықтың сарай қаламгері Вэй Чжэн (580-646 ж.ж.) 636 жылы тәмамдаған. Кітап 581-618 жылдар аралығында Солтүстік Қытай жерінде құрылған Сүй патшалығының тарихын баян етеді. Түрік қағандығы алғашында олармен жау болып, екі ара егесті майдан даласында кескілескен ұрыстарды шешті, кейін Тан әулеті бел алып, билікті қанжығаға байлай бастағанда, түріктер Сүй әулетіне болысты. Тандықтар біржола жеңіп шыққанда, Сүй әулетінің жақсы-жайсаңдары түріктерге қашып, қағандықтың сарай іс-қағаздарын жүргізушілер көз алдарында қалыптасқан қағандықтың бүгінінен де, өткен-кеткен аңызды тарихы – шежіресінен де әжептәуір құлағдар болғандығы күмәнсіз.
Енді сыбай көрші Қытаймен бірде тәтті, бірде ащы қарым-қатынастар аясында ірге көтеріп, қалыптасқан Түрік тарихын түсіну мүмкін болмайды. 386 жылы ірге көтерген табғаштардың (тоба) Вэй мемлекеті 531 жылы екіге бөлінді – бірі Шығыс Вэй, екіншісі Батыс Вэй болып. Шығыс Вэй Лоянды, Батыс Вэй Чананьды астана етті. 550 жылы Шығыс Вэй – мемлекет атын Бэй Циге өзгертті. 557 жылы Батыс Вэйдің тізгініне қытайланған сэнби ұрпағы келіп, «Бэй-Чжоу» әулетінің негізін қалады. (Л.Н.Гумилев Древние тюрки. М, 1993).Түрік қағандығын 571-581 жылдар аралығында билеген Таспар қағанның: «Оңтүстіктегі екі ұлым маған үнемі осылай адалдықпен бағыныштылық қылса, мен кедейленемін деп алаңдамаймын» дегенде (сонда), осы екі мемлекетті атаған. Олар кіріптарлық жағдайда болып, түріктерге үзбей салық төлеп тұрады. Бэй-Чжоу патшалығы немесе Чжоу әулетінің өмірі ұзақ болмады, 557-581 жылдар аралығында ғана билік жүргізді. Оларды Сүй әулеті кетірді. Сүй әулеті 581-618 жылдар аралығында биледі. 618 жылы оларды тақтан кетірген Тан әулеті өзіне дейін билеген Чжоу әулетінің де, Сүй әулетінің де 636 жылы жылнамасын жазып бітірді. «Чжоушу» жылнамасында түрік тарихына әжептәуір орын берген. Жоғарыдағы шежіреге ұқсас баян бұл жазбадан да көрініс табады.
ә) ҒАРІП БАЛА МЕН БӨРІ-АНА БАЯНЫ (Екінші нұсқа).
«Туцзюе (түрік Ә.С.) – сюннулардың өзге бір түрі болатын, (билеуші) әулеті Ашина деп аталады, олар өз алдына бір қауым тайпа болып қалыптасты. Кейін келе оларды көршілес мемлекет күйретіп, елі түгелдей қырылған. Сол соғыста жасы онға енді толған жас баланы жау әскері өлтірмей, екі аяғын кесіп, көк шөптің үстіне тастап кетеді. Сонда бір қаншық қасқыр ет әкеліп, әлгі баланы асырап-бағыпты. Бала ержеткен соң қасқырмен қосылып, қасқыр буаз болады. Баланың әлі тірі екенін естіген жау елінің елбасшысы тағы да адам жіберіп, баланы өлтірмек болады. Жіберген адамы баланың жанындағы қасқырды көріп, оны да өлтірмек болғанда, қасқыр қашып, Гаочан мемлекетінің солтүстігіндегі тауға шығып кетеді. Тауда үңгір болыпты, үңгір іші аумағы бірнеше жүз ли келетін, төрт жағы таумен қоршалған жазық екен. Қасқыр сол үңгірге жасырынып, он ұл тауыпты. Он бала ержете келе сырттан әйел алып, олардан ұрпақ тарапты. Кейін он баланың ұрпақтары бір-бір әулет болып қалыптасады, ашина – сол әулеттің біреуі. Олардың ұрпағы өсіп-өніп, жүздеген түтінге дейін жетеді. Осылайша бірнеше ұрпақтан кейін олар бірінен соң бірі әлгі үңгірден шығып, жужуларға бағынып, Цзиншань тауының күнгей жағын мекендеп, жужулардың теміршісі болады. Цзиншань тауы дулығаға ұқсайды, олар дулығаны «туцзюе» дейді, сондықтан олар өздерін де «туцзюе» деп атап кеткен».
«Чжоушу» баяны «Сүйшу» баянына өте ұқсас екені көпе-көрнеу. Аталмыш екі тарих та 636 жылы Тан патшалығының сарайында жазылып біткен. «Сүйшудың» авторы Вэй Чжэн (580-646), «Чжоушудың» авторы Линху Дэфэнь (583-666). Олардың бір-бірінен көшіру де, болмаса бір бұлақты пайдалануы да мүмкін.
Енді жоғарыдағы баяндарды тарихи деректер аясында сараптап көрелік. Бірінші нұсқада маңызды екі жағрапиялық атаудың аты аталған: бірі – көк түріктерінің алғашқы мемлекеті ірге көтерген Сихай теңізі, екіншісі – жау ойранынан қашып келіп, бас сауғалаған Гаочан мемлекетінің солтүстік батысындағы тау үңгірі. «Сихай теңізінің» аударма баламасы «Батыс теңізі». Түрік тарихын өндіре зерттеуші қаламгер Қ.Салғараұлы: «Ал Батыс теңізіміз» нақты ұғымында теңіз емес, кәдімгі құм дала, көне қытайлар Гобиді «Сихэй («си» – батыс, «хэй» – теңіз) деп атаған» сынды тұжырымға иек артады. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің» IV томын қытай тілінен қазақшаға аударып, ғылыми түсінік жазған Б.Еженханұлы мен Ж.Ошан бұл орайда төменгідей пайымдаулар жасайды: «Сихай – «Батыс теңіз» деген мағынаны білдіретін бұл атау ежелгі «Шань хай цзин» кітабында кездеседі. Кейін келе қытайлар бұл атаумен Қытайдан батысқа қарайлы жерлердегі әртүрлі көл, теңіздерді атаған...Дегенмен, кейбір ғалымдардың айтуынша, көне қытай деректеріндегі Сихай көбінесе Каспий теңізін меңзейді» (Сонда). Ал Н.Я.Бичурин (Иакинф) болса: «Каспий теңізі көбіне-көп Циньхай атымен белгілі» деп түйіндейді (Н.Я.Би чурин (Иакинф). Средняя Азия и Восточный Туркестан. Алматы, 1997).
Соңғы тұжырымдардың салмағы басым көрінеді. Ендеше, көк түріктерінің есінде сақталған байырғы отаны Каспий теңізінің терістік өңірі болған. Шынына келгенде, аталмыш баяндарда айрықша мән беріліп тұрған жағрапиялық атаулар емес, Бөрі-Ана бейнесі. Шежіреде Бөрі-Ананың көк түріктеріне төтем болу кезеңі сәулеленген. Баянның басты астары осында.
Өкінішке қарай, аудармашылар Бөрі-Ананы қасқыр, қаншық қасқыр деп қате аударған. Ескілікке құлағы түрік, алтынның сынығындай Махамбет бөрі мен қасқырдың ашық және тұспалды мағыналарын анық ажыратады. Ол өзін тек қана бөріге теңейді:
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол тартып,
Жауырынына мұз қатып,
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда? – десе,
Ал Жәңгірді лағнеттегенде:
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың – деп бетке ұрғандай болады. Махамбет «Екі тарлан бөрі едім» дегенде, тарлан сөзін бөрінің анықтауышы мағынасында қолданса, «Тай жеген тарлан мен едім» тіркесінде тарлан сөзін бөрінің синонимі ретінде қолданады. Ал ендеше:
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам, қолым жетер ме?
Арызым айтсам, өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау
Саған да менің арманым! – сынды Махамбет толғауындағы «Таудан мұнартып ұшқан тарланды» таудың тағы құсы деп түсінік беріп, орысшаға «орел» деп аударуымыз қалай? Асылы, бір нәрсені дұрыс ұқпай, шатыстырып алған сияқтымыз. Осы орайда ежелгі «Оғызнаме» дастаны көмекке қол ұшын созатындай. Онда жол таппай тығырыққа тірелген Оғыз қаған қауымына жөн сілтейтін көк бөрі бар. Ол бірде мұзарт таудың мұнарлы биігінен, екіншіден аспандағы ала-шола бұлттың арасынан елес береді. Оның бұлт арасынан көрінуі – ұшатын қанатты бөрі, яки Тәңір бөрісі болғанының айғағы. Ендеше, Махамбет толғауындағы таудан мұнартып ұққан тарлан тағы тарғыл құс емес, Тәңір бөрісі болғаны. Махамбет Ақбұлақ соғысында шейіт кеткен ағасын «Аспан бөрісіне» теңеп, тілдесіп, іш құсасын тарқатпақ болған. Таудың тарғыл құсына мұңын шағып жылағандай Махамбетке не көрінді.
Әнес САРАЙ.
(жалғасы бар)