04 Қазан, 2011

Таразы басында тиімділік тұрса игі

283 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 10 және 13 тамыздағы сан­­да­­рында жарияланған Б.Қара­қов­тың «Қате қадам» және С.Шай­ын­ғазы­ның «Мал бағуды кім үйретер бізге енді?» атты мақалаларына қа­тысты өз пікірімді айтуды жөн көрдім. Бақберген ағамыздың «Қате қа­дам» атты мақаласы сын-мін айтудан гөрі, шын пейілде еліме, жеріме деген жанайқай тұрғысында жазылғанға ұқсайды. Мақала ав­то­рының көп жылдық іс-тәжі­ри­бесі негізінде жасаған тұжырым­да­ма­­­ла­ры да ойландырмай қой­май­тын­дай. Ғалымдардың бол­жау­ынша, нарықтық экономика тетіктерінің толықтай қалыптасуына негізінен үш мәселе: шаруашылық құры­лым­дарының сәйкессіздігі, тұрақ­сыздық, банктер несие жүйесінің тиімсіздігі және сауатты мамандар жетімсіздігі кедергі болады екен. Меніңше, осының үшеуі де бүгінгі ауыл шаруашылығы саласында әр деңгейде орын алып отыр және мақалада осының үшіншісіне нақ­ты, толықтай анықтама берілген. Сонымен қатар автор, «жекешелендіруден» бос қалған байтақ жа­йылымдықтарды қой, жылқы мал­дарын өсіру арқылы пайдаланудың тиімділігін нақты дәлелдермен көр­сеткен. Дегенмен де аталған мақала төңірегінде төмендегідей жәйттерді де ескеру керек сияқты. Бүгінде ауылшаруашылық өн­ді­рісінде маңызды мәселенің бірегейі Елбасы тапсырмасына сай, таяу жылдарда елімізде мал еті экс­­портын 60 мың тоннаға жеткізу болып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізуде жылқы, қой шаруа­шы­лық­та­ры мүмкіндіктерін пайдалануда өз қиындықтары мен кедер­гі­лерінің бар екенін де ескеру керек сияқты. Біріншіден, қазақ атамыз ертеден-ақ, «қой еті қорғасын» деп жай айтпаған ғой, сондықтан шетелдерде ғана емес, елімізде де ірі қа­ра етіне сұраныстың айтар­лықтай басым екенін жасыруға болмайды. Екіншіден, мал азығы құнарлы­лы­ғының әрқилылығын айт­пағанда, шалғай жайы­лым­дық­тар­ды игеруге, басымдығымен ер­ек­шеленетін шағын шаруа­шы­лық­тар қауқарсыз. Сондай-ақ, шетелдік асыл тұ­қымды «герефорд» ірі қара малы мал шаруашылығы өнімділігін арт­тыруға жарамсыз деу негізсіз деп ойлаймын. Біріншіден, герефорд ірі қара малы көптеген еттік ірі қара тұқымдарын, оның ішінде біздің ел жағдайына толықтай қа­лыптасып, жоғары өнімділік көр­сет­кен қазақ­тың ақбас тұқымды ірі қара мал­дарын шығаруға да кеңінен пай­даланылған. Екіншіден, жекешелен­діру кезеңінде етті ірі қара малдың жоғалтқан өнім­ділік құндылықта­рын қайта қа­лып­тастыру мақса­тын­да гере­форд­­тың аталық, сон­дай-ақ, аналық мал­дарын, зоотехник тілімен айт­қан­да, алмастырып пайдаланудың тиімділігі тәжіри­бе­де бұрын да дәлелденген. Меніңше, мәселенің маңызы мен күрделілігі мұнда емес. Сырттан әкелінген малдар­ды, жоғарыда айтылғандай, елі­міз­дің етті ірі қара мал шаруа­шы­лығы өнімділігін жетілдіруге бү­гінде біз интеллектуалдық, мате­ри­­ал­дық (әсі­ресе жем-шөп қоры) тұр­ғысында қаншалықты дайын­быз. Мүмкін жұмысты осы жағдай­лар­ды тара­зылай, яғни іс-шараның тиімділігін бақылай отырып жүр­гізу ұт­ым­ды болатын шығар. Сонымен қатар, бүгінде бос қалған жайылымдықтарды тиімді пайдалану жолы, олардың негізінде мемлекеттік қой, жылқы ша­руа­шылықтарын ұйымдастыру іш­кі азық-түлік рыногында бәсе­ке­лес­тікті нығайтып, мал өнімдері ба­ға­ларын тұрақтандырумен қоса, оның төмендеуіне де ықпал етер еді. Менің ойымша, жалпы, мал ша­руа­шылығы өнімділігін артты­руда, жем-шөп қорын дайындауда мемлекеттік қолдаудың, құра­ма­ жем өн­дірісін мемлекеттік кәсіп­орын­дар негізінде атқарудың ма­ңызы зор. «Мал бағуды кім үйретер бізге енді?» атты мақала авторы бүгінгі отандық мал өнімдерін өндіру жағ­дайын мақала тақырыбымен қи­ыс­тырып, өзекті мәселені қын­жы­лыс­пен баяндайды. Елімізде мал өні­м­дерін өндіру көлемінің бұрын­ғымен салыстырғанда күрт азаюы­нан тұ­ты­нушыларға отан­дық қана емес, сапасы төмен шетелдік өнімдердің де ұсынылып жатқандығы ақиқат. Осыған орай еліміздің бас газетінің қызметкері ауыл шаруашылығы саласы бас­шы­лығына, мал маман­­дары мен ғалымдарға бұл неден болып отыр деген сауал қойғанға ұқсайды. Шындығында, мал шаруа­шы­лы­ғын­да бүгінде кейбір озық тәжі­рибелерді үйренбей немесе ерекше бір өзіндік мәні бар іс-қи­мылдар жасамай, сала түбегейлі оңалмайтын сияқты. Себебі, ғылы­ми және тәжірибе тұрғысынан біз қанша жерден мал өсірудің тиімді жолдарын баяндағанмен, әзірге іс-жүзінде айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Сонымен қатар, мал бағу ата кәсібіміз дегенімізбен, бұрын­ғы мен бүгінгіні салыстыруға бол­майтын сияқты. Атап айтқанда, ертеректе қандастарымыздың ба­сым бөлігі ауылдық жерлерде, көш­пенді жағдайда өмір сүріп, тіршіліктің негізгі көзі болған мал­ға тәуелді еді, ол кезде еңбекке деген көзқарастың ерекшелігі сол, мал бағуда, азық­тан­дыруда кемшіліктер жіберуді қиянат, обал жасау деп түсінген. Бүгінгі бұл саладағы жағдай керісінше деуге келеді. Біз аграрлы да елміз дегенімізбен, ел экономи­ка­сында өндіріс саласы үлесінің ерекше басымды ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал өнімдерін өндіруді өз дәрежесінде өркендетуге, онсыз да табыс­ты­лы­ғы шектеулі кәсіпке деген ынта­лы­лықты төмендетіп, енжар­лық­ты қалыптастырып отыр деп айтуға болады. Сондықтан да бүгінгі мал ша­руашылығы саласы алдындағы бас­ты міндет, мал бағу ғана емес, оларды табыс көзі ретінде мейлінше тиімді пайдалану болып отыр. Демек бұл үшін бұрынғыдай ата-бабаларымыз мал өсіруде қолдан­ған қарапайым әдістерді пайдалану жетімсіз. Ол үшін өзіндік ізденіс жұмыстарын атқарған абзал, ол – бүгінгі азық-түлік рыногын­да­ғы бәсекелестік талабы. Негізінен дамыған елдерде орта есеппен ауыл шаруашылығы өн­ім­дерінің 70%-ға жуығын, саны жа­ғынан 20% ғана болатын іріленген шаруашылық құрылымдары өнді­реді екен. Сондықтан да ша­ғын құ­ры­лым­дар мемлекет тара­пы­нан да, бас­қаша да қомақты инвестиция­лық қаржыларды пай­далануға тиімсіз болу арқылы, жалпы ауылша­руа­шылық өндірі­сі­не қосымша тетік ретінде қыз­мет­тер атқарады екен. Мысалы, бұ­рынғы мемлекеттік кәсіпорын­дар­да, атап айтқанда, сүт өндіретін ша­руашылықтарда же­ке меншік сүт өнімдері де қа­былданып, ша­руа­шылық жоспа­ры­на енгізіліп, тө­лемақы төлені­п, сүт өткізген отбасы шаруашылықта­ры­на, көле­мі­не сай арзандатылған мал азығы беріліп отырды. Менің ой­ымша, бүгінде де, Елбасы атап айт­қандай, іріленген шаруашы­лық­тар маңай­ы­на шағын шаруа­шы­лық­тар­ды топ­тастыру арқылы, оларға мемлекеттік қолдау көр­сет­се тиімді болатын сияқты. Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.