Ал осы келісімшарт негізінде бөлінген несие көлемі 3 трл 776 млрд 5 млн теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, төленбегеніне 90 күннен асып кеткен келісімшарттар саны 4,5 мыңды құрап, қарыз құны 442,7 млрд теңге шамасында болып отыр. Сорақысы, кепілдікке баспанасын қойып, сау басына мәселе тауып алғандардың саны да 3,3 мың адамға жетіп, жалпы қарыз сомасы 224,5 млрд теңгені құраған. Беті аулақ, алда-жалда адамдардың төлем қабілеті аяқасты төмендеп кететін болса, осынша адамның үйі несие берушінің есебіне шешіліп, адамдар қаңғырып қалуы мүмкін...
Біздің қоғамда бірде-бір рет несие алмаған адамды кездестіру қиындау. Жалпы, несие алу әлем халықтарының барлығына тән үрдіс. Кез келген мемлекетте несие саясаты қолданылады. Қажетті тұрмыстық затты, көлікті, баспананы несиеге алу дәстүрі дамыған елдер үшін адамдардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етіп қоймай, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын да көтеруге бағытталады екен. Яғни, экономикасы қуатты елдердегі несиелеу жүйесі тұрғындар үшін қол жетімді ғана емес, банктер мен несиелеу ұйымдары тарапынан арнайы сауаттандыру жұмыстарының жүргізілуімен ерекшеленеді. Оған төлем қабілетін реттеу, пайыз өлшемдерінің ара-қатынасы, борышкер мен қарыз беруші арасындағы заң шеңберінде бекітілетін қарым-қатынас, тәуекелге бас тігу арқылы ұтатын, ұтылатын тұстар сияқты нәзік жағдайлар бойынша түсіндіру жұмыстары жатады. Бұл көп жағдайда тұрғындарды негізсіз несие алудан, ал банктер мен қаржы ұйымдарын проблемалы төлеушіден сақтандырады. Былайша айтқанда, қаржылық сауаты ашылған адам несие алу арқылы қаншалықты тәуекелге баратындығын бағамдай алса, несие беруші тарап мемлекеттің қаржы саясаты мен әлеуметтік жауапкершілікті құрметтей отырып, өз жерлестерінің құқығын бұзбауды да ойластыратын болса керек... Қызығасың да сүйсінесің!
Өкінішке қарай, Қазақстандағы несие беру саясаты «қараусыз қалған орман» сияқты бей-берекетсіздікпен алға жылжып келеді. Бұл жерде кезінде несиені жоғарғы пайызбен алып қойып, төлей алмай отырған жеке адам ғана емес, қисапсыз қаржыны үлестіріп беріп, кері қайтара алмай отырған банктер мен несие серіктестіктері де орасан зиян шегіп отыр. Бірақ, дәл осы жерде несие берушілер тарапы үшін қарыз алушының мейлінше көп болғаны әрі оның төлем қабілетінің деңгейі тым төмен (!) болғаны бас қатыратындай мәселе болмай отырғаны анық. Неге?
Өйткені несие беруші тараптар тек бір жақты, үстеме пайыз арқылы табыс табуды ғана мақсат тұтады. Көп жағдайда банктер мен несие ұйымдары қарызға берілетін капиталды басқа көздерден төменгі пайызбен немесе дотацияның есебінен әкелетінін ескерсек, қарыз алушылар армиясының мейлінше көп болуы мен үстеме пайыздардың өте жоғары есептелуін аздап түсінгендей боламыз. Мұның сыртында, екінші деңгейлі банктер мен несие серіктестіктері қожайындарының елдегі ең ауқатты адамдар екендігін және олардың мемлекеттің саяси-экономикалық дамуына ықпал етуші топқа кіретіндігі де белгілі. Мәселен, дағдарыс жағдайында қаржы қыспағында қалған отандық банктерге бюджет ақшасын бөліп, сауықтыру шараларын қолға алудың астарында мемлекеттің коммерциялық ұйымдарды сақтап қалуға деген ұмтылысы ғана емес, жекелеген адамдардың мүдделері де тоғысып жатуы бек мүмкін ғой...
Біздің бұл ойымызбен белгілі экономист, сарапшы-ғалым Жангелді Шымшықов та келіседі. «Банктерге қатысты проблема «айнаның бергі беті» ғана. Ал біздегі микрокредиттік ұйымдар туралы, анығында олардың қарыз алушылардың есебінен күн көретін ұйым екенін жұрт әлі білмей отыр деуге болады. Және осы тектес ұйымдардың жылдам көбейіп келе жатқаны қорқыныш тудырады. Мәселен, микрокредиттік ұйым қарыз алушыға күніне 3,8 пайызбен несие берді дейік. Енді есептейік: бір айда 30 күн бар, оны 3,8 пайызға көбейтеміз, ал бұл көбейтіндіні бір жыл ішіндегі 12 айға және көбейтеміз, сонда бүгін алған 1 теңгені жыл соңында 1333 теңге қылып қайтаруға тура келмей ме?» дейді экономист.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»