Экосүзгі – ауа тазартудағы таптырмас құрал
Оқу ордасының профессоры Ғани Ізтілеуов қоршаған ортаның ластануы – жаһандық мәселе, онымен әр ел өзінше күресіп жатқанын айтады. Бұл ретте университеттің «экология» кафедрасының студенттері «Назарбаев университеті» орнықты даму офисімен бірлесіп, «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясының демеушілігімен 3 стартап-жобаны жүзеге асырды. Олар – экосәкі, (экобеседка) экоарт пен ауадағы улы газдарды экосүзгі арқылы залалсыздандыру жобалары. Сонымен қатар студенттер дуальді оқыту бағдарламасының негізінде қаланы көркейту жұмыстарына, тазалық іс-шараларына қатысып, арнайы экологиялық экспедицияларға шықты. Биыл «Жас ғалым» жобасы аясында университет докторанттары грант жеңіп алды. Олардың әрқайсысы ауыз су, ауа, жерасты суларын тазарту, мегаполисті жасыл қалаға айналдыру, қалдықтарды кәдеге жарату салаларында ғылыми зерттеулермен айналысады. Жобалар Шымкент пен Түркістан облысының экологиялық мәселесін шешуге арналған.
«Экофильтр» – экология кафедрасы ХТ-21-4к тобының студенті Азада Илесованың дайындаған жобасы. Ғылыми жетекшісі – Айсұлу Абдуова. Экосүзгі – Шымкент қаласының ластанған ауасын тазартуға арналған құрылғы. Жаңадан ойлап табылған құрылғының көмегімен университет кампусындағы оқу кабинеттерінің де ауасын тазартуға болады. Бұл жасыл аймақ құруға таптырмас құрал. Жүз шаршы метр аумаққа есептелген. Аумақ көлемі ұлғайған сайын қосымша сүзгілер қойылады. Екіншіден, оның көмегімен таза ауамен қамтасыз ету арқылы студенттердің денсаулығын жақсартуға, яғни жасыл аймақты жасауға болады. Бұл сүзгі 100 шаршы метр аумаққа есептелген, одан көп болса, қондырғының бірнешеуі қойылады.
«Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполис ауасының ластану деңгейі жоғары. Әсіресе соңғы жылдары ауаға таралатын зиянды заттар шамадан тыс артып кеткен. Зауыттардың мұржасынан шығатын түтіннен ауаға шаң, газ, күкірт, көміртегі тотығы, азот диоксиді, формальдегид, аммиак, кадмий, мыс, мышьяк, қорғасын тарайды. Автокөліктер де ауаны ластауда өндіріс орындарынан қалысып жатқан жоқ. Мегаполисте халық санының артуына байланысты автокөліктер де жылдан-жылға көбейіп барады. Көмірқышқыл газы ауадағы парниктік әсерді күшейтетіні белгілі. Көпшілік көліктің жанармаймен жүретінін ескерсек, зиянды газдың ауаға таралатын мөлшері де көбейетіні айқын. Экологтардың зерттеуіне қарағанда 1 тонна жанармай жанған кезде ауаға 800 келі зиянды қоспа бөлініп шығады екен. Бұл деген сөз адам да, жануар да табиғат та зиян шегіп отыр. Парниктік газдан ауа температурасы жоғарылайды. Жоғары температурада ылғалдылық азаяды. Адам баласына қолайлы ылғалдылық 45-55%-ды құрайды. Төмен ылғалдылықта тыныс жолдары мен шырышты қабат құрғауы мүмкін. Оның салдары түрлі тыныс жолдары аурулары мен жөтелге алып келеді», деді жоба жетекшісі А.Абдуова.
Экофильтр екі кіріс пен шығыс вентиляторы, дисплей экран, «Arduino UNO» құрылғыны басқарушы орталық, сорғы, ауаны тазартуға себетін сұйықтық реле, шамдар, ішкі, сыртқы газ датчигі, күн панелінен құралған. Оның бір ерекшелігі құрылғы бұзылған жағдайда өздігінен хабар береді дейді стартап жобаны ойлап табушы студент А.Илесова.
Жобаны жасаушылар алдағы уақытта құрылғыны жетілдіре түспек.
Экоартқа сұраныс жоғары
Экоарт дегеніміз – табиғат, қоршаған орта, экологиялық мәселелерді шешуге арналған өнер. Оның басты мақсаты – табиғатты қорғау идеяларын насихаттайды, экология мен өнерді үйлестіре отырып адамдарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Әуезов университетінің студенттері осы өнер арқылы халықтың экологиялық сауатын ашып, жұрттың назарын табиғатты қорғау мәселесіне аударып, қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастырғысы келеді. Сол үшін олар табиғатта жиі кездесетін мүкті кәдеге жаратты. Студенттер оны оқу ордасының зертханасында өздері өсіріп жатыр.
«Мен бірінші курста практикалық сабақта алғаш рет мүкпен жұмыс істеп көрдім. Кейін оған қызығып, оны ғылыми ізденісіме арқау етіп алдым. Қазір картинадағы суретке жарамсыз қағаз қалдықтарын өңдеп, оны әрі қарай әрлеуге мүкті пайдаланамыз. Мүк зертханада 15-20 күнде өсіп шығады. Сосын оны қажетімізге қарай өңдейміз. Бұл өсімдік картинада 20 жылға дейін өңін бермей, сақталады. Жалпы мүк зиянсыз, күтімді аса қажет етпейтін экологиялық таза өсімдік. Экоартта ағаш, тас, құм, жапырақ, су, қайта өңделген немесе қалдық материалдарды көп қолданамыз. Негізгі мақсатымыз – шығармашылық өнерде қалдықтарды да кәдеге жаратып, экологияны жақсарту. Экоарт бұл өнер ғана емес, адамдардың табиғатпен қарым-қатынасын жақсартатын мәдени қозғалыс десек те болады» деді «экология» кафедрасы ХТ-23-4К2 ІІ курс студенті Ақерке Сүлетбек.
Оның айтуынша, интерьердегі эко-стиль табиғатқа ең жақын өнер бағыты. Соңғы жылдары елімізде тұтынушылар эко-стильге көп таңдау жасайтын болған. Жас экологтар арт өнімдерін түрлі жәрмеңкелерге апарып жүр, тұтынушылар тарапынан оларға деген қызығушылық жоғары көрінеді. Мәселен шаһардағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың ішін әрлеуге университет студенттері жасаған өнімдерді пайдалануға ұсыныс кеп түскен. Сол секілді Әуезов университетінің экоарт жобасына еліміздегі басқа да жоғары оқу орындары үлкен қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды. Эко-стильде жасалған картиналарға білім ордалары, кітапхана, демалыс аймақтары, дәмхана, кеңселер тарапынан ұсыныстар көп түсіп жатыр екен. Одан бөлек студенттер қалдық заттардың көмегімен қабырға жартастарын да жасап бере алады.
Күннен қуат алатын экосәкі
Осы орайда университетте білім алып жатқан болашақ жас эколог Анель Жалил жасыл технологияны қоғамдық орындарда қолдану қоршаған ортаның ластануын төмендетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтады. Экосәкіні демалыс бекеті десек болады. Және ол «киіз үй» пішінінде жасалған. Онда күн көзінен энергия алатын панельдер орналасқан. Жинақтаған энергиядан электронды құралдар зарядталып, ауа тазалағыш шағын қондырғы қуатталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңыздылығын атап өткен болатын. «Бұл бастама Қазақстан халқын біріктіріп, оларды туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіреді» деген еді Президент. Сол айтқандай, М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері жасыл қала – Шымкенттің тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сол үшін тұрақты өтетін жалпыұлттық сенбіліктерге белсенді түрде атсалысып келеді. Студенттердің қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңашыл идеялары мен жобалары шынында да ел сүйсінетін бастамалар. Осы орайда келешекте бұл жобалар ел экологиясын жақсартуға өзінің үлкен үлесін қосатынына кәміл сенеміз», деді профессор Ғ.Ізтілеуов.
ШЫМКЕНТ