Жақында Өскемен қаласында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының белсенділері шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаның тұсаукесерін жасады. Партияның инновациялық комитеті төрағасының орынбасары Рүстем Ақбердин жиынды ашып тұрып, былай деді:
– Кенді Алтайдағы ірі өндіріс орындарының ел экономикасын арттырудағы үлесі ерекше зор. Ендеше өнеркәсіп орындары шоғырланған аймақта партия белсенділері шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөнінде бастама көтеріп отыр. Алайда, өнеркәсібі дамыған өңірлерде аталмыш бағдарлама саябырсып қалған. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі қарқынды жүргізу үшін осында келіп отыр.
– Өңірдегі «Қазцинк», «Қазақмыс» алыптарының шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырғаны белгілі. Мәселен, «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестік осыдан жеті жыл бұрын «Пицца блюз сервис» шағын кәсіпорнымен ынтымақтаса бірлесіп жұмыс істей бастапты. Кәсіпорындағы жұмысшыларға дәрігерлік білікті емдеу қызметі көрсетіле бастаған.
Қазір «Пицца блюз» ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен келісімге отырып, жергілікті кәсіпкерлерден тағамдардың 90 пайызын сатып алып жатыр. Сондай-ақ, «Қазцинк» кәсіпорны жергілікті мәшине жасаушылармен келісімге келіп шахталарда жұмыс істейтін жабдықтар мен қондырғыларды да сатып алуда. Екі жаққа да тиімді, жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін сатып, пайда тапса, «Қазцинк» алыс жақтан қажетті заттарды іздеп жатпай өз өнімдерін пайдалануда. Тамаша дәстүр!
Рүстем Ақбердиннің пайымдауынша, «Нұр Отан» партиясының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бастамасын ірі кәсіпорындар қолдап отырса, ел экономикасы алға қарыштап жасай бермек.
Бұл орайда, «Қазақмыс» компаниясы да жақсы істердің бастамашысы болып келеді. Олар кәсіпкерлерге үндеу тастап, олардың өнімдерін барынша көбірек сатып алуға ұсыныс жасады, тек олар сапалы болсын.
Форум барысында кемшіліктер жағына да тоқтала кетті. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі қаншама бағдарламалар аяқсыз қалып жатыр. Бір ғана мысал. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қолдауға ие болған жүзден астам кәсіпорындардың ішінде тек 12-сі ғана шағын кәсіпкерліктің үлесіне тиесілі. Оның басты себебі, кепілдікке салатын дүниелердің тапшылығы болса керек.
«Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Расул Оразғалиев өз сөзінде жаңа бағдарламаның жергілікті тауар өндірушілерге көп мүмкіндік беретініне тоқтала кетті.
– Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев жақсы дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жөнінде нақты тапсырма бергені белгілі. Ал ол үшін өндірісті дамытумен бірге, шағын және орта кәсіпкерлікті де алға батыл жылжыту керек. «Нұр Отан» партиясы шағын және орта кәсіпкерлікті еліміздегі ірі өндіріс ошақтарымен бірлесіп алға жылжытуды көздеп отыр, – деді Р. Оразғалиев.
– Егер аталмыш бағдарлама қабылданып, жұмыс істей бастаса шағын кәсіпкерлікті қолдап қана қоймай, оларға жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз, –деді «Қазцинк» ЖШС вице-президенті Андрей Лазарев.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.