Қазақстан • 27 Маусым, 2017

«Айна» десе – айна

342 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Қиындықтың жақсылығы бар» Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Газет-халықтың көзі, құ­лағы һәм тілі» деген еді. Бүгінгідей ақ­парат билеген заманда газеттің Ахаң айтқан осы міндеттерінің жүгі бұрын­ғы­дан да салмақтана түс­кені сөзсіз. Алай­да, газет­тер­дің нарық теңізіне шық­қалы бас­тан кешкен қиындықтары аз емес. Әсіресе, жергілікті, өңір­лік газ­еттердің «халықтың кө­зі, құлағы һәм тіліне» айналуы жур­налистігі де, ұйым­дас­ты­ру­шылығы да мықты менеджер редакторға байланысты екені байқалады. Қарабалық аудандық «Айна» газеті қазір облыстағы кеуде қатарлы басылым саналады. Мария Сапарова 90-жылдары оқырманына жетпей қалған басылымды қайта қалпына келтіріп қана қойған жоқ, жұрт іздеп жүріп оқитын, билік те, оқырман да санасатын газетке айналдырды.

«Айна» десе – айна

– 90-жылдары тек Қара­ба­лықта ғана емес, көптеген ау­дан­дарда газет шық­пай қал­ды. Сол кезде біз­дің Қа­ра­балық аудандық газетін жеке­мен­­шікке беріп, кездейсоқ адам­ның қолына ұс­тата салды. Га­зет құлдырап кетті. Про­ку­ратура арқылы газеттің сүлдерін алып, тақыр жерден істі қайта бастадық. Се­бебі, қанша тұрмыс ауыр болғанымен, адам­дар ақпарат аштығына шыдамайтын секілді, –дейді газет редакторы Мария Сапарова.

Мария Әбутәліпқызы «Дела и люди» деп аталған аудандық газеттің алдымен атын «Айна» деп өзгертті. Аты өзгерген басы­лым­ның енді затын да өзгерту қа­жет еді. 90-жылдары ауыл ша­руашылығы әбден тұралаған кезде аудандарда газетті қаржы­лан­дыратындай мық­ты бюджет болған жоқ. Газетті сақ­тау үшін оны жекешелендіру керек болатын. 2001 жылы Мария Әбу­тә­ліпқызы «Айна» Қарабалық аудандық га­зеті» жауапкершілігі шек­теулі серік­тес­тігін құрды. Қар­жы болмаса газет шық­пай­­ды, сондықтан жарнама жа­ғын кө­бейтуге, қаржы көз­дерін іздеуге ту­ра келді. Қар­жы үнемдеу үшін редак­ция ұжы­мы газетті оқырмандарға пош­та арқылы емес, өздері жет­кі­зіп беру­ді ұйымдастырды. Ол үшін әр ауыл­дан ауданға қатынайтын жеке адам­­дармен, жергілікті атқару орган­да­рымен, шаруашылық басшылары­мен келісімдер жасады. Жұрттың на­рық­қа әлі мойынсұна қоймаған кезі. Ша­руасы шайқалған ауылда кә­сіп­кер­­лік енді қылаң бере бастаған бола­тын. Газетке жарнама негізінен кә­сіп­кер­лер­ден түсетінін нарық ұста­ны­мын тү­­сінген адам бағамдар еді. Ре­дакция ұжы­­мы ауданда енді пайда бола бас­та­ған кәсіпкерлік өкілдерін ша­қы­рып, оларға өз ісін, тауарын жарнама жасауды оқытты, тренингтер, ойын формасындағы сабақтар өткізді. Газет оқырманның алдында жүр­ді, ол керегін «Айнадан» табатындай, ақылдасуға «Айнаға» жүгінетіндей етуді мақсат етті. 

2000 жылдан бастап, еліміз эконо­микасы көтерілуге бет алды. Мұны қа­ра­балықтықтар да сезіне бастады. Сол жыл­дары А.Байтұрсынов атындағы Қос­­танай мемлекеттік уни­вер­­­ситетінің сол кездегі Жур­на­листика факультетін бас­қарған Гүлнар Асанбаева Вашинг­тон­дағы Халықаралық журналистер орта­лығының (ICF) Қазақстандағы бұ­қа­­ра­лық ақпарат құралдары өкіл­де­ріне арналған кәсіби оқыту бағдарламасына қатысуға облыс­тан журналистер тартты.

– Гүлнар Досқалиқызына б­ү­гін­ге дейін алғысым шек­сіз. Біз осы бағдар­ла­ма ая­сын­­дағы конкурсқа қатыс­тық. 60 қа­тысушының арасы­нан жеңім­паз бол­ған 8 жур­на­листің бі­рі бол­дым. 2004 жы­лы ор­та­­лық 8 жур­налисті Аме­­ри­каға алып барып, әр штат­тар­ға бө­ліп, сондағы газет­тер­де тәжірибеден өткізді. Мен Вермонт штатындағы «The Chronicle» деген шағын газетте болдым. Шағын деген газеттің 8 мың тиражы бар, 48 бет болып шығады. Мен Қарабалық аудандық «Айна» газетіндегі өзіміздің жұмысты америкалық газет тәжірибесімен салыстырдым. Олар да газетті өмірдің шынайы айнасы деп біледі екен. Күнделікті жаңалықтарға көп мән береді, газеттің өтуін, таралымын қадағалайды. Бізде ол жылдары интернет енді-енді көріне бастаған еді, ал «The Chronicle» газетінің сайты бар екен, интернет-ресурстары болды. Біздің «Айна» газеті ол кезде ауыр дағдарыстан кейін аяғынан енді тұрып келе жатқан еді. Соның өзінде олар біз­дің кейбір тәжірибелерімізге қы­зы­ғушылық білдірді. Мысалы, газет­ті пош­­тасыз, редакцияның өзі таратады дегенде таңыр­қа­у­ын жасырған жоқ. Ал мен олардан бәсекеге қабілетті бо­лу керек деген түсінікке тұшынып қайт­тым және олар қаржы табуды жолға қой­ған. Газет жар­на­маға нөмір сайын га­зет­тің тең жартысын береді. Сонымен қа­­тар, америкалық журналис­тер шағын, өңірлік газеттердің мақалалары ылғи да қызық болады деп есептейді. Олар маған оны «өңірлерде адамдар бірін-бірі таниды, олар үшін таныстары туралы газеттен оқыған мақаланың барлығы да қызық, өтімді» деп түсіндірді. Қарап отырсам, расын да солай емес пе?–дейді Мария Сапарова.

Оқырман мен газеттің мүддесі бір

Мария Әбутәліпқызы газетті да­мыт­қан­да алдына екі мақсат қойды. Оқыр­ман­мен етене ара­ласу және қаржының қи­ын­дық­сыз келуін ойластыруды көз­де­­ді. Оқырман назарын аудару үшін, әри­не жақсы мақала керек, оған дау жоқ. Оқырманды ой­лантқан, көкейтесті мә­се­­ле­лер­ді көтеретін қаламы ұшқ­ыр жур­на­листерді жинады. «Айна» уақыттың, за­ман­ның, күн­делікті тіршіліктің айнасы бол­ғандықтан, газет үшін де, оқыр­ман үшін де ұсақ-түй­ек мә­селе жоқ, барлығы да ма­ңыз­ды. Ақпарат же­делдігін, жаңа­лық­тардың барынша алуан та­қырыпта, қызықты болу­ын ал­­ға қойды. Редактор Мария Сапарова ре­дакция жанынан мүгедек балаларға құқықтық, мо­ральдық және материалдық қолдау көрсететін «Мейірім мен үміт сәулесі» атты қоғамдық қор құрды. Жыл сайын мүгедек, ауру балаларды шет­елге немесе Астанаға апару үшін аудан тұрғындарынан ақша жиналады, ал газет осы қорға ақпараттық қолдау көрсетеді. Аудандық газет бетінде ауру бала немесе басы­на қайғылы іс түскен, оқыс жағ­дайға ұшыраған жандар тура­лы оқыған тұрғындар тапқан-тая­н­ғ­анын алып, редакцияға келеді. Мысалы, қазір он төрт жасқа келген Ярослава Олей­ник­ке осы жылдар ішінде бір­не­ше операция жасалды. Лейпра ауру­ымен туған қыздың бет әл­пе­тін қалыпқа кел­тіру үшін тағы да операция жасалуы тиіс.

– Ярославаны екі айлығынан бас­тап, біздің оқырмандар жақ­сы біледі. «Көп тү­кірсе – көл» де­­мей ме халқымыз? Оны қан­ша рет операцияға апарса, сон­ша рет көмек берілді. Ақ­­ша­лай көмекті ата-анасы қы­зы­ның емі біткенше Аста­на­­да уа­­қытша пәтер жалдауы­на, та­мағына, жол ақысына жұм­сайды. Мұндай мысал­дар біз­де өте көп. Мысалы, балалары мү­гедек отбасының үйіне пе­ші­­не дейін алып, көгіл­дір отын кір­гізіп бердік, оның бар­лы­ғы да қаржыға келіп тірелетіні тү­сі­­нікті, – дейді Мария Әбу­тә­ліпқызы.

Осы қорға қаржы түсіру мақ­сатымен ауданда жыл сайын «Романс кеші» өтеді. Газет акциясының арқа­сын­да өтетін концертке аудандағы не­­бір таланттар, кәсіби әншілер қаты­са­ды. Осы концерттен түс­к­ен қар­жы­ның барлығы қор­ға тапсырылады. Қара­балық ауданы орталығындағы №1 орта мектептің директоры Көркем Айт­баеваның бастамасымен соңғы 3-4 жыл­да үлкен концерт қайырымдылық акциясы ретінде өтеді. Оған мектеп оқушылары және олардың ата-аналары мен ұстаздары қа­тысады. Кон­церттен түскен қар­жының шеті сын­бастан «Мей­і­-
рім мен үміт сәулесі» қо­рына құйылады. Акция оқырманды газетке жақындата түседі.

Жақсы менеджері бар газет редак­то­ры арқасын тауға сүйегендей екен. Мария Әбу­тә­ліпқызы тек жарнамамен ай­на­лысатын жеке бір маман ұстап отыр. Ол Қарабалықта жарнаманың «иі­сі шығатын» орынның барлығын біледі, адам­дармен сөйлесе алады. Қа­р­жы та­бу­­ға әбден төселген. Об­лыстағы басқа бір газетте де мұндай тәжірибе жоқ. Апта­сы­на бір рет 16 бет болып шы­ға­тын га­зеттің жартысы жар­нама мен аудан әкім­дігінің түрлі актілік құжаттарына бе­ріледі. Қалғандары журна­лист, ди­зай­нер, жазылым жөніндегі бөл­ім меңгерушісі алаңдамай ті­келей өз жұмысына көңіл бө­леді. Мұн­ың сыртында газетті оқыр­ман­дарға жеткізетін 38 пошташы бар.

Газет тілшісі Татьяна Мака­рова елі­­міз­дегі гендерлік саясатты Қара­ба­лық ауданы мысалында талдап жаз­ған болатын. Бұл көпшілік арасында пікірталас та туғызды. Міне, аудандық га­зеттегі жақсы мақаланың авто­ры об­лыс делегациясының құ­рамында Шве­цияға барып келді. Ал қазақ тілінде ма­қала жазатын журналист Динара Өте­шева орыс, қазақ тілдерін жақсы меңгерген.

– Газет редакциясында қы­зу жұмыс қай­нап жатады. Көр­ші Челябі облы­сы­ның ау­дан­­дық газеттерімен араласамыз. Ресейде жыл сайын Қара теңіздің жаға­сындағы Догамыс қаласында 3 мың жур­налистің басын қосатын аудандық және қалалық газеттер фестивалі өте­­ді. Соған да қатыстық. Онда көп мә­се­лелер айтылады. Біздің газетті пош­­тасыз тарататын тәжірибеміз ресей­лік­­терге де қатты ұнады,–дейді Ма­рия Әбутәліпқызы.–Осыдан екі жыл бұ­рын Челябі облысындағы аудандық газ­еттер редакторларын мен де Қара­ба­лыққа шақырдым, экскурсия жа­сат­тық. Олар да біздегі тамаша іс­тер­­ді кө­ріп таңданысты, біздің га­зет тәжі­ри­бесіндегі озық үл­гілерді алатынын айтты.

Қазір бәсекенің заманы. Бәсе­ке­де бәй­геден қалуға болмайды, әйтпесе на­рық иірімінде тұншығып қаласың. Сол үшін «Айна» газеті қазір интернет ресурстарын тиімді пайдаланады, сайтын түрлендіреді. Газет аптасына бір рет шық­қан соң, жаңалықтардың бар­лы­ғын сайтқа салып отырады. «Айнаның» сайтын облыс­та, республикада пайдаланатындар аз емес. Шекарада жатқан аудандық газеттің тиражы бүгінде 4300 дананы құрайды. Бұл ауданның әрбір бесінші адамы басылымды жаз­дырып алады деген сөз. Бұл – өңірдегі аудандық, қалалық басылымдар арасындағы жақсы көрсеткіш. Баспасөзге жазылу науқаны өзгелерге қарағанда Қарабалықта жақсы жүреді. Өйткені, редакция мен оқырман арасында тығыз байланыс бар. «Айна» десе – айна болып отырған газетке оқырмандар ынта-ықыласымен жазылады.Бұл ізденісі көп редактордың түпкі мақсаты болатын.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024