XV ғасырда өмір сүрген ойшыл Асан қайғының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» мен Жерұйықты іздеп сабылуы, шарқ ұруы тегін емес. Теңдік пен байлығы мол Жерұйыққа орналасқан елге тек өзін-өзі рухани жетілдірген адамдар және әділ қоғам орнатқанда ғана жетуге болады.
Дала ойшылының дүниетанымдық көзқарасының мұрагері – өзінің философиялық ой-толғаулары арқылы қазақ халқының рухани болмысына назар аударған Абай Құнанбайұлы болды. Абайды «қазақ өркениетінің айнасы» деп тегін айтпаған. Қазақстанда ХІХ ғасырдың екінші жартысында құлықтық-этикалық мәселелер күрт шиеленісті. 1867 жылғы реформадан кейін отарлаушы билік ұлттың қоғамдық дамуын тоқыратты, дәстүрлі әлеуметтік институттар деградацияға ұшырады. Осы тұста рухани бастауға қайта оралып, халықтың төл мұраларын бағдар ретінде ұстану қажет болды.
Ұлы ақын, данышпан философ Абайдың ойлары «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бəрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын əдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», – деген негізгі және басты жаңғырту ұлттық тамырға көңіл бөлу керектігіне баса назар аударған Елбасының бағдарламалық мақаласымен үндеседі.
Абайдың руханият ілімі қай уақытта болса да өз мәнін жоймайды, бүгінгі күнде де өзекті. Әрбір жаңа ұрпақ Абайды оқи отырып, оны жаңа қырынан таниды, өздерін толғандырып жүрген сұраққа жауап табады. Сондықтан, менің ойымша, оның мұрасы Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарында насихатталуы керек және оқу үрдісіне енгізілгені жөн. Оқытылғанда да танымдық, дискуссиялық тұрғыдан талданып оқытылса ғана Абайды тереңірек танимыз. Пікірталас арқылы ақиқатқа жетуге болады, сенім қалыптасады, жеке дүниетанымдық ұстанымының таңдауы анықталады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы қазақ ұлтының ХХІ ғасырда сәтті бейімделуіне жағдай жасайтын ашық әлем, жаңа білімді қабылдауды, белсенді патриотизмді, туған өлкенің, Отанның көркеюіне атсалысуын мәлімдеді. Бұл – Елбасының Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастаған стратегиялық бағытының логикалық жалғасы. Бұл жұмысында ол қазақ халқының пассионарлық қуатын (Л.Н.Гумилев теориясы) бұзып өтетін жолда не кедергі келтіретінін нақты көрсетіп, нақты тапсырмалар берді. Мақалада көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде ауқымды және іргелі жұмыстар өзін күтіп тұрғаны даусыз.
Республиканың барлық жоғары оқу орындарындай, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты да «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бағдарламалық мақаланың мазмұнынан шығатын отбасы мен мектептің тығыз ынтымақтастығын, әртүрлі білім беру деңгейлерінің (мектепке дейінгі, мектептегі, мектептен кейінгі) өзара әрекеттестігін қамтамасыз ететін, тапсырмаларды іске асыруда ғылыми-педагогикалық қоғамдастықтың белсенді қызметін енгізетін, ұлттық тәрбиеге негізделген кешенді ғылыми-педагогикалық бағдарлама керек.
Ең алдымен, отбасы институтын нығайту керек. Расында, тұлғаны қалыптастыратын орта, дегенмен, отбасылық тәрбие қажет. Абай да парасатты әжесі Зере мен әкесі Құнанбайдың ақылымен Тұлға болып қалыптасты. Әрине, ХІХ ғасырдағы жас отбасымен бірге тұратын аталар мен әжелер институты негізіндегі қазақтың дәстүрлі отбасын бүгінгі ХХІ ғасырға өзгертіп әкеле алмаймыз. Дегенмен, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттауға, оларды күнделікті жосынға салуға әлеуетіміз жеткілікті.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы дер кезінде өмірге келген маңызды тақырыптың бірі. Тәуелсіздікпен бірге еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген сан алуан этнос өкілдерінен құралған дарынды тұлғаларды елге танытуды мақсат етеді. Елбасы мақаласында: «Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», – деп жобаның мақсат-мұратын айқындап берді. Бұл жобаның келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан ата-бабаларымыздың өшпес тұлғасына құрмет көрсетудің тәжірибелік тұрғыдан жоғала бастаған дәстүрін қайта жаңғыртатыны сөзсіз. Жапондықтар өздерінің бүгінгі бар, тіршілік етіп жүрген адамдарын «Ұлттық байлық» ретінде құрметтейді. Сол сияқты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» де Тәуелсіз Қазақстанның игі дәстүріне айналатынына сеніміміз мол.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі таңдағы ең өзекті сұрақтарға жауап береді. Асан қайғы іздеген Жерұйық – бүгінгі Қазақстан, алайда бұл «бөрікті аспанға ататын» уақыт келді деген сөз емес. Біз менталитетімізге жат, еліміздің тәуелсіздік тұғырын құлатуға бейім, зиянды идеологиясы бар күрделі де аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі іргесі сөгіліп, тас-талқан болып, халқы босып кеткен мемлекеттер соның айғағы. Тек бізге сенімділік беретін күш-қуат – ол елдің мақсатқа жетудегі бірлігі мен жақсы тұрмысы және Отанға деген сүйіспеншілігі. Біздің әрқайсымызға жігер беретін де осы.
Орбұлақ шайқасында 50 мың қолды жоңғар әскеріне 600 қазақ батыры төтеп берді. Ұрыста қазақ жасағы жоғарғы патриоттық идеал үшін өзін құрбан етуге әзір екенін көрсете білді. Алайда қазіргі қазақтар туған жері үшін жауға қарсы тұрған ата-бабаларының өшпейтін ерлігінен гөрі Спартан патшасы Леонид пен оның 300 жауынгерінің ерлігін жақсы біледі. Бұл тарихи жадтың өшуі ме, әлде...?! Біздің батырларға жоңғарларды жеңуге көмектескен жағдай – халқына, отбасына, Отанына деген сүйспеншілік және ұлттың тұтастығы, бірлігі болды.
Рухани іргетасымыз – өз тілімізді, төл мəдениетіміз бен салт дəстүрлерімізді әспеттеп, жас ұрпаққа, бүкіл əлемге насихаттау, заман талабына сай іскерліктің озық тәжірибесі мен жаңашыл жолын үйрету көкірегі нұрлы, санасы сәулелі студенттерге сапалы білім арқылы серпін беру, ұлтжандылықты дамыту үшін саналы тәрбиеге екпін беру бізге, ЖОО-ның басшыларына зор жауапкершілік артады. Жалпы, ұлттық рухтың қайнар көзі туған жерден басталады. Елбасы мақаласындағы айтылған ұлттық кодтың – тіл, діл, діннің қаймағы бұзылмай сақталған жері де – ауыл, туған жер, туған өлке.
Елбасы патриоттық сезімнің, ең алдымен, кіндік қаның тамған жеріңе, туған еліңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты. Бағдарламаның мәнін түсіндіре келіп: «Бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», – деп өлкетану негізінде туған жердің тарихын зерделеу керектігіне баса көңіл бөледі. Отансүйгіштікке тәрбиелейтін жолдың бірі де осы тарихи өлкетану. Біздің институтта «Серпін-2050» бағдарламасымен Қазақстанның оңтүстігінен келіп оқып жатқан 500-ге тарта студентіміз бар. Болашақта өздері білім нәрін алып жатқан Ертіс-Баян өңірінде жұмыс істеп, отбасын құрып, тамырын тереңге жіберу үшін оларды осы өлкемен жан-жақты таныстыруды жөн көрдік.
Ең алдымен, жас өлкетанушы-саяхатшылардың тізімінде облыс орталығымен байланыстыратын, ұзақтығы 12 шақырымға созылған Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ұзын көпір арқылы өтетін Ақсу қаласы болды. Екібастұздағы көмірді ашық әдіспен өндіретін, әлемдегі ең үлкен кен орны «Богатырь Көмір» студенттердің зор қызығушылығын туғызды. Сапар алтын кен орнымен танымал Майқайыңнан кейін Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бағытталды. Студенттер бұл жерде алаштың демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұражайымен танысып, ақын өміріне қатысты көп мағлұмат алды. Студенттердің алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар Ресеймен шектесетін Ертіс-Баян жерінің тарихи бай өлке екенін алғаш рет білді. Өлкедегі андронов тайпасының қонысын, қимақ қалаларының орнын, жоңғарлармен айқасқан жерлерді өз көздерімен көріп танысты. Олар біздің өлкенің жақұты – Баянауылды алғаш рет көрді. Міне, осындай көзбен көріп, қолмен ұстап танып-білген шексіз әсерлі сезімнен кейін кең-байтақ Қазақстанның кез келген жерін көрсем, білсем деген құлшыныс оянады. Осыдан біздің тұтас тарихи санамыз қалыптасады, аймақтық жіктеліске қарсы тұратын ұлт бірлігі ұйысады. Осындай әсерлі сілкіністен кейін туған жерге деген сүйіспеншілік нығаяды.
«Ел ерді өсіреді, ер елді өсіреді» деген даналық сөз бар. Ғасырлар тоғысында, Қазақстан тарихи таңдаудың алдында тұрғанда ұлт тағдырын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолына алды. Халық алдындағы зор жауапкершілік, ауыр міндет. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, Асан қайғы іздеген Жерұйықты бүгінде Қазақстанмен салыстыру тегін емес. Расында, біздің еліміз айналамыздағы сілкініп жатқан әлем ортасындағы татулық пен келісімнің жазирасы. Оның осылай ұйысқан Жерұйық болып тұруы болашақ ұрпақтың патриоттық сезімі мен азаматтық ұстанымына қатысты. Сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Ұлы Дала елінде Тәуелсіздіктің баяндылығын көріп, жұлдызы жарқыраған Мәңгілік Ел – Қазақ мемлекетінің дамуындағы стратегиялық маңызы бар терең тамырлы темірқазықтай жаңа бағдар болып табылады.
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры