Рейтинг тұтынушылардың жоғары оқу орындары туралы ақпарат алу қажеттіліктерін қанағаттандырады; білім ұйымдары арасындағы бәсекелестікті ынталандырады; инвестицияны салуға тиімді мүмкіндік береді; әртүрлі жоғары оқу орындары мен бағдарламалар арасынан таңдау жасауға көмектеседі.
Егер көп өлшемді рейтинг жоғары оқу орындары қызметінің әртүрлі саласын қамтыса, онда ол ынтымақтастық мақсаттарында шетелдік жоғары оқу орындары үшін әлеуетті серіктестер туралы, сонымен бірге бәсекелестердің стратегиялық активтері туралы толық мәлімет береді. Одан басқа, дұрыс түсініліп, дұрыс пайымдалған жағдайда рейтинг, мемлекеттік органдар мен тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері орындайтын сапаны бағалаудың қатаң ғылыми тәсілдерін толықтыра отырып, нақты бір елдің жоғары оқу орындары «сапасын» анықтауға көмектеседі.
Университеттердің салыстырмалы сипаттары туралы ең үздік ақпаратқа ие болу жоғары оқу орындары басшылығына болашаққа стратегиялар мен жоспарларды құрастыруға мүмкіндік береді, талапкерлер мен олардың ата-аналарына, студенттер мен жұмыс берушілерге жоғары оқу орындары арасында таңдау жасауда жеңілдік береді. Қазақстандағы жоғары оқу орындарын саралау жоғары білім беру жүйесінің бөлінбейтін бөлігі болып табылады және тек жоғары оқу орындары мен талапкерлердің (олардың ата-аналарының) ғана емес, кең жұртшылықтың (саясаткерлердің, жұмыс берушілердің, журналистердің, білім беру саласы талдаушыларының) да қызығушылығын тудыруда.
Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚА) - рейтинг еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының жыл сайынғы кезекті, тоғызыншы ұлттық рейтингін ұсынады. БСҚА ең үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындарының әртүрлілігі ескерілген. Білім ұйымдары, осыған дейінгі рейтингтердегідей, көп салалы, техникалық, гуманитарлық-экономикалық, педагогикалық, медициналық және өнер саласының жоғары оқу орындары бағыттары бойынша ұсынылады.
Рейтинг әдіснамасы халықаралық сарапшылармен мақұлданған, шетелдік рейтинг журналдарында жарияланған және Шанхай қаласы мен Братислава қаласындағы әртүрлі халықаралық конференцияларда ұсынылған. Бағалау индикаторлары мен өлшемдерінің толық сипаттамасы
www.nkaoko.kz сайтында қол жетімді.
Жоғары оқу орындарын жан-жақты бағалау үшін, бұрын көрсетілгендей, үш баға қолданылады. Бірінші баға жоғары оқу орындары қызметінің білім беру және ғылыми-зерттеу параметрлерімен анықталды, екінші – репутациялық бағалау – академиялық және ғылыми қауымдастық өкілдерінің пікірін көрсетеді, үшінші баға – жұмыс берушілер арасындағы репутациялық бағалау. Рейтинг әдіснамасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда өзгерістерге ұшыраған жоқ десе де болады.
1) 1-сауалдама – академиялық қызметтің 6 индикатор және 36 өлшемнен тұратын бағалауы: контингент, студенттердің білім нәтижелері және жоғары оқу орнында іске асырылатын білім беру бағдарламаларының саны, академиялық кадрлар – профессорлық-оқытушы құрамы – бойынша, ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмыс, халықаралық ынтымақтастық және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша бағалау. Статистикалық ақпарат көзі – 1 сауалдаманы толтырған жоғары оқу орындары сауалдамаларының деректері (салмағы – 70%).
2) 2-сауалдама – жоғары оқу орындары қызметі сапасына академиялық қоғам – ұлттық және халықаралық сарапшылар берген репутациялық бағалау (салмағы – 15%);
3) 3-сауалдама – жоғары оқу орындары түлектерін жұмыс берушілердің репутациялық бағалауы (салмағы – 15%).
Аталған көрсеткіштер Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттік қолданатын рейтинг анықтаудың көп өлшемді әдіснамасының құрамдас бөліктері болып табылады, бұл әдіснамада өткен жылғы рейтингпен сабақтастық сақталды. Пайыздық көрсеткіште алсақ, 1 сауалдаманың маңыздылығы – 70 %, екінші және үшінші сауалдамалардың маңыздылығы – әрқайсысы 15 % ретінде анықталынған.
Жоғары оқу орындарының үш сауалдама бойынша сандық нәтижелерінің барлығы сауалдамалар арасында 70:15:15 қатынасы сақталып көрсетілген.
1 сауалдама бойынша ұсынылған рейтинг көп өлшемді рейтинг болып табылады, өйткені ол жоғары оқу орындары қызметінің әртүрлі саласын: профессорлық-оқытушы құрамының қызмет сапасының академиялық статистикалық көрсеткіштерін, студенттер құрамы мен олардың білім нәтижелерін, жоғары оқу орындарының ғылыми және инновациялық қызметін, халықаралық ынтымақтастықты, сонымен бірге Интернеттегі ақпараттық көрсетілімдерді қамтиды.
Web of Science және Scopus деректер базаларындағы жарияланым сияқты ғылыми өлшемдік көрсеткіштерді агенттік 2012-2016 жылдардағы ашық дереккөздерден таңдау арқылы алды.
Халықаралық ғылыми-техникалық орталығы (Ресей, Мәскеу) РҒДИ (Ресей ғылыми дәйексөз индексі) ғылыми басылымдар базасындағы қазақстандық жоғары оқу орындары ғалымдарының басылымдары мен дәйексөздері туралы толық ақпарат ұсынды.
ISBN бар оқу құралдары, монографиялар, ҚР БжҒМ грифімен шығарылған кітаптар, оқулықтар туралы нақты ақпарат агенттіктің сұранысы бойынша ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасымен ұсынылды, зияткерлік меншік туралы куәліктер мен патенттер туралы мәліметтер ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқығы комитетінен алынды.
Студенттердің білім жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелері сияқты тәуел-
сіз деректер ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығынан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант алған жоғары оқу орындары түлектерінің немесе тағылымдамадан өткен оқытушылар саны туралы деректер «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «Жылдың үздік оқытушысы» бағдарламасы бойынша гранттар саны ҚР БҒМ Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру департаментінен алынды. Агенттік осы ұйымдарға ұсынылған ақпарат үшін өзінің ризашылығын білдіреді.
2-сауалдама мемлекеттік органдарға, барлық облыстық әкімдіктерге, «Атамекен» ҰКП облыстық ұйымдарының филиалдарына, ұлттық компанияларға, астаналық және өңірлік орта және шағын бизнес-компанияларға сауалдамаға қатысу үшін курьерлік және электрондық пошта арқылы жіберілді. Жіберілген сауалдамалардың барлық саны 5 000-нан асады.
Агенттік министрліктер мен ведомстволардан, облыстық және қалалық әкімдіктерден, ұлттық компаниялардан еліміздің барлық өңіріндегі үлкен, орта және шағын бизнес компанияларынан 1600 аса сауалдама алды.
Сауалдамаға қатысуда Қаржы министрлігі, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Әділет министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Жамбыл, Алматы, Ақмола және Атырау облыстарының әкімдіктері, «Нұр Отан» ХДП, «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» ҚБ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ-тың, «Ұлттық ғарыштық зерттеу мен технологиялар орталығы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазАгро» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» АҚ, Kazakhstan Fashion Week үлкен белсенділікті танытты. Одан басқа «Коммерциялық телевизиялық канал» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, 365info.kz сияқты БАҚ өкілдері мен екінші деңгейдегі «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Нұрбанк» АҚ-тың жоғары белсенділігін атап өтуге болады.
800-ден аса сауалдама электрондық пошта арқылы, Қазақстан мен шетел жоғары оқу орындары толық қамтыла отырып, барлық өңірлердегі сарапшыларға жіберілді. 400-ден аса жауап келді, сарапшылар ретінде 400-ден аса отандық және шетелдік профессорлар мен доценттер қатысты. Сауалдама нәтижелері сауалдамаға қатысқан ең белсенді респонденттерді саралауға мүмкіндік берді: ұлттық сарапшылар ішінде – Алматы қаласынан (18,6 %), Қарағанды – (13,2 %) және Астана – (11,8 %) қалаларының, шетел қоғамдастығынан – Ресей, Эстония, Литва және Латвия өкілдері. Агенттік зерттеуге қатысқан барлық сарапшылар мен жұмыс берушілерге шынайы ризашылығын білдіреді.
Осы жылы Қазақстанның 2017 жылғы үздік жоғары оқу орындары ұлттық рейтингіне көп салалы, техникалық, гуманитарлық-экономикалық, педагогикалық, медицина және өнер бағытындағы барлығы 61 жоғары оқу орындары қатысты. Алайда Қазақстанның 2017 жылғы үздік жоғары оқу орындары ұлттық рейтингіне небәрі 57 жоғары оқу орны – академиялық қызмет (1 сауалдама) бойынша максималдық балл санының кемінде 30%-ын жинаған жоғары оқу орындары енді. Үздік жоғары оқу орны ұлттық рейтингіне кірмеген жоғары оқу орындары жеңілісте қалмағандықтарын айта кету керек. Жоғары оқу орындары әр индикатор мен өлшем бойынша жасалған рейтингтік орын туралы ақпарат алып, өзінің позициясын жақсарту үшін қай мәселе бойынша және қалай жұмыс істеу керектігін білулеріне болады.
Жалпы, қорытынды нәтижелер рейтингтік кестелерде көрсетілген, олардың арасындағы көшбасшылар:
• көп салалы жоғары оқу орындары арасында – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.
• техникалық жоғары оқу орындары арасында – Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті;
• гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындары арасында – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Алматы менеджмент университеті, Нархоз университеті;
• педагогикалық жоғары оқу орындары арасында – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты;
• өнер жоғары оқу орындары арасында – Қазақ ұлттық өнер университеті;
• медициналық жоғары оқу орындары арасында – С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті, Семей қаласының мемлекеттік медицина университеті.
Жоғары оқу орнының рейтингтегі орны пәндерді оқытудың, материалдық-техникалық қамтамасыз етілудің, әр саладағы ғылыми-зерттеулер сапасының бір деңгейде тұрғандығын білдірмейтіндігін ескере отырып, ағымдағы жылы БСҚА үздік жоғары оқу орындарының рейтингісінің, оның ішінде жоғары оқу орындарының академиялық қызметі, жоғары оқу орындары қызметі сапасына ұлттық және халықаралық сарапшылардың берген репутациялық бағалауы, жоғары оқу орындары түлектеріне жұмыс берушілер берген репутациялық бағалау сияқты индикаторлар бойынша үздік жоғары оқу орындарының рейтингін ұсынады. Талапкер агенттіктің сайтында әр индикатор бойынша рейтингті таба алады және сол немесе басқа индикатор бойынша өз таңдауын жасай алады, осыған байланысты 1-сауалдама бойынша рейтинг көп өлшемді болып табылады.
Жоғары оқу орындарының академиялық қызметтері бойынша, сарапшылар мен жұмыс берушілердің репутациялық бағалаулары бойынша жеке-жеке рейтингтерді және толық www.nkaoko.kz сайтында қарауға болады. Материалдарды қайта басылымға жібергенде Агенттіктің сайтына сілтеме жасау керек.
Биылғы жылы Агенттік Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің соңғы 4 жыл ішіндегі (2013-2016 жылдар) деректері негізінде талапкерлерді қабылдау бойынша шағын талдау жасау жөнінде шешім қабылдады. Талапкерлердің қандай мамандықтарды таңдайды, оларды қабылдау саны қанша, қабылдау қалай өзгереді деген сұрақтар қызығушылық тудырды.
Жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау (соның ішінде мамандықтар бойынша) статистикасының салыстырмалы талдауы біздің елімізде, жалпы алғанда, жоғары білім алуға қоғамның қызығушылық танытуы жоғары екендігін көрсетеді. Мысалы, 2013-2016 жж. төрт жыл ішінде жоғары оқу орындарына түскен талапкерлер саны 118 540 адамнан (2013) 147 692 адамға (2013), яғни 24, 6% дейін көтерілген. Осы кезең ішінде қабылдау санының төмендеуі байқалады, мысалы, 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда, қабылдау 8,62% төмендеген, оның ішінде 114 899 талапкер немесе 77,66%-ы келісімшарт бойынша қабылданған.
Зерттеу жүргізілген кезең ішінде маман дайындау бағыттары арасында ең көп сұранысқа келесі мамандықтар: білім беру, техникалық ғылымдар мен технологиялар, экономика және бизнес, құқық бағыттары ие болған. 2016 жылы педагогикалық мамандықтар бойынша талапкерлердің жалпы саны 42,5 мыңнан астам адам құрады, соның ішінде, мемлекеттік білім беру гранттары бойынша 5,05 мың студент, техникалық ғылымдар және технологиялар бойынша – 31,10 мыңнан аса адам, оның ішінде мемлекеттік грант – 12,36 мың адам; экономика және бизнес – 20,23 мың, грант бойынша– 3,3 мың адам; құқық бағыты бойынша 16,1 мыңға жуық адам, оның ішінде 0,7 мың талапкер. Мамандарды дайындау бойынша жоғарыда көрсетілген бағыттар үлесіне 2016 жылы жоғары оқу орындары түскен талапкерлердің жалпы санының 74,44 %-ына сәйкес келеді. Білім беру бағыты бойынша ерекше сұранысқа ие мамандықтар қатарында дене тәрбиесі және спорт, шет тілі, аударма ісі; құқық бағыты бойынша – әділет; өнер бағыты бойынша – дизайн; экономика және бизнес бағыты бойынша– экономика, есеп және аудит, қаржы; техникалық ғылымдар мен технологиялар бағыты бойынша – ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалау, көлік, көлік техникасы және технологиялары, электр энергетикасы, радиотехника, электроника және телекоммуникация, құрылыс.
Талапкерлердің жоғары оқу орнын таңдауына мамандықтың мәртебесі, оны мемлекеттің қолдауы, бөлінген мемлекеттік гранттардың бар болуы, оқу ақысы және жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне байланысты болатынын атап өтеміз.
Биыл Агенттіктің www.nkaoko.kz сайтында рейтингке қатысқан барлық жоғары оқу орындарындағы орташа оқу ақысы көрсетілген.
2017 жылғы бағдарламалық рейтингке 279 бағдарлама бойынша 45 жоғары оқу орны қатысты, өткен жылы 143 бағдарлама қатысқан болатын. Рейтингке ұсынылған бағдарламалардың жалпы саны 1 100-ден асады. Ұсынылған бағдарламалар саны мен нәтижелері бо-
йынша көшбасшы бестікке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (152), академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (122), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (113), М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (92), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті (66) енді.
Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚА) талапкерлерге мамандық бойынша жоғары оқу орындарын таңдауда өз қалауын дұрыс жасауда сәттілік тілейді және сол таңдауда Қазақстанның үздік ЖОО рейтингісі дұрыс бағыт беретін жол сілтеуші болады деп сенеді!
Шолпан КАЛАНОВА,
БСҚА - рейтинг президенті, профессор, педагогика ғылымдарының докторы