Елдегі діни сенім мен діни бірлестіктер қызметінің ізгілікті бастауы туралы
Біздің елімізде тыныштықты, қауіпсіздікті, бейбіт өмірді, толымды табысты тұрмысты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық дамуға қол жеткізуде қолдан келгеннің бәрі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Дәл қазіргі уақытта бірлік, татулық, достық, ынтымақтастық, экономикалық, саяси даму және темірдей тәртіп қана елді аман сақтай алатыны анық. Ал бұл орайда тәртіпсіз ел болмайтындай, әділ заңның үстемдік құруы қашанда демократияның алғышарты болып табылады. Міне, бұл бағытта соңғы кездері халықтың назарын аударған бірқатар оңды өзгерістер де болды. Соның бірі деп қоғамның қызу талқысына түсіп, қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын айтуға болады. Дегенмен, ол заңдар туралы түрлі қайшы пікірлер де айтылмай қалмады. Біз осы мәселелерге орай Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрағасы, саяси ғылымдар докторы Ақан БИЖАНОВҚА жолығып, бірқатар сұрақтарымызға дәйекті жауап алдық.
– Ақан Құсайынұлы, «Діни сенім бостандығы және дінибірлестіктер туралы» заңнаманы жетілдіру, яғни бұған қоса жаңа заң қабылдау қажеттілігі неден туындады?
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның конфессиялық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгерді. Еліміздегі қоғамдық жүйені демократияландыру үдерісі қоғам өмірінің діни саласын да қамтып, жаңа діни ахуалдың қалыптасуына алып келді. Қазақстанда қазіргі уақытта 4551 діни бірлестік қызмет етеді. 1991 жылы олардың саны небәрі 671 еді.
Соның ішінде, теріс пиғылды діни ағымдардың іс-әрекеті қоғамды қатты алаңдатады. Бүгінгі күні сондай ұйымдар өз үгіт-насихаттарын, жалпы халық арасындағы жұмыстарын күшейте түсуде. Тіпті ел аумағында шетелдік миссионерлердің іс-әрекеті қарқын алып отыр. Сонымен қатар, радикалды ағымдар идеологиясының кең таралу қаупі де бар. Оған қоса, жоғарыда айтқанымыздай, теріс пиғылды діни ағымдардың әдебиеттері де елімізде көптеп таралуда. Соған орай 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңды қазіргі жағдайдағы заман талабына сәйкес жаңғырту қажет болып отыр.
– Аталған заң жобасында мемлекеттің діннен және діни бірлестіктерден бөлінгені жөніндегі конституциялық норма бар. Демек, ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнықтырылмауы тиіс. Ал заң алдында барлық діни бірлестіктердің теңдігі сақталуы, жекелеген діндер мен діни бірлестіктерге басқаларға қарағанда қандай да бір артықшылықтар берілмеуі үшін нендей тәсілдер қалай жасалады?
– Мұның барлығы аталған заң жобасында айқын көрсетілген. Мемлекеттің діннен және діни бірлестіктерден бөлінгені жөніндегі қағидат заң жобасының 3-бабында жазылған. «Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді», деген норма да осы бапта қамтылған. Себебі мемлекетіміздің зайырлылық принципі Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген.
Өзіңіз айтқандай, жаңа заң жобасында заң алдында барлық діндер мен діни бірлестіктердің теңдігі сақталады, жекелеген діндер мен діни бірлестіктерге басқаларға қарағанда қандай да бір артықшылықтар беруге жол берілмейді деп көрсетілген. Заң жобасының преамбуласында Қазақстан халқы мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі ханафи бағытындағы ислам мен православ діндерінің тарихи рөлі танылатыны айтылады. Сондай-ақ, Қазақстан халқының рухани мұрасына сәйкес келетін басқа да діндерге құрмет көрсетілетіні де осы тұста атап көрсетілген. Демек, заң жобасында паритет, яғни теңдік қағидасы қатаң сақталып тұр.
– Бұл ретте діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта құру және тарату тәртіптері қалай жүзеге асырылады?
– Қарастырылған заң жобасында діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу, қайта құру және тарату тәртіптері толық қамтылған. Заң жобасында құрушылардың санына, таралу аймағына байланысты діни бірлестіктердің жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебелері айқындалып берілген, мұның өзі аталған заң жобасының негізгі жаңалығы болып табылады. Заңнамадағы жаңа талаптар бойынша жергілікті діни бірлестікті құрушылар саны елу адамнан кем болмауға тиіс, өңірлік діни бірлестікті – бес жүзден кем емес, ал республикалық діни бірлестікті бес мыңнан кем емес бір діни сенімдегі Қазақстан азаматтары құрай алады. Бұған қоса, жергілікті діни бірлестік бір облыс аумағында, өңірлік діни бірлестік екі облыстан кем емес аумақта ұйымдастырылуы тиіс, ал республикалық діни бірлестік барлық аймақтарды қамтып, Қазақстан Республикасының барлық аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелері, филиалдары мен өкілдіктері болуы шарт.
Сондықтан да жаңа заңда діни бірлестіктің атауына ерекше назар аударылған. Олардың атауы қоғам мүшелерін адастыратын түсініксіз жалпы атау болмауға тиіс, бірлестік атауында оның нақты бағыты, ұстанатын сенімі мен мәртебесі қамтылуға тиіс. Ал діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру, олардың қызметін тоқтата тұру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргізіледі.
– Қазіргі уақытта елімізде 27 мемлекеттен келген 300-ден астам шетел миссионерлері діни қызмет атқаруда. Олардың жұмысына қандай шектеулер қойылмақ?
– Заң жобасында миссионерлік қызметке ерекше назар аударылған. Қазақстан Республикасы аумағында қызмет ететін миссионерлер Дін істері жөніндегі агенттіктің аумақтық департаменттерінде жыл сайын қайта тіркеуден өтуі міндетті яғни миссионерлік қызметті жүзеге асырушы тұлғалар тіркеуден өту барысында қажетті құжаттар мен материалдарды ұсынуға тиіс.
Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жүргізілген дінтану сараптамасының теріс қорытындысы берілген жағдайда, сондай-ақ оның миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандығына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қауіп-қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген тұлғалардың миссионерлік қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
Бұл нормалар тарихи дәстүрлерімізді, рухани-моральдық мұрамызды, қоғамдық өмірімізде қалыптасқан ережелерді қорғауға, Қазақстанның барлық халықтарының мәдени игілігін сақтауға шақырады. Шетелдік діни ұйымдар мен миссионерлердің теріс ықпалына қарсы әрекет ету үшін де мұндай норма аса қажет.
– Ал заң жобасының 7- бабына сәйкес түрлі пікірлер айтылуда. Ондай қайшылықтар неліктен туындап жатыр? Аталған баптың 3 және 4-тармақтарына толыққанды түсінік берсеңіз.
– Сіз айтып отырған заңдағы 7-баптың 3-тармағында мемлекеттік мекемелерде құдайға құлшылық етуге, діни жораларды, рәсімдерді және жиналыстарды өткізуге, миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейтіні айтылған. Бұл жерде мына нәрсені түсінген жөн: мемлекеттік мекемелерде мінәжат бөлмелері (намазханалар) жабылғанымен, мемлекеттік жұмыс орнынан тыс жерлерде діни жоралар мен рәсімдерді өткізуге, намаз оқуға, мінәжат етуге ешқандай тыйым салынбайды. Демек, сенушілердің діни сенім бостандығына нұқсан келтіріліп отырған жоқ.
Тағы бір айта кететін мәселе, осы заң жобасы қаралғанда мемлекеттік ұйымдарда намаз оқу, құлшылық ету үшін жауапкершілік шараларын қолдану жөніндегі норма алынып тасталды. Ал 7-баптың 4-тармағында қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелердегі, жазаны өтеу мекемелеріндегі тұлғалардың, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының емделушілері болып табылатын, қарттар мен мүгедектер үйлерінде әлеуметтік күтімге алынған тұлғалардың немесе олардың туыстарының тілегі бойынша ғұрыптық қажеттіліктер туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады деп көрсетілген. Бұл нормалар жеке тұлғалардың сенім бостандығын қамтамасыз етуге тікелей бағытталғандықтан, адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.
– Демек, адамның рухани өміріне қатысты осы заңның әрбір сөзі әбден таразы талқысына тартылғандықтан сенушілердің діни сенім және діни көзқарас бостандығы құқығына еш нұқсан келтірмейді дейсіз ғой?
– Әрине. Ұсынылған заң жобасын жасауда еліміздің бай рухани дәстүрі, тарихи, мәдени ерекшеліктері ескерілгені байқалады. Дін туралы заңнама саласындағы мемлекетіміздің және шетелдегі зайырлы мемлекеттердің тәжірибесі толығымен сарапталып, пайдаланылған. Заң жобасын жасау барысында адам құқықтарына байланысты халықаралық дәрежедегі барлық нормалар ескерілген.
Кейбір ақпарат құралдарында осы заң жобасы жылдам қаралды деген пікір таралуда. Олай емес. Дін туралы заң жобасымен Парламент бірнеше жылдан бері шұғылданып келе жатыр. Өзіңізге мәлім, Сенат пен Мәжіліс комитеттерінің ұйымдастыруымен кезінде осы мәселе бойынша діни бірлестіктер өкілдерімен, ғалымдар мен мамандардың қатысуымен конференциялар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізілген болатын. Соның негізінде Парламентке республикамыздың түрлі аймақтарынан діни бірлестіктердің қызметі туралы біраз ұсыныстар түскен. Сол пікірлер мен ұсыныстардың көпшілігі енді осы заң жобасында ескеріліп отыр. Сондықтан аталмыш заң жобасы барынша екшеліп, заман талабына сай қалыпта жасалғанына және сенушілердің діни сенім және діни көзқарас бостандығы құқығына ешбір нұқсан келтірмейтініне кәміл сенім артуға болады.
– Дұрыс екен. Ендеше, осы тұста «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері жөніндегі кейбір заңдық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» ілеспе заңның жобасы бойынша қандай кодекстерге, заңдарға нендей өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені және олар не мақсатты көздейтіндігі туралы да толығырақ айтып берсеңіз.
– Заң жобасында көзделген нормаларға сәйкес ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгеріс енгізу қажет болды. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңына діни рәсімдер мен жораларды, сондай-ақ діни ілімді таратуға бағытталған шараларды балалардың емделу мекемелерінде, спорт ұйымдарында, демалыс орындары мен шипажайларда жүзеге асыруға рұқсат бермеу жөнінде өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» және «Лицензиялау туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Сонымен, аталған заң еліміздің қауіпсіздігіне қандай үлес қосып, нендей жетістіктер мен ілгерілеушілік туғызады дей аласыз?
– Заң жобасында отбасын бұзуға бейім және соған мәжбүрлейтін, орта мектепте міндетті білім алуға кедергі жасайтын, азаматтардың имандылығы мен денсаулығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің, жалпы айтқанда теріс пиғылды діни ағымдардың қызметіне тыйым салу қарастырылған. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктер құрылымдарын ашуға жол берілмейді.
Заңда, сонымен қатар, діни әдебиетті әкелуге, басып шығару мен таратуға қатысты ережелер де көрсетілген. Соған сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға тек ғибадат үйлерінде, діни оқу орындарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты үй-жайларда ғана рұқсат етіледі. Кездейсоқ адамдардың көше бойында тұрғындарға өз діни көзқарастарын орынсыз үгіттеуіне жол берілмейді.
Сөз етіп отырған құжатта діни бірлестіктер мен миссионерлер қызметін мемлекет тарапынан заң шеңберінде тұрақты түрде қадағалап отыруға мүмкіндік беретін пәрменді тетіктер қарастырылған. Осының барлығы қоғамдық өмірдің қауіпсіздігін, рухани сананың салауаттылығын сақтауға елеулі үлес қоспақ деген ойдамыз.
– Ақан Құсайынұлы, жалпы дін, діни ағымдар, дін саласындағы мәселелер туралы өзіңізді толғандырып жүрген басқа да ойларыңыз бар шығар. Солардың бірқатарымен бөліссеңіз.
– Қазақстандағы қазіргі діни ахуалды таразылар болсақ, сан алуан діни ілімдердің белсенді түрде насихатталып отырғанын байқаймыз. Діни қозғалыстар мен ағымдардың шынайы мақсаттарын анықтау, радикалды діни ілімдердің елдегі ішкі саяси тұрақтылыққа ықпалын, олардың белсенділігіне әсер етіп отырған факторларды тереңдей зерттеу қажет. Қоғамның модернизациялануы жағдайында діни дәстүрлерді қалай жаңғырту қажеттігін ойлануымыз керек. Бұл сауалдар елдегі қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың өзектілігі жыл өткен сайын арта түсуде.
Қазақстанда әрекет ететін діни бірлестіктер қызметінің біздің заңнамамызға қаншалықты сәйкес екендігін бақылап, біліп отыруымыз қажет. Қазір жастар тарапынан да, ересек тұрғындардың әлеуметтік белсенді өкілдері тарапынан да діни құндылықтарға деген қызығушылық қарқынды түрде артып отыр. Жас буынға арналған рухани-танымдық тәрбие мен теріс пиғылды діни ағымдарға жол бермеу щаралары тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғамның жұмысы болуға тиіс. Барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, жастар арасында деструктивті идеяларды насихаттаушыларға құқық қорғау органдары мен білім департаменттері тарапынан бақылау жасау қажет.
Демек, сөзімді қорытындылай келе айтарым, жастардың білімге, мәдениетке, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін кеңейту керек. Сонда діни-ағартушылық бағыттағы сұхбат алаңын қалыптастыратын, саламатты өмір салтын, білім мен рухани-өнегелік құндылықтарды насихаттайтын жастар орталықтары ашылып жатса, рухани өміріміздің жаңғыруына үлкен септігі тиер еді.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.