04 Қазан, 2011

Тәрбие тәлімі

550 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елдің шетінде, шекараның шегіндегі Ұлы батыр бабамыздың атымен аталатын ауданның өзінде ғана тәуелсіздіктің не бергеніне нақты дәйек келтірсем, уақыт араға өз өрнегін салғанын көреміз. Тәуелсіздіктің авторы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек, асыра айтқандық емес. 1990 жылдан бері аудандық ардагерлер және ақсақалдар кеңесін басқарып келемін. Тәуелсіздіктің әр күнін, әр жылын елімнің ортасында, халықтың арасында оның қиыншылығын бірге көтеріп, жеңісіне шаттанып, қияс кеткеніне өкініп жүрген адамдардың бірімін. Әдетте қазақ, тәлім сөзін тәрбиемен бай­ланыстыра айтады. Оның жөні бар. Өйткені, елдің болмысы, ұрпақтың өсіп-өніп, өркен жаюы солардың өмір сүрген заманының тә­ліміне байланысты. Ең алдымен Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылында дүниеге жаңа көзқарастағы жаңа ұрпақ келді. Менің немерем Айдана Мақсатқызы Оразаева осы Тәуелсіздік күнімен түйдей құрдас. Менен пікір сұрайтындар көбінесе бүгін­гі ұрпаққа, жастарға қалай қарайсыз, деген сауал қояды. Мен бүгінгі жастар өз заманы­ның адамы. Қашанда бұрынғы ұрпақ, кейінгі ұрпаққа риза емес пиғыл көрсететін бір үр­діс заманнан заманға ұласып келе жат­қа­ны бар. Біздің жас кезімізде қариялар: «Ой, шірік немелер, біз сендердей кезімізде жауға шауып, жау түсіретінбіз. Ал сендер ерттеулі тұрған атқа мінбек түгілі, шөгіп жатқан түйеге ыршып міне алмайтын жасық, боркемік, босбелбеу болып өсіп жатырсыңдар», дейтін. Сөйтсек, олардың өмір сүрген дәуірі бөлек, біздің өмір сүрген дәуіріміз бөлек болыпты ғой. Қазіргі қарттар деп жүргеніміз Мұқаға­ли­ша айтқанда: «Бәрін де көрдіңіздер, бәрін де бердіңіздер, бәріне сендіңіздер, бәріне көн­діңіздер», – деген ұрпақтармыз. Бала­ла­ры­мыз, немерелеріміз, шөбелеріміз біз көргенді көрмей-ақ өссін деп тер төгіп, өмір сүрдік. Ұрпағымыз соған сай өсіп келеді. Қазір олар компьютер, интернетпен жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Қазақстанның жаңа азаматтары өсіп-жетілді. Енді шөбе­ре­ле­ріміз 2020-2030 жылдары заман дәл осын­дай тыныштықта болса, өркениетті елдердің қа­тарына баратынына күмән келтіруге болмас. Ұлы батыр бабамыз Райымбектің атымен аталатын ауданда қазір 85 мыңдай халық тұрса, оның 22 мыңнан астамы жастар. Ше­ка­раның күзетінде тұрған халық болған­дық­тан жастарымыздың, әсіресе, мектеп оқу­шы­ла­рының Отанын сүюге, оны қорғауға әрқа­шан­да дайын болуы – басты мәселе болып қала береді. Ежелден шекараның шебінде рухы жоғары халық тұратындықтан, оның үлкен мемлекеттік маңызы зор екендігі белгілі. Сондықтан да біз «еліміз аман, жұрты­мыз тыныш» деген ұранды сөзді алға тар­тамыз. Сол елдің тыныштығын сақтауда бұрын да, бүгінге дейін өмірін сарп еткен аға буын өкілдері болған ғой. Солардың өмірі – өнеге. Тәуелсіздіктің екінші бір қыры – кешегі заманда аты өшуге айналған небір батыр­ла­ры­мыз, әулие-әмбие, ғұлама данышпан, абыз бабаларымыздың рухы оянып, өмірге қайта оралды. Біздің ауданда ғана 52 ескерткіш бар. Ұлы батыр бабамыз Райымбекке 3 жерден ес­керт­кіш қойдық. Бірі жауға шауып бара жат­қан Рай­ымбек, екіншісі шекара күзетінде тұрған Рай­ымбек, үшіншісі елінің болаша­ғын көріп, болжап отырған Райымбек. Ұлы бабамыздың 300 жылдығын атап өттік, оған Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы келіп, елдің мерейін көтерді. Кезінде 1916 жылы атақты Қарқара жәр­мең­кесінде «бала өлгенше, шал өлсін» деп ал­бандар көтерілген жердегі Ереуіл-төбеге еңселі ескерткіш қойылды. Ел азаматтары бі­рігіп көтеріліс көсемдері Ұзаққа Сары­бас­тау­дан, Жәмеңкеге Қақпақтан, Қазыбекке Те­кестен ескерткіш тұрғызды. Атақты Мұха­мет­жан Тынышбаев кезінде осы көтерілісте 35 мыңнан астам жергілікті халық қырылған деп жазған еді. Ауданымызда көтерілісшілердің қаны там­баған жер кемде-кем шығар, ескерткіш­тер басына әскер қатарына шақырыл­ған­дар барып, Отанына, Елбасына адалдығына ант береді. Отау құрған жас жұбайлар отбасының беріктігін сақтауға уәде етеді. Жаңа туған жас баланың азан шақырып атын қояды, тұсауын кеседі, мектепке баратын балалардың тілашарын жасайды. Осының бәрі айналып келгенде, рухани азық, ұлттық тәлім емес пе?! Ел-жұрт, халық бүгінгі күні «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» деп, ризашылықпен ақ батасын жаудырып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алакөл ауда­нындағы Үшаралға бардым. Ұлы батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайға байланысты жастар шеруіне қатыстым. Ауданда екі жүз Ерасыл атты адам бар екен (Қабанбайдың өз аты Ерасыл ғой). Аудан әкімі Ерасылдарды жи­нап Қаракерей Қабанбайдың, Димаш аға  Қонаевтың ескерткіштері алдында аға ұр­паққа, Отанына, Елбасына адалдығына ант бергізді, арқа терің шымырлайды. Жастар­дың адал, ақ көңіліне тәнті болып қайттық. Нарық байларды да, кедейлерді де жал­ған­ның жарық дүниесіне екшеп шығара бас­тады. Қиын кезде нашарлар, жалғыз басты қарттар, көп балалы отбасылардың тіршілік қамы ел басқарушылар мен жанашыр ағай­ын­ды ойландыра бастады. Олар жеке мекемелерге, кәсіпкерлерге тіркелді. Ауданда «Кеусен» қоры құрылып, нашарларға ұн, шай, күріш, қант, картоп, олардың балала­ры­на жылы киім беріліп, басқа да отын, көмір сияқты мұқтаж­дарынан шығарылды. Қазір ауданда 43 мешіт бар. Бұрын бірде-бір мешіт жоқ аймақта осыншама мешіттің 20 жыл ішінде салынуының өзі көп нәрсені меңзейтіні анық. Әсіресе, Ораза айт, Құрбан айт кезінде әсірелеп айтсақ, «еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін» мешітке ба­ра­ды. Ешкім шақырмай-ақ оқушы балалары­мыз жеті сайын жұма намазына қатысатын болды. Ол дегенің, Абай айтқандай, «Құ­дай­дың өзі де рас, сөзі де рас» екенін мойындау емес пе?! Мешіт жағалаған баланың иман, ізет, әдеп, адалдықты ту етіп ұстап, темекі, арақ-шарап, нашақорлықтан аулақ бола­ты­нын ұғынсақ, ұрпағымыздың адал, таза өсуіне  үлкен өріс ашатыны белгілі. Әйтсе де, дінге шөлдеп қалған халықты түрлі діни секталар сағалай, жағалай бас­та­ды. Кітаптарын, уағыздарын арқалап шет аймақ ауылдарды аралайтын болды. Жал­а­ңаш­­қа, Жамбылға, Нарынқолға сондай келімсектерді адамдарға жолатпай, қариялар қуып жіберіп жүрді. Тіпті, Қарқарада  бір қарияны  ақша беріп айналдырып «кришнайттар» өз дініне кіргізіпті. Оны естіген ақсақалдар әлгіні түртпектеп, тіпті, «торқалы той, топырақты өлімге» қатыстырмай, ақыры етегін кесіп, елден ысырып жіберді. Қазір ислам дінінің өзін неше саққа жүгіртіп, бөлшектеп, бірнеше ағымға бөліп, оның дініне «құрт» кіргізуге тырысушылар көбейіп барады. Олай болса, қазақтың ежелден келе жатқан діни ұстанымына дақ түсірмейтіндей шаралар  жасалуы керек шығар.  Бұл істе Қазақстан діни бірлестігі қарап отырмайтын болар дейміз, біз қариялар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарды білу үшін мол түсінік, Елбасына деген үлкен сенім керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиыншы­лық­қа зор шыдамдылық пен төзімділікті қарсы қойып, ел-жұрт болып бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қайсарлық көр­сетті біздің халық. Мен осы бір елдік бол­мысымызды Елбасына жеделхат арқылы жеткіздім. Ең шеткері жатқан біздің ел бұл күнде терезесі тең, есігі кең ел болып өркенін жай­ып, өрісін кеңейтті. Ғасыр құрылысы Мой­нақ ГЭС-і  биыл ел игілігіне беріледі. Бұл біз­дің өңірдің бағына, өркендеп өсуіне, болаша­ғына жасалып жатқан кемел дүние. Жеріміздің асты-үсті тұнған байлық. Ұлы Хан Тәңірі бар, Аспантаудың аясында тәуелсіздік туын биіктетіп жатқан халқымыз бақытты. Алла осы берген бақытын басынан алмасын деп тілейік, ағайын! Совет ОРАЗАЕВ, Райымбек ауданының  құрметті азаматы,  аудандық  ардагерлер және ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Алматы облысы, Райымбек ауданы.