Үкімет • 11 Шілде, 2017

Сағынтаев ақпараттық жүйелерді біріктіру үдерісін аяқтауды тапсырды

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев биылдың қараша айына дейін еліміздегі ақпараттық жүйелерді біріктіру үдерісін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаев ақпараттық жүйелерді біріктіру үдерісін аяқтауды тапсырды

«1 шілдеден бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге кірісіп отырмыз. Осы бағытта интернетке байланысты жұмыстарды жүргізу өте маңызды. Жалпы, Елбасының тапсырмасы бойынша қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тұрғысында үлкен жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, әлеуметтік салаға, әсіресе, денсаулық сақтауға ауқымды түрде көңіл бөлінуде. Бұл тек Үкіметке, министрлікке ғана қойылып отырған мақсат емес, сонымен қатар өңірлермен бірлесе отырып жасау керек. Сол себепті өңірлерде инфрақұрылымдық жұмыстардың барлығын аяқтауды сұраймын», деді Сағынтаев.

Осы орайда Үкімет басшысы облыс әкімдіктері бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың барлығын пысықтап, жыл соңына дейін инфрақұрылыммен және компьютерлік техникамен қамтамасыз етуі тиіс екендігін атап өтті.

«Ақпарат және коммуникациялар министрілігі мен Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі орталық, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе осы жылдың 1 қарашасына қарай  ақпараттық жүйелердің интеграциясын аяқтауы қажет. Бұл ретте, Қордың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету керек. Себебі, ол бізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан белсенді жұмысын бастайды. Осы бағытта ақпараттық жүйелердегі интеграциясыз алға жылжуымыз мүмкін болмайды. Сондықтан осы жұмысты бақылауға алуды жүктеймін», деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.