Елбасы әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік Ту ерекше маңызға ие екенін айтып, еліміздің тәуелсіздік жылдарында абыройлы даму жолынан өткеніне тоқталды.
«Біз елорда күні қарсаңында Мемлекеттік туымызды көтеру рәсімін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 25 жыл ішінде Қазақстанды бір Тудың астына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастыра алдық», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық технологиялық дамудың алдыңғы шебінен табылуға ұмтылатынын айтып, еліміздің экономика және спорт салаларындағы жетістіктеріне де ерекше назар аударды.
«Қазақстанның Көк байрағы әлемнің көптеген ірі ареналарында ұлттық жеңісіміздің салтанатында желбірейді. Біз елімізге деген шынайы қуаныш пен мақтаныш сезіміне толы сәттерге Алматыда өткен Қысқы универсиада ойындарының барысында куә болдық. Аспан түстес Көк туымыздың астында Қазақстан бүкіл әлемге танылды», деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Қазақстанның жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, еліміз халықаралық аренада бітімгершілік қызметті жалғастыра беретінін айтты.
«Біз қақтығысып жатқан тараптарды келісімге келіп, татуласуға шақыратын мемлекетке айналдық. Сол арқылы беделіміз де артып келеді. Біз жер бетінде бейбітшілік орнату үшін күресіп, ядролық қарудың жойылуына атсалысудамыз. Біз сенімге ие болып, біртұтас әрі толерантты қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп келеді», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бірлік еліміздің одан әрі дамуының және алдымызға қойған барлық міндеттер мен бағдарламаларды іске асырудың негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Астананың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі мен мәнінің жоғары екенін айтты.
«Астана – мүмкіндіктеріміздің, халқымыздың ұлылығы мен ауызбіршілігінің нышаны. Елордамыз – Орталық Азия мен Азия құрлығының маржаны. Біз бас қаламызды сүйеміз, ал қонақтарымыз оған таңырқай қарайды», деді Қазақстан Президенті.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындары – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігі академиясының, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Көкшетау техникалық институтының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырды.
Қазақстан Президенті жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектеріне Отанымызға қызмет ету және қазіргі әлемдегі үдерістер жағдайында ұлтымыздың мүддесін қорғау парыз екендігін ескертті.
«Сіздерден офицерлік міндетті мүлтіксіз орындау талап етіледі, қай жерде болсаңыздар да, Туымызды қорғап, оны биікте ұстауға тиіссіздер. Сіздерге күрделі әрі жауапты миссия жүктеледі, ол – азаматтардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету және еліміздің ұлттық мүддесін қорғау», деді Елбасы.
Салтанатты шара аясында Мемлекет басшысының қолынан лейтенант шенін алған Ұлттық ұлан әскери институтының түлегі Уәлихан Жәукенов мұндай марапат өзі үшін зор мәртебе саналатынын білдірді.
«Мен үшін еңселі елордамыз − Астана күні қарсаңында Сіздің қолыңыздан шен алу зор мәртебе. Бұл Сіздің және халқымыздың бізге артқан сенімі деп санаймын. Сондықтан да біздер, егемен Қазақстанның жас офицерлері бар күш-жігерімізді Қарулы Күштерімізді нығайтуға жұмсаймыз», деді жас сардар.
Ал Ішкі істер министрлігі академиясының түлегі Әлішер Мұхамбетов Президенттің қолынан лейтенант шенін алып тұрып: «Мен үшін бүгін ерекше қуанышты сәт. Сіздің қолыңыздан әскери шен алу әрбір сарбаздың арманы деп білемін. Өзіңіз авторы саналатын бас қаламыз жылдан жылға өсіп, өркендеп келеді. Себебі, Астананың даму тарихы Сіздің ірі қайраткерлік жігеріңіздің, еселі еңбегіңіздің айшықты дәлелі. Тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін», деді салтанатты жағдайда.
Шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ту көтеру рәсімінен кейін елорда күні құрметіне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтып, барша жұртты келе жатқан айтулы мерекемен құттықтады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»