Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарық көргеніне бүгін, яғни 4 қазанда 80 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған басылымның мерейтойы қарсаңында газеттің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Г.Толмачев атындағы сыйлықтың лауреаты, облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия Сланбекұлы СЕМБАЙ мырзамен жолыққан едік. Әріптесіміздің әсерлі әңгімесі дәулетті өңірдің дәуірнамасын хатқа түсірген сексеннің сеңгіріндегі серке басылымның өткені мен бүгіні және ертеңі жайлы өрбіді.
– Мағауия Сланбекұлы, «Орталық Қазақстан» – отандық баспасөздің көш басында тұрған ордалы басылымдардың бірі. Әңгімені оқырман қауымға басылымның өткенін таныстырудан бастасақ...
– Өткен ғасырдың сонау 30-жылдарында Қарағанды өндірісін игеру күн тәртібіне көтерілген сәтте тұлпар тұяғы, сұңқар қияғы талатын селеулі, сайын далада «Қарағанды пролетариаты» аталатын руханият ошағын құрып, өркенді өндірістегі өрелі істі тарих беттеріне айналдыру мәселесі қоғамдық қажеттіліктен туындаған заманауи сұраныс еді. Сол рухани сұранысты қанағаттандыру мақсатында 1931 жылы 4 қазанда «Қарағанды пролетариаты» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бағыты – байсалды, ұстанымы – берік басылымның биылғы 80 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт жылдам, өткеннің бәрі тарихқа айналды. Осы тұрғыдан алғанда, сексеннің сеңгіріндегі серке басылым өлке шежіресін хатқа түсіруде биік өре, бай мазмұнға ие болды.
Онда алғашқы күннен бастап-ақ халқымыздың қабырғалы қаламгерлері еңбек етті. Отызыншы жылдары басылымның арна басында кейін қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері атанған Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Әлжаппар Әбішев сынды тұғырлы тұлғалар тұрды.
Газеттің қалыптасу кезеңі ғасырдың аса ауыр, нәубетті жылдарымен тұстас келді. 1932 жылғы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін жас басылымның шығармашылық қуатын шыңдауына кері ықпалын тигізіп бақты. Сол бір ауыр жылдарда басылым тізгінін Хамит Садықов, Бәри Мәзитов, Жұмабай Орманбаев, Сейілбек Үсенов, Темірғали Нұртазин, Жұмағали Сәрсеков, Жұмағали Кетіков сынды қалам қажырымен бірге азаматтық парасат үлгісін танытқан қазақ журналистикасының қара нарлары ұстады. Осылардың ішінде Сейілбек Үсенов 1937 жылғы саяси дүрбелеңде жазықсыз жаланың құрбаны болып, «үштіктің» үкімімен атылып кеткен. Сондай-ақ, «Қарағанды пролетариаты» газеті редакторының сол жылдардағы орынбасары болған Мұхамеджан Құлмағанбетов те ұлтымыздың танымал тұлғалары Абдолла Асылбеков, Мансұр Ғатауллиндермен бірге атышулы «Қарағанды ісі» бойынша жалалы болып, ату жазасына кесілген. Газет редакторының тағы бір орынбасары Есіркеп Қалымбетовтің де тағдыры «ұлтшылдық пиғылы» үшін оққа байланды.
Газет тарихындағы ақтаңдақтар осылайша сыр шертсе, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде бұл басылым әр шаңырақтың демеушісі, жебеушісі, қамқоршысына айналды. Жалпы, кешегі «Қарағанды пролетариаты», одан кейінгі «Советтік Қарағанды», бүгінгі «Орталық Қазақстан» сұрапылға айналған сын сағатта рух байрағын төмен түсіріп көрген емес. Даңқты жерлестеріміз Нұркен Әбдіров пен Мартбек Мамыраевтың майдан шебіндегі ерлік істері мен жауынгерлік хаттары, дауылпаз Қасымның отты жырлары газет бетінен тұрақты көрініс тауып тұрды. Газет майдан мен тыл өмірін көрсетіп қана қойған жоқ, ел басына күн туған сол бір сұрапыл сәтте редакция қызметкерлерінің бір тобы қаламын қаруға алмастырып, Отан қорғауға аттанды. Олардың ішінде Кәрім Аймағанбетов, Төлеу Балмағанбетов, Кәржан Дәукенов, Хамит Қабдиев, Зәріп Қосыбаев, Қалиақпар Мұсағұлов, Асқар Смайылов, Әлихан Сүлейменов секілді аяулы ағаларымыз қан майданнан оралмады. Бұл жауынгер-журналистердің есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылып, қазіргі «Орталық Қазақстан» орналасқан Баспа үйінің бесінші қабатына, көрнекті жерге ілінді.
ХХ ғасырдағы 30-80 жылдар аралығы. Бұл уақыттар ішінде ішінде газет ел өміріндегі болып жатқан әрбір оқиғаға байыпты бағасын беріп, лайық үн қосып отырды. Алғашқы бесжылдықтар, ұжымдастыру, индустрияландыру кезеңі басылым бетінде шежіре болып көрініс тапты. Ел еңсесін көтерген елуінші жылдар, тың мен тыңайған жерлерді игеру кезеңі де газеттің басты тақырыбына айнала білді. Қарағанды шахталарының қаз тұруы, Жезқазған мен Балқаш өндірісінің өркендеуі, Қазақстан Магниткасының қалыптасуы, Ертіс суының Орталық Қазақстан өңіріне жеткізілуі, бір сөзбен айтқанда дала мен қаладағы қайнаған еңбек, халықтың әлеуметтік-мәдени ахуалы газет мақалалары мазмұнының алтын арқауы болып келді. Сонымен қатар, біздің газет – сол кездегі «Социалистік Қазақстан» секілді аптасына алты рет шыққан басылым.
– Бәрекелді! Кез келген басылымның қалыптасу кезеңі қиындыққа толы болатыны белгілі. Әлгінде өзіңіз тілге тиек еткен қуғын-сүргін, соғыс деген сияқты қиындықтар сол кезеңдерде жарық көрген басылымдардың барлығына тән болғаны да шындық. Ал, Тәуелсіздік жылдарының өзінде көптеген газеттердің желкенін жел шайқаған сәттер де болды. Мәселен, «өтпелі кезең» қиындықтарын «Орталық» қалай еңсерді?
– Рас, «Орталықтың» шыңырауға құлаған кездері де, шыңға шыққан сәттері де болды. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің газетке өте ауыр тиді. Оның үстіне, Қарағанды – жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі жетімсіз өңір. Сол жылдары ұлттық руханияттың жанашырлары азайып кетті де, газет панасыз жетімнің күйін кешті. Оқырмандар саны да күрт төмендеп кетті. Қаржы – тапшы. Қызметкерлерге жылдап жалақы төлей алмадық. «Ақ мылтық» журналистерімізден айырылдық. Облыстық деңгейдегі екі басылымды алалап ұстаған әкімдердің теперішіне төзіп бақтық. Мәселен, 1997 жылы мен редактор болып келгенде біздің газетті мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру көлемі 6 миллион болды да, «Индустриальная Караганда» газетіне бюджеттен бөлінген қаржы 55 миллионды құрады. Жер мен көктей айырмашылық емес пе?! Біз осындай жағдайды да бастан өткердік.
Қазір Аллаға шүкір, жағдайымыз оңалып, шығармашылық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да «Орталықтың» жұлдызды сәті» деуге тұрарлық дәуренді бастан кешіріп жатырмыз. Әлгіндей қиналған сәттерде сабырлы болуға тырыстық. Төзім таныттық. Бүгінгі таңда төрге оздық деп айта аламыз. Облыс әкімі Серік Ахметовтің қолдау көрсетуі арқасында біз отырған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Материалдық-техникалық базамыз нығая түсті.
– Басылымның еңсе көтеруіне кезінде «Егемен Қазақстан» секілді аға газетте қызмет істеп, «Шерағаңның мектебінде» шыңдалған Мағауия Сембаевтың ықпалы болған шығар...
– Рахмет! Иә, мен – «Шерағаңның шекпенінен» шыққан шәкірттерінің бірімін. «Егеменнің» қазанында қайнап, «Орталықта» қалыптасқан маманмын. Шерағаның мектебі, «Егеменнің» үйреткені көп бізге. Аға газеттен алған тәлім, үйренген тәжірибемді «Орталықты» көтеруге жұмсасам, ол – азаматтық парызым. Өйткені, «Орталық Қазақстан» – менің алтын ұям, шыңдалу мектебім. Мен ол жерде Рамазан Сағымбеков, Рымқұл Сүлейменов, Нұрмахан Оразбеков сынды қазақ баспасөзінің қажырлы тұлғаларының алдын көріп, солардан көргенімді «Егеменде» ұштадым.
– Мағауия Сланбекұлы, мен білетін «Орталық» кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев автор болған басылым болатын.
– Иә, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың газеттің тұрақты авторы болғанын бүгінде мақтанышпен айта аламыз. Азамат ретінде шыңдалып, қайраткер ретінде қалыптасу кезеңі Қарағандымен тамырлас келген тарихи тұлғаның қолтаңбасы сақталған газет тігінділері «Орталық Қазақстан» ұжымы үшін баға жетпес жәдігерге айналған. Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртау қалалық партия комитетінде хатшы болып жүрген кездерінде газеттің өткір сынына жауап бергені басылым тарихын құнды деректермен толықтыра түседі. Сонымен қатар, ол кісі облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымында жүрген сәттерінде кейбір мерекелік нөмірлерге басты мақала жазған кездері де болған.
– Қазақ оқырманы «Орталық Қазақстанды» шыншылдығымен таниды. Мысалы...
– Басылым мұраты оқырман мүддесінен оқшауланған кезі болған емес. Қоғамдық-саяси газеттің тағдыры да ел тағдырымен сабақтас тамырланды. Баспасөздің абыройлы борышы – халықтың басынан қандай дәурен өтсе, соны айна-қатесіз көрсету. Шынайылығының арқасында ормандай оқырмандарының ықыласына бөленген байсалды басылым Тәуелсіздік жылдарында өзінің тың тынысымен тарих сахнасындағы салмағын танытты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қоғам өміріне серпіліс әкелген қайта құру, жариялылық тұсында «Орталық Қазақстанның» өткірлігі мен батылдығы ел аузында жүрді. Демократия қағидаттарын қазық еткен басылымның батыл пікірлері елді арандатуға емес, елдің ертеңі үшін алаңдатуға үндеді. Газет шежіресіне шегініс жасап көрсек, 1991 жылғы әйгілі «Тамыз оқиғасы» еріксіз еске оралады. Сол бір саяси дүрбелең тұсында, әпербақан саясаткерлердің сандырақ әрекетіне қатысты ордалы Одақ көлемінде «Иә, бұл – төңкеріс!», деп жалғыз ғана үн қатқан да осы «Орталық Қазақстан» болатын. Өз басын бәйгеге тігіп тұрып, басылым даңқын аспандатқан бұл тарихи мақаланың авторы газеттің сол кездегі бас редакторы Нұрмахан Оразбеков еді.
Тәу етер киеміз – Тәуелсіздігіміздің тұғырлануы жолында газеттің атқарған қажырында өлшем жоқ. Тарихқа тың көзқараспен қарау, халықты сабырға шақыру, бірлікке үндеп, халықтар достығын насихаттау басылымның басты бағытына, өзекті тақырыбына айналды. Сонау 90-жылдары Қарағанды кеншілері жаппай ереуілге шыққан толқулы сәтте сабыр түбі сары алтын екенін салмақтап жазып, өтпелі кезеңде қарапайым кеншілер қауымын арандатудан арашалап қалған да «Орталық Қазақстан» еді.
Сексен жылдық бай тарихы бар басылымның бүгінгі күнге дейін 21 155 саны жарық көрді. Алғашқы санынан бастап қазыналы өңірдің айнасына айналған «Орталықтың» әр санында ұлттық рух және сол рухты аласұра іздеген жоқшының үні бар.
– Басылымның бүгінгі таңдағы рухани, мәдени ортамен байланысы қандай деңгейде?
– «Орталық Қазақстан» тек ақпарат құралы ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы және қазақ әдебиетінің өткенін саралап, бүгініне баға беруші байсалды басылым екені даусыз. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен тығыз байланыс ұстанған басылым қазіргі қазақ әдебиетінің, руханияттың алған бағыты жөнінде соны пікір айтудан бір сәтке де жалыққан емес. Иә, қазақ әдебиеті классиктерінің тың туындыларын, сұхбаттарын автордың кітабынан бұрын, «Орталық Қазақстан» газеті бетінен оқып жүрген оқырман бұл пікірімізге шәк келтірмес. «Орталық Қазақстанмен» тығыз шығармашылық байланыс жасап келе жатқан қазақтың шоқтығы биік қаламгерлерінің бірі, заманымыздың заңғар жазушысы – Мұхтар Мағауин. Бүгінгі мерейтой қарсаңында сонау Батыс Еуропадан ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдаған Мұхтар Мағауин өзінің «Орталық» туралы пікірінде былай дейді: «Орталық Қазақстан» – өресі биік басылым, әмәнда халқымыздың бүгіні мен болашағына қатысты, айрықша мәнді, көкейкесті мәселелерді көтеріп келеді. Әсіресе, қазақ руханияты, қазақ тарихы, ұлттық мүдде мен мұрат тұрғысындағы бағыт-бағдарымен республикалық басылымдардың алдыңғы қатарына шықты.
«Орталық Қазақстанның» мен үшін айрықша ыстық болатын тағы бір себебі бар, сонау 1969 жылы, алғашқы әңгіме, повестерім жариялана бастаған, жазушы ретінде ешкім танымаған, тіпті, сынап-мінеп жатқан кезде, «қазақ әдебиетіне үлкен қаламгер келді!» деп алғаш рет ашып, дәлелдеп айтқан – осы газет болатын. Сол түсіністік, сол сыйластық күні бүгінге жалғасып келе жатыр.
Көп алғыс, бар болыңыздар, зор болыңыздар!
«Орталық Қазақстанның» тұрақты авторы Мұхтар Мағауин.»
Абыройы ұдайы асқақтап, шынайы құрмет, лайықты бағасын алып келе жатқан өздеріңіздің «Орталықтарыңыз» бүгін сексеннің сеңгірінде. Қос мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен «Орталықтың» 80 жылдық ордалы тойы құтты болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.