04 Қазан, 2011

Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы көш ілгері

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Өзенмұнайгаздағы» оқиғалардың салдарынан Қа­зақ­стан қазынасы ондаған миллиард теңгеден қағылды. Ереуіл кезінде 1 миллион тоннаға жуық мұнай игерусіз қалды. Бұл көрсеткіш 2011 жылдың қорытындысына кері әсерін тигізеді», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қар­масының төрағасы Тимур Құлыбаев ұлттық әл-ауқат қорының жанынан құрылған «Сарапшы» клубының ал­ғашқы отырысында. Естеріңізде болар, биыл Маңғыстау облысында мұ­най­шылардың наразылық ак­циясы ұйымдастырылып, «Қаражанбасмұнай» мен «Өзен­мұнайгаз» қызметкер­ле­рі аштық жариялады. Ең­бек кодексінің баптарын са­на­лы түрде бұзған жұмыс­шы­лар компания басшы­лы­ғымен келіссөз жүргізбестен ереуілге шықты. Ұжымдық шарт негізінде шешілуге тиісті мәселені ушықтырып, ешқандай негізсіз жұмыс берушіден айлық жалақыны өсіруді талап етті және «компания басшылары еңбек жағ­дайының ауырлығына бай­ланысты мұнайшыларға тиесілі салалық 1,8 коэф­фи­циент­ті төлемей отыр» деген ақпарат таратып, компанияға жала жапты. Тексеріс бары­сында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура өкілдері мен Жаңаөзен қа­ла­лық сотынан құралған үкі­мет­тік комиссия мүшелері мұнайшылардың ереуілі заң­сыз, талабы орынсыз деген шешім шығарды. Т.Құлы­баев атап көрсеткендей, осы­ның салдарынан ел бюджетіне орасан зор нұқсан келді. Өйткені, дәл сол кезде мұ­най­шылар жұмысқа шықпай, жамбастап жатып алды. Кейін олардың барлығы жұ­мыс­тан шығарылды. Мұн­дай шешімге көңілдері тол­ма­ған жұмыскерлер компания басшыларына өздерін жұ­мысқа қайта қабылдау және моральдық шығынды өтеп беру туралы талап қой­ып, сотқа шағымданды. Нә­ти­жесінде, Ақтау қаласының №2 соты қызметкердің жұ­мыс орнында 3 сағаттан ар­тық себепсіз болмауына бай­ланысты жұмыс беруші ең­бек шартын бұзуға құқылы екенін алға тартып, олардың талабын қанағаттандырмай тастады. Десек те, компания басшылары жұмыстан шыға­рыл­ған адамдарға түсініс­тік­пен қарап, оларға басқа жерлерден жұмыс ұсынды. Бірақ мұнайшылар тағы да «қы­ңы­райып» қалды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қарма төрағасы Тимур Құ­лы­баев былай деді: «Қара­жан­басмұнай» және «Өзен­мұ­найгаздан» жұмыстан шы­ғарылған 2 мың мұнайшыға басқа жерден бос орындар ұсынылды. Алайда, мұ­най­шылар жаңа қызмет орны­ның жалақысымен келіспеді. Бұған дейін олар 250-300 мың теңге алса, жаңа жұ­мыс­та 160 мың теңге көле­мінде еңбекақы белгіленген. Енді, олар бұрынғы жал­ақы­ны талап етуде». Басқарма төрағасының атап көрсеткеніндей, ел аза­маттары өздерінің құқық­та­рын бас көтеру арқылы емес, кәсіподақтардың көмегімен қорғауы керек. Өйткені, ереуілге шығу, аштық жариялау абыройлы іс емес. «Меніңше, біздің ұжым­да үлкен қателік кетті. Бұ­рын комсомол жетекшілері ұжымдағы әрбір қыз­мет­кер­ге жеке-жеке көңіл аудара­тын. Мүмкіндігінше мәселе­ле­рін шешіп беретін. Біз осы­ған назар аудармадық. Бү­гінгі таңда олқылықтың орнын толтыруға әрекеттеніп жа­тыр­мыз. Бұдан былай әрбір жетекші қызметкерінің туған күнінен бастап, нәрестелі болғанына дейін біліп, әлеу­меттік көмек көрсетіп оты­ратын болады. Бұл күндері «Өзенмұнайгазда» арнайы құрылған топ жұмыс жасап жатыр. Олардың алдында өндірістің өнімділігін қа­лыпқа келтіру және арттыру міндеті тұр. Қазірдің өзінде біз мұнай өндірудің тиісті межесіне жетіп отырмыз», – деді Т.Құлыбаев. Соңғы 3 жылда жергілікті жердегі жұмысшылардың айлық жалақысы 6 рет өс­кен. Бұл мұнайшылардың әлеу­меттік жағдайы басқа­лар­мен салыстырғанда көш ілгері деген сөз. Осы ту­ра­сында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас дирек­то­рының корпоративтік даму және активтерді басқару жө­ніндегі орынбасары Асқар Әубәкіров: «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жалақы­сы Қазақстан бойынша ең жоғары болып табылады. Қазір біздің жұмысшылар айына орта есеппен 250-350 мың теңге алады. Олар ауы­сыммен еңбек етеді. Ме­нің­ше, мұнайшылардың айлығы төмен деу негізсіз», – деді. Оның сөзінше, айлық жал­ақыдан бөлек әрбір жұ­мыс­кер жыл сайын әлеумет­тік көмек ретінде 1 млн. 200 мың теңге алады. Оның ішін­де компания қызмет­кер­лерінің отбасы мүшелеріне медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мұндай көмек еден жуушыға да, бөлім бастығына да бірдей беріледі. Белгілісі компания мұ­най­шылардың әлеуметтік әлеуе­тін арттырып, оларға қолдан келгенше моральдық, материалдық көмек көр­се­туге тырысып бағуда. Себебі, компания өз ұжымында береке-бірлік пен ынтымақ болғанын қалайды. Алайда, мұны түсінетіндер де, түсін­бейтіндер де бар. Қалай болғанда да Маң­ғыстау облысында биыл бол­ған толқулар келер күндерге сабақ болуы тиіс. Өзіміз үшін және еліміздегі бейбіт өмір үшін. «Егемен-ақпарат».