06 Қазан, 2011

Ономастика – тәлім бесігі

732 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Жер, су атаулары біздің тари­хымыздың айғағы. Өткен­нің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын осы атау­лар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде егемен ел болып, қабырғамыз қатайған кезде сол жоғымызды іздей бастадық. Дәлірек айтқанда, ел болып ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қай­та қалпы­на келтіру ісіне кірістік. Біздің облыста да елді мекендердің аттарына байла­ныс­ты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше ат­тарын қазақыландыруда бірсы­пыра жұмыс атқарылып жа­тыр. Бұл игі шара өңірімізде тіл басқармасы құрылғалы нақты қолға алынды. Облыс көлемінде 2004 жылдан бері 95 нысанның (ауылдар, ауылдық округтер, мектептер, балабақ­шалар, темір жол стансалары, су қоймасы және т.б.) атауы өзгертіліп, жаңа атаулар берілді. Бұл істе Астана-Көкшетау бағытындағы мемлекеттік ма­ңызы бар автожол бойындағы топонимдерге баса назар ауда­рылуда. Соның нәтижесінде Көкшетау қаласын елордамен байланыстыратын 18 елді мекеннің 11-і тарихи атауын иеленді. Қалған елді мекендер атауларының өзгеруі уақыт еншісінде, қазіргі кезде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атаулары өзгертілген ны­сан­дарға халқымыздың белгілі тұлғаларының есімдері берілді, олардың арасында Бөгенбай би, Үмбетей жырау, Балуан Шолақ, Есмағамбет Ысмайы­лов, Мәлік Ғабдуллин, Рақым­жан Қошқарбаев, Мәди Хасенов және басқалары бар. Сон­дай-ақ елді мекендерге өзінің тарихи атаулары қайтарылуда, мәселен Трудовое – Ақтас, Придорожное – Ақбұлақ, Богдановка – Алакөл, Красноводское – Айнакөл, тағы басқа болып жүрекке жылы үндесті. Ал ежелгі, тарихи атаулары табылмаған елді мекендерге қазіргі заманға лайық, сол елді мекеннің географиялық ерекшелігіне, жер бедеріне сәйкес атаулар берілуде. Атап айтсақ, Зеренді ауданындағы Водопьяновка – Ақадыр, Подлесное – Бәйтерек, Бурабай ауданын­дағы Климовка – Атамекен, Аршалы ауданындағы Нововладимировка – Бұлақсай бо­лып қайта аталды. Біз Елбасының «Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, таби­ғи үйлесімділігін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек!» деген сөзін басшылық­қа алып, ономастика саласын­да көптеген семинар-кеңес­тер өт­кізуді дәстүрге айнал­дырып отыр­мыз. Аталмыш ша­раға облыс аумағындағы ауыл­дық округ әкімдерін жинап, заң тетіктерін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізуге бағыт­тал­ған практикалық са­бақ­тар өткізудің нәтижесі де жоқ емес. 2004-2010 жылдар аралы­ғында Целиноград ауданы – 15, Ерейментау ауданы – 14, Ар­шалы ауданы – 13, Ақкөл ауда­ны – 12, Бұланды, Зеренді аудан­дары – 10-нан, Бурабай ауданы – 9, Еңбекшілдер ауда­ны – 5, Шортанды ауданы – 4 нысанды қайта атаса, Астра­хан, Сандықтау және Егіндікөл аудандары бір-бір елді мекенге тарихи атауларын қайтарды. Басқарма тарапынан жыл сайын облыс аумағындағы оно­­мастикалық жұмыстарға сараптама жасалып, әрбір жылдың басында аудан бас­шыларына талдау қоры­тын­дылары көр­сетіліп, хат жол­данады. Бұл мәселеге қырын қарайтын аудан басшылары тіл мәселелері жөнінде өткізілетін қорытынды кеңесте сынға алынады. Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы облыстық тіл сая­саты және ономастика комис­сиясы 2006 жылғы 19 қа­зан­да өткен кезекті отырысында Ақмола облыстық филармо­ния­сына халық ақыны Үкілі Ыбы­райдың есімін беру туралы шешім қабылдаған болатын. 2007 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Үкі­меті жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы Ақмола облыстық филармониясына ха­лық ақыны Үкілі Ыбырайдың есімі берілсін деген ұйғарым жасады. Алайда, осы уақытқа дейін аталмыш мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қара­у­ын­да жатыр. Биыл халқымыздың белгілі әнші-сазгері, халық музы­касының алыбы Үкілі Ыбы­райдың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы ұсынысты 4 жыл бұрын қолдаған ел зиялылары, ардагерлер мәселенің шешімін бізден сұрайды. Бізде мардымды жауап жоқ, жоқ болатыны жоғарыдан нақты шешім жоқ. Айтайын дегенім, жергілікті жерлерден жолданған ұсыныстар дер кезінде оңтайлы шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы сияқты 2006-2007 жыл­дары жолданған Ақмола облыс­тық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімін, Бұланды ауданын­дағы Карамышевка орта мектебіне Қайыржан Ескендіровтің есімін, Целиноград ауданы, Жалғыз­құдық ауылындағы орта мектепке белгілі қайраткер Рақымжан Дүйсенбаевтың есімін беру, Ерейментау ауданы, Күншалған ауы­лындағы Ленин орта мектебін Күншалған орта мектебі деп қайта атау туралы мәселелер де әлі күнге шешімін таппай отыр. Биылғы жылы оншақты мектеп пен балабақшаны қайта атау туралы ұсынысты тағы жолдадық. Тағы бір өзекті мәселе – отаршылдық кезеңі мен тотали­тарлық замандағы қалпында қалып қойған гидроним, яғни су объектілері мен оронимдердің (тау,қырат, шоқы) атауларын қазіргі заман талабына сәйкес­тендіру. Физикалық-география­лық объектілерді атау мен қайта атау туралы нақты шешімді жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ұсыныстары бойын­ша Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытынды­сы­мен Қазақстан Республика­сының Үкіметі қабылдайды. Алайда, жергілікті өкілді және атқарушы органдар қандай негізге сүйеніп шешім шығарады? Жалпылама халыққа ортақ өзендер, көлдер, таулар мен шоқыларды қайта атау жөнінде ұсынысты кімдер немесе қандай орган береді? Ономастика саласындағы заңнамаларда осы және осыған ұқсас сұрақтарға жауап беретін тетіктер қарастырыл­маған. Ұлттық ономастиканы дамыту олардың нормативтік құқықтық қамтамасыз етілуімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Қазіргі кезде ономастикалық жұмыстың нормативтік құқықтық базасы «Қазақстан Республикасының Тіл­дер туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Заңы, Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республика­сын­дағы ұйымдарды, темір жол стансаларын, әуежайларды, сон­дай-ақ физикалық-геогра­фиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атаулары­ның транскрипциясын өзгертудің тәртібі» және Қазақстан Рес­публи­касы Үкіметінің 2005 жыл­ғы 21 қаңтардағы №45 қаулы­сымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырым­дамасына» негізделеді. Алайда, осы аталған заңнамалар еліміздегі ономастиканың өзекті мәселеле­рін түбегейлі шеше алмай отыр­ғаны жасырын емес. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңды алайық. Аталмыш заңға бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілгенімен, осыдан 17 жыл бұрын бекітілген заңның негізі сол қал­пында қалып отыр. Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулысы да осы тақылеттес. Еліміз тәуел­сіздігінің алғашқы жыл­дарындағы жағдаймен қазіргі жағдай бірдей емес. Ал, аталған заңнамалар тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдарын­да дайындалып, бекітілген нормативтік құжаттар. Үкіметтің 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжы­рым­дамасы» да өз қызметінің шегіне жетті деп айтуға болады. Сөздің тоқетері, ономастика саласындағы түйткіл­ді мәселелердің шешімін табуға оң ықпал ететін, осы салада мол тәжірибе жинаған елдердің үлгісіне сүйеніп дайындалған «Қазақстан Рес­публикасының ономастика туралы» жаңа заңы қажет. Ономастиканың құрамдас бөлігі болып саналатын көше атауларын ретке келтіру де басқарманың назарынан тыс қалған емес. Елбасының тікелей бақылауындағы «элек­трон­ды үкімет» ақпараттық бағ­дарламасын енгізіп, толық­қанды жұмыс істеуін қамта­масыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екені сөзсіз. Осы бағыттағы біздің сала бойынша басты міндеттердің бірі – «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінің қалып­ты жұмыс істеуін ұйымдас­тыру. Үйлестіру жұмыста­рының нә­тижесінде өткен жылы ғана 308 көше қазіргі заман тала­бына сай қайта аталды. Басты назардағы мәселенің бірі – көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың ахуалын қада­ғалау мен реттеу. Көрнекі ақпаратты, барлық жарнамалық өнімдерді тіл заңдылығына сәйкестендіру мақсатындағы жұмыс тиісті нәтижесін беруде. Облыс ор­талығының көрнекі ақпаратта­рындағы заңның орындалу барысына тоқсан сайын зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Былтыр 127 сауда орыны мен кәсіпорынның маңдайшалары мен жарнама­ла­рының мәтіндері тексеріліп, орын алған заңбұзушылықтар негізінде сауда орындары мен мекемелердің басшыларына ескерту жасалды. Осының нәтижесінде Көкшетау қала­сында 56 жарнама алынып тасталып, 71 жарнама мәтіні қайта жазылды. Тіл басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, қараша айында «Қала келбеті – 2010» бақылау рейдін ұйымдастыр­дық, оған БАҚ өкілдері және «Нұр Отан» ХДП «Жастар қанаты» тартылды. Қорытын­ды­сында 200-ден аса маң­дайша жазбалары мен жар­намаға түзету амалдарын жүргіздік. Бұл шара жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұра­ды. Мысалы, 2009 жылғы тексеріс барысында 158 сауда орны мен кәсіпорын басшы­ларына жазбаша ескерту жа­салып, бір ай  ішінде орын алған заңбұзушылықтар қал­пына келтірілді. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының проку­ра­турасы әлеуметтік инфра­құрылым объектілерінің 50 басшысының атына прокурор­лық ықпал ету шарасын жасап, оларға заңды түсіндіру кесімі қолданылды. Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының жарнамаларға қатысты атқар­ған көлемді жұмыстары мен бұл мәселені жіті бақылауда ұстауының нәтижесінде облыс аумағындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың сапасы мен сауаттылығы жылдан-жылға жақсарып келеді. Әлі де атқарылар жұмыс, алынар асу жетерлік. Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,  Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының  бастығы. Көкшетау.