– Сұңғат, жуырда Астанадан жүлдемен оралғаныңды жақсы білеміз. Жеңіс құтты болсын!
– Рахмет! Елордада халықаралық екінші BI Marathon ұйымдастырылды. Бұл – қайырымдылық марафоны. Бес мыңдай адам қатысты. Үш мыңға жуығы – «BI Group» компаниясының қызметкерлері. Үміткерлердің ең егдесі – 74 жаста, ең кішісі – сегіз жаста. Қатысушылар 5, 10, 21 және 42,2 шақырымдарға жүгірді. Мен 42,2 шақырымдық қашықтыққа жүгірген 30-39 жас аралығындағы спортшылар бәсекесінде мәре сызығын бірінші болып кестім. Көрсеткішім – 2 сағат 40:43 минут. Біздің топта жүзге жуық адам өнер көрсетті. Бұл – менің 10-ыншы марафоным. Классикалық марафоннан алғаш рет жүлде алдым. Кезекті бір биіктікті бағындырғаныма қуаныштымын. Әйтпесе, 6, 12 және 24 сағаттық супермарафондарда бақ сынап, талай мәрте олжалы болғанмын.
– Марафонмен қашаннан бері әуестеніп жүрсің?
– Мені көбі балуан ретінде таниды. Еркін күреспен айналысқанмын. Марафон – бала күнгі арманым. 2013 жылдан бастап аңсарым ерекше ауып, алғашқы марафоныма қатыстым. Қатты ұнады. Содан бері жарыстарға қатысып жүрмін. Қазір марафон өмірімнің мәніне айналды.
Марафон – қашықтықты жүгіріп өткен қатысушының барлығына естелік медаль берілетін жалғыз спорт түрі. Ол адамды өзін-өзі тәрбиелеуге, саламатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Сондай-ақ, марафон арқылы әлемнің көптеген елін аралауға мүмкіндік бар. Жүгіру – ең тиімді спорт түрі. Бұған арнайы аяқ киімің мен ниет болса жеткілікті. Жүгірумен кез келген уақытта, кез келген мерзімде, кез келген жерде айналысуға болады және ол жас талғамайды. Марафонмен айналысуға осының бәрі әсер еткен шығар деп ойлаймын.
– Алғашқы марафоныңды қай жерде жүгірдің?
– Оны ұмыту мүмкін емес. Алғаш рет Ресей Федерациясының Омбы қаласында ұйымдастырылған марафонда бақ сынадым. 42,2 шақырымды еш қиындықсыз жүгіріп өттім. Мақсатым жүлде алу емес, мәреге жету еді. Сол ойымды жүзеге асырдым. Ал одан кейінгі әр марафоным қиынға түсті. Себебі, нәтижені жақсарту үшін күш-қуатыңды сарқа жұмсауға тиіссің. Бүгінге дейін 10 марафонда, тоғыз жартылай марафонда бақ сынадым. Жеңіп алған жүлдем де жетерлік.
– Күн сайын жаттығасың ба?
– Иә. Күніне 15-20 шақырым жүгіремін. Жұмыстан кейінгі айналысар ісім – жүгіру.
– Шәкірттерің бар ма?
– Екі шәкіртім бар. Абай атындағы орта мектептің оқушылары Әлімхан Құрманғалиев пен Жанар Төлеуді дайындап жүрмін. Екеуінің де аяқ алысы жақсы. Әлі 18 жасқа толған жоқ. Сондықтан, ірі марафондарға қатыса алмайды. Десе де, осы жылдың 23 сәуірінде VI Алматы марафонында өнер көрсетті. 10 шақырымды бағындырды. Осы жылдың тамыз айында Ресейдің Омбы қаласында ұйымдастырылатын марафонға өзіммен бірге Әлімханды да ала кетпекпін.
– Әйгілі Марат Жыланбаев секілді Гиннестің рекордтар кітабына енерліктей тәуекелдерге бару ойда жоқ па?
– Жоқ. Ол үшін қыруар қаржы мен мотивация керек қой. Бірақ, бір арманым бар. Марафонның тарихи отаны – Грекияда жүгіргім келеді.
– Алда қандай жарыстар бар?
– Шілде айында Астанада Қазақстан чемпионаты өтеді. Әзірше күні нақтыланған жоқ. Сондай-ақ, тамызда Ресейдің Омбы қаласындағы марафонға қатысуды жоспарлап отырмын. Осы екі жарысқа дайындалудамын.
– Әңгімеңе рахмет. Сәттілік серік болсын!
Әңгімелескен
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы