Қазақстан • 03 Шілде, 2017

Мәдениет – бейбітшілік пен келісімнің негізі

587 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі ұлттық мәдени орталықтарының «Мәдени ашықтық − бейбітшілік пен келісімнің негізі» атты азаматтық форумы өтті.

Мәдениет – бейбітшілік пен келісімнің негізі

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған алқалы жиынға Парламент депутаттары,  АӨСШК-ке мүше елдер: Әзербайжан, Түркия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Арменияның және басқа да мемлекеттердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.   

Халықаралық форум ашылмас бұрын қатысушылар ұйымның 25 жылдығына арналған «АӨСШК сәті» көрмесі мен ұлттық-мәдени орта­лықтардың өнер көрмесін тамашалады.

Жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай ашты. Ол фору­м­­-
­­ның маңыздылығына тоқталып, бей­­бітшілік пен келісім ел тұ­рақ­тылығы мен дамуының негізі екенін атап өтті. 

– Қоғамдық келісім мен та­ту­лықты сақтаудың бір шарты – ұлттық құндылықтарды, мә­де­ни­етті, салт-дәстүрлерімізді сақ­тау. Мұның маңыздылығын Ел­ба­сы өзінің «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқын көрсетті. Біз­дің басқосуымыз Астана ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесі ке­зінде өткізілуі де жиын­ның ма­ңызын арттыра түседі, – деді ол.

Ассамблея аясында өткізіліп отырған АӨСШК халықаралық форумы 2008 жылдан бері дәс­түрлі диалог алаңына айнал­ға­­нын атап өткен ол биылғы жи­ын­ның тақырыбы да жайдан-жай таңдалмағанын еске салды. «Мә­дени ашықтық – адамдар мен ұлттарды жақындастырып, тіл табыстырады. Мәдениет – ұлт­тың болмысын сипаттайтын, жа­сам­паздық рухқа ие үлкен күш. Ол этностардың бір-біріне деген құрмет сезімін оятуға, біріктіруге, тәрбиелеуге және олардың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтауға ба­­ғытталады. Мәдени ашықтық ұлт­тар арасындағы қарым-қа­ты­насты қа­лып­тастыруда не­гізгі рөл ат­қа­рады. Мемлекет бас­шысы «Мә­дениет – ұлттың бет-бейнесі, ру­­хани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» деп атап өткені бел­гілі. Жа­һандық сын-қатерлер ке­зінде Азия халықтарының мә­дени және рухани ашықтығы, олардың ішкі жаңғыруға деген ұдайы ұмтылысы мен дамуы –  бейбітшілік пен келісімді сақ­таудың кепілі.  Сондықтан кез кел­ген ұлт мәдениет пен дәстүр арқылы мәңгілік бола алады», –  деді Дархан Қамзабекұлы. 

Одан кейін сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов АӨСШК әлем­дік саясатта өзінің лайық орнын алып, ұйымға мүше ел­дер­дің арасында қауіпсіздік пен сенімділік орнықтырғанын атап өтті. «Біз ұзақ жолдан өтіп, елдердің тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті орнатуға деген ортақ мақ­сатын біріктірген құрылымды құр­дық. Бұл – мемлекеттердің өзара сенім іргесін бекем етіп, қау­іпсіздікті сақтауға негіз болатын тиімді тетік.  Осы тұрғыдан алғанда бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақтай отырып, да­мып келе жатқан Қазақстан эт­никалық ж­әне діни қарым-қа­ты­нас­та толеранттылықтың үлгі­сін көр­­се­тіп отыр», деді ол. Оның ай­ту­ынша, еліміздегі әртүрлі этностар мен  конфессиялардың арасында өзара түсіністік пен келісімнің, бір­лік пен татулықтың үздік мо­делі қалыптасқан. Ұлтаралық ке­лісім мен мәдени диалогты жүргізудің мұндай өнегесі бей­бітшіліктің де негізі болып отыр. 

Ал АӨСШК хатшылығының ат­қарушы директорының арнайы өкілі Виджай Шарма бұл жиынның бейбітшілік пен келісімді одан әрі орнықтыра түсудегі маңызына тоқ­талды.  Оның айтуынша, ел­дер арасындағы мызғымас ке­лісімге үндейтін мұндай бас­та­малар мәдениетті, спортты да­мы­туға, терроризмге қарсы  бір­лесе күресуге ықпал етеді. «Біз­дің мақсат-мүддеміз де бір, от­басылық құндылықтарымыз да ұқсас. Осынау ортақ мүддемізді біріктіріп, мәдениетімізді жоғары ұстай білсек, қауіпсіздігіміз де нығайып, рухымыз да биік болады», деді ол.

Жиында сөз алған Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хат­шысының орынбасары Сабыр Имандосов еліміз бәсекеге қабі­лет­ті ұлтты қалыптастыру жолында этносаралық келісімді қам­­тамасыз етіп келе жатқанын, мә­дениетті дамыту  ұлттар ара­сын­дағы үйлесімділікті қалып­тас­тыратынын алға тартты. 

 Форумда ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Клас­тер­­лік бюросының директоры Криста Пиккат, Әзербайжан Рес­пуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов та сөз сөйлеп, мәдениет болмаса, орнықты да­му мүмкін емес екенін, рухани ашық­тық тұрғысынан Қазақстан әлем­дегі көшбасшылардың бірі болып отырғанын атап өтті. 

Бұдан кейін «Өзара әре­кет­тестік жолдары: ниеттестік және жаң­ғыру», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «ХХІ ғасырдағы ақпараттық ағындар: мультимәдени кө­рі­ніс», «Өзара әрекеттестік жол­дары: ниеттестік және жаң­ғы­ру», «Жаһандағы заманауи қа­зақ­­стандық мәдениет», «ХХІ ға­сырдағы ақпараттық ағын­дар: мультимәдени көрінісі» та­қы­ры­бындағы сессиялармен жал­ғас­қан жиынның соңында фо­рум­ның қарары қабылданды. 

Қымбат Тоқтамұрат,
«Егемен Қазақстан»