Адамзат өркениетті дамудың жаңа биігіне көтеріле бастаған ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының басында Алатау баурайында бір ерек перзентті – халық болып қалыптасқалы тарихтың таяғын жеп, тағдырдың тәлкегін басынан кешіп келе жатқан қазақ жұртына күні ертең ұлы тұлға болатын Нұрсұлтан Назарбаевты дүниеге әкелді. Ол 40 жастың қырқасында-ақ ел басқаруға араласты, ол 50 жастан асқанда халқы мен еліне заманалардан бері ешқашан қолы жетпеген бес жоққа қолымызды жеткізді. Олар: тәуелсіздік, дербес мемлекет, ұлттық валюта – теңге, Қарулы Күштер және жаңа астана.
Енді осы аталғандарды таратып айтайын. Тәуелсіздікті қазақ халқы мен еліне алғашқы бес жылдың ішінде-ақ орнықтырып, салтанат құрғызды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев бірінші жоғымызды ХІХ ғасырдың аяғында Алашорда көсемдері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың армандап, жеріне жеткізе алмаған ұлы мақсаттары – ХХ ғасырдың басында құрмақ болған тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру ісін нақты жүзеге асырып берді.
Екінші жоғымыз – қазақтың дербес мемлекетін экономикалық реформаларды білгірлікпен жүргізу арқылы 1991-2001 жылдар арасында әлемдік қоғамдастыққа танытты.
Үшінші жоғымыз – ұлттық валюта – теңгені экономикалық қиындықтарға қарамастан, 1993 жылғы 15 қарашада айналысқа енгізді. Төртінші жоғымыз – Қазақстанның дербес Қарулы Күштері болатын. Мемлекет басшысы 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы Күштерін құрып, оны 1992-1998 жылдары түбегейлі қайта жасақтады.
Ал бесіншісі – елордамыз еді. Шыны керек, кезінде ел астаналары болған Орынбор, Қызылорда және Алматы кеңестік реңкте болды. Және олар қазақ жерінің дәл ортасында, жүрегінде емес еді. Елбасы осыны ескеріп, жан-жақты ойластырып барып, даналықпен ел астанасын Сарыарқа төсіндегі Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады. Ал 1998 жылдың 6 мамырында Ақмоланы Астана деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Астананың бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаев деп жайдан-жай айтылып жүрген жоқ. Астана әлі-ақ Мәскеу, Нью-Йорк, Пекин, Париж, Лондонмен терезесі теңескен ғажайып шаһар болатынына сенімдімін.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның атын әлемге әйгілі еткен, халықаралық дәрежеге көтерген аса көрнекті тұлға. Соның нәтижесінде өткен жылдың желтоқсанында халықаралық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның Саммиті Астанада шақырылып, Саммит жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мәмілегерлік қабілет-қасиетімен де биікке көтерілген саясаткер. Ол осындай ірі саясаткерлігімен көршілес ірі мемлекеттер Қытаймен, Ресеймен орнықты ынтымақтастық орнату арқылы 1998 жылы желтоқсанда Ресеймен 7591 шақырымдық шекараны, ал 1999 жылы қарашада Қытай Халық Республикасымен 1748 шақырымға созылып жатқан шекарамызды нақтылап, аталған елдермен шарттарға қол қойды.
Бұл екі шарт Абылай хан заманынан бергі уақыттағы Қазақстан үшін шекаралық мүдде жемісті шешілген дәуір оқиғалары болып табылады. Сонымен қатар, еліміз 1991-1996 жылдарды әлемнің 34 мемлекетінде елшілік ашып, 55 елмен байланыс орнатуға қол жеткізілді. Міне, осылар небәрі бес жылда ғана жүзеге асырылды.
Президентіміздің асқан көрегендік қасиеті көпэтносты Қазақстанды ынтымақ пен бірлікке ұйыстыра білгендігінен де ерекше дараланып тұр. Соның арқасында ТМД-ның көпшілік елдерінде орын алған ұлтаралық кикілжіңдер мен жанжалдар біздің елде көрініс бермеді. Қайта кезінде елімізде тарихи отандарына қоныс аударған кейбір ұлт өкілдері қайта көшіп келіп, Қазақстанмен жылап көріскеніне куә болып жүрміз. Мұның бәрі Елбасымыздың толеранттылықты даналықпен сақтауының нәтижесі. Оның үстіне Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылығымен 1995 жылдың 1 наурызында дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл күнде кіші БҰҰ атанып, әлем мемлекеттеріне халықтар достығын қалай қалыптастырудың үлгі-өнегесіне айналып отыр.
Президентіміз жаңа жүйе құрудың кемеңгер білгірі. Ол 1991-1995 жылдары социалистік жүйені нарықтық-экономикалық негіздегі жеке меншік жүйе құруды тамаша іске асырды. Оны жүзеге асыруда Шығыс Еуропадағы Польша, Венгрия, Чехия, Шығыс Азиядағы Корея, Жапония, Таиланд, сондай-ақ Индонезия, Сингапур, Малайзия мемлекеттерінің тәлімді тәжірибелерін іскерлікпен пайдаланды. Бүгінде бұл өзінің жемісін беруде.
Мемлекет басшысы еліміздің ұзақ мерзімге арналған дамуын өзінің «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында айқындап берді. Қазіргі кезде стратегиялық бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Енді ол Қазақстанды әлемдегі ең қуатты индустриялық-инновациялық жағынан дамыған елдердің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Біздің осы белесті бағындыратынымызға кәміл сенемін.
Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы.