Аймақтар • 27 Маусым, 2017

Төрт өңірді етпен қамтамасыз етеді

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күре жолдың бойында отыр­­­ған Сайрам ауданының ди­қан­­дары мен шаруаларының маң­­дай термен өсірген көкөніс­т­ері мен ет өнімдері Қазақ­стан­ды қойып, көрші мемлекет­тер­дің дастарқанын жайнатып отыр.

Төрт өңірді етпен қамтамасыз етеді

Аудандағы 172 мал бор­­да­­қылау алаңдарында 28 мың ірі қара семіздіктен таңы айы­ры­­лайын деп тұр. Мұндағы өзбек аға­йын­дар малдың қоңын қа­лай көтеру­дің жолын біледі. Біз­дің қазекең ірі қараның алдына шө­меле етіп шөп үйіп, судан тарық­тыр­ма­ғанымен, Сай­рам­дағы шаруалардай семірте алмайды.

Сайрамда талай мал борда­қы­лайтын қораларды аралап көрдік. Үш мезгіл дәу қара шелек­­­пен мәймілдетіп кебек, шұл­­қа, шрот, өнген бидай, сұлы ара­лас­қан сұйықтықты алды­­на тар­тады. Тәбетін ашатын дәрі еге­тіндері де бар. Бұры­­ны­­рақта сыра зауытынан қал­ған сұлыны да беріп келген. Осының бәрін жалап-жұқ­тап жеп қойған өгіз бір кесе көк­­нәр езілген сұйық­тықты сімі­­ріп тастап, ыстық шайды қауып-қауып ішіп, артындағы жас­тыққа сұлайтын кәнігі көкнар­шыдай мүлгіп жатады. Күніне кем дегенде 70 грам­ға дейін қосатын бұл сиыр­ла­р­­дың еті «мәрмәр» деп атала­ды. Құдайдың құдыретін қара­саңыз­шы, сайрамдық шаруалар байлаған малдың еті бір май, бір ет, көрер көзге сүйкімді.

Ауданда жылына екі рет бор­дақыланғаннан кейін 17 мал сою бекетіне шығары­лып, 65 мыңдай ірі қара сойылады. Сонда орташа есеппен жылына 11 мың тонна ет Қазақстан нарығына шығарылады.

Біз барған Манкент ауы­лын­дағы «Курвантай Ата» серік­тес­­тігі жұмысын 2014 жылы бастаған. 2015 жылы мал борда­қы­лау кешенін аяқтаған серіктес­тік бір мезгілде 700 басты жемге қояды. Жылына орта есеппен 300 тоннадан астам ет дайындайтын серіктес­тік сойған малының етін Шым­кенттен бөлек, Алматы, Ас­тана қалалары, Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласына шы­ғарды. Сонда дайын етті нарыққа шығаратын серіктестері бар. Яғни, қайда өткіземін демейді.

Сиырдан бөлек, жылқы бор­да­қы­лайтын кешендерде Ресей­ден әкелінген қылқұй­­рық­­тылар да ұшырасады. Қазақы жыл­қылардай қазы байла­­ма­ғаны­мен, қара еті мол ірі жыл­қы­ны саудалаушылар да көп. Осылайша шағын бір аудан­ның еңбекқор шаруалары мал борда­қы­лаудан күреп пайда тауып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024