Президент • 04 Шілде, 2017

Балықтыкөлдегі баспанадан – Қараөткелдегі Астанаға

672 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасының еңсе тіктеп, еңбекке етене араласып кеткен өңірі, әрине, Нұра ауданы. Нақты айтқанда, сол Нұра ауданына қарасты Балықтыкөл ауылы – Тұңғыш Президентімізге тұғыр болған тарихи мекен. Бүгінде алты құрлықты ауызына қаратқан Алаш жұртының көшбасшысы, көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың бозбала шағы өткен осы өңір жайлы көп айтуға болады. Соның бірі – осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жақсы істің жанынан табылып, жаршысы болған жас Нұрсұлтанның студент кезінде іргетасын қалаған үйі жайлы әңгіме. Ол үй бүгінде қабырғасына ескерткіш тақта ілінген тарихи орынға айналған.

Балықтыкөлдегі баспанадан – Қараөткелдегі Астанаға

Елбасының Нұра жерімен алғашқы таныстығы өткен ғасырдың 60-шы жылдары басталса керек. Сол кезеңдерде Қарағанды политехникалық институтының студенті Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс отрядында жүріп, жаңадан құрылып жатқан Балықтыкөл ауылына тұрғын үй салуға келген. Осыдан елу үш жыл бұрын қой және жылқы шаруашылығы айналысқан кеңшарда ол кезде тек шопандардың киіз үйлері мен шатырлардың ғана қазығы қағылып тұрса керек. Тарихты тарқатар болсақ, енді бой түзеп келе жатқан Балықтыкөлге бір күні отыз шақты бозбала топ ете түседі. Арасында 24 жасар Нұрсұлтан да бар. Сол уақытта ауыл инженері болған Қорабай Досжанов ол оқиғаның майын тамызып айтады. Ол кісі Елбасының билік пен басқаруға деген зор қабілеті жастайынан қалыптасқанын бірнеше мысалмен дәлелдейді. Балықтыкөлге келген отыз студенттің ортасынан озып шығып, жалпыға бас болып, ұжымды ұйымдастырып, қыз-жігіттерді еңбекке жұмылдыра кеткенінің өзі көп жайтты аңғартса керек сонда. Әріптесіміз, журналист Бикен Ахметова өзінің «Елбасы және Нұра» атты мақаласында Қорабай ақсақалдың естелік әңгімесін тақырып өзегіне айналдырады.  
– 1964 жылы Қазақ КСР Үкіметінің «Шөлейт жерлерде қой шаруашылығын дамыту» туралы қаулысына сəйкес Нұра ауданында екі шаруашылық – «Амантау», «Балықтыкөл» кеңшарлары құрылды. «Балықтыкөл» кеңшарының құрылысына қазіргі Елбасы, ол уақытта Қарағанды политехникалық институтының студенті, студенттік құрылыс отрядының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны менің өмірімдегі тарихи оқиға болып қала береді. 1964 жылы Н.Назарбаевтың басшылығымен студенттер ауылдағы алғашқы екі пəтерлі төрт тұрғын үйдің қазығын қағып, қиын жағдайда еңбек етті. Өздері палаткаларда тұрды, құрылыс материалдары да тапшы еді. Соған қарамастан, Нұрсұлтан Əбішұлының жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында құрылысты аяқтап берді. Бүгінде сол үйдің қабырғасында «Бұл үйді салуға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан» деген мемориалдық тақта орнатылған. Сонымен қатар, олар ауылдың қоғамдық өміріне араласып, жаз бойы жастармен тамаша кештер, пайдалы іс-шаралар да ұйымдастырып, ауыл халқымен қоян-қолтық араласып кетті. Нұрсұлтан Əбішұлы адамдармен қарым-қатынаста өте қарапайым, үлкенге ізет көрсете білетін, өзінің ортасында ашық, жайдары мінезімен есімде қалды. Одан соң да мен ол кісімен бірнеше рет кездестім. Елбасының ерекше қасиеті, бір көрген адамын ұмытпайтын, есте сақтау қабілеті өте жоғары болатын. Кейін Балықтыкөл кеңшарында директор болып жүргенімде, ол кісімен жұмыс барысында кездестім. Ол кезде Нұрекең Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы еді. Сөзге келместен менің мəселемді оң шешіп берді. Кейіннен Елбасы Карметкомбинатта партком хатшысы болып қызмет еткенде, ауылға қамқорлық танытып, шаруашылықты механикаландыруға көп септігін тигізді. Мал фермаларын механикалық қондырғылармен қамтамасыз етуде, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту осы Карметкомбинат арқылы жүзеге асырылды. Біздің қарым-қатынасымыз кейінге дейін үзілген емес. 1976 жылы Қазақстан партия ұйымының ХІV сьезіне делегат болып барғанымда, мені бірден танып, қасыма келіп хал-жағдайды, елдің амандығын сұрады, – деп еске алады.
Біз айтып отырған студент Н.Назарбаев жетекшілігімен салынған үй 4 бөлмелі, заманында шопандарға арналған екен. Ғимараттың сырты қызыл кірпіштен қаланып, іші ағаштан өріліпті. Іргетасы берік, қабырғасы қалың, шаңыраңы биік қаланған көк шатырлы үй әлі сол беті тұр. Бір қарағанда біз айтып отырған ол үйдің басқа үйлерден еш айырмашылығы жоқ сияқты. Мәселе, Президент қалаған құтты қоныстың тарихында шығар. Бұл күнде кішігірім музейге айналып келе жатқан ол мекенжайды ауыл адамдары әр кез аялап, күтім жасап отырады екен. Сондай-ақ, небары екі айдың ішінде болашақ Президент бастаған жас студенттердің қолымен Балықтыкөл ауылында дәл осындай 11 үй тұрғызылыпты.
Одан әріде тұрғын үйлер бой түзеп, ел баспаналы бола бастағаннан Балықтыкөлдің шаруасы ширап, аз уақыттың ішінде қойдың саны 15 мыңға, жылқы 45 мыңға жеткен. Сол жылдардағы құрылыс отрядының елеулі еңбегі жайлы мәлімет аудандық тарихи өлкетану мұражайында әлі сақтаулы екен. Онда тіпті, сол кезде жұмыс істеген студенттердің жұмысы үшін алған жалақы көлемі де жазылған. Ол жайлы Нұра ауданындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Әдиша Есмағамбетова айтады.
– Тұңғыш Президентіміз еңбек жолын 1964 жылы студенттер құрылыс отряды құрамында Нұра ауданындағы Балықтыкөл ауылында бастағаны есімізде. Елбасына арналған экспозиция әзірлеп, деректер, құжаттар жинастырдық. Ойламаған жерден «ССО-64» жасағының студенттерге еңбек төлемақылары жазылған ведомость ауданның архивінен табылып, музейге тапсырылды. Сол тізімнің ішінде Назарбаев Нұрсұлтанның алғаны 45.53, қосымша шарт бойынша 259.81 сом. Және «Балықтыкөл» совхоз директоры Б.Балабиевтың бұйрығы №98 – 1964 жыл. Бұйрықта Қарағанды политехникалық институтының құрылыс отряды құрамындағы студенттерге алғыс білдіріп, мезгілінен бұрын құрылысты аяқтағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев алғыс хатпен марапатталғаны жазылған. Осы екі парақ қағазды экспозицияның ең құнды, маңызды жәдігері деп бағалаймыз, – дейді мұражай басшысы болған Әдиша Көнекбайқызы.
Балықтыкөлде болашақ Елбасының басшылығымен іргетасы қаланған үйлер ауылдың шырайлы шеті десек болады. Алдымен бұл көше политехникалық институт деп аталса, 2000 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілген.
Алғашқы кездесу жайлы айтқан Қорабай ақсақалдың сөздері  Н.Назарбаев­тың өзі жазған «Əділеттің ақ жолы» кіта­бында да тиянақты баяндалады. 
Қарап отырсақ, Елбасымыздың сол Нұра жерінен бастаған құрылысы әлі жалғасып жатыр. Данагөй Президент заманында Балықтыкөлде баспана сал­са, бүгінде Қараөткелдің бойында Астана салды. Бар­лығы ел игілігі үшін жасалып жатқан ұлы мұрат­тардың ұсақ бөлшектері, қайта­ланбас тарихтың бір-бір парағы. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы