Футбол • 12 Шілде, 2017

«Астана» екі ойыншысын таныстырды

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық «Астана» футбол клубы «Хан Шатыр» ойын-сауық орта­лығында «АстанаFF» фристайл клубымен бірлескен «Футбол астанасы» мерекелік шарасын ұйымдастырды. Аталған шара аясында жаз­ғы трансферде клуб сапын толықтырған екі жаңа ойыншы – Ласло Кляйнхайслер мен Марин Томасовты жанкүйер­лерге таныстыру рәсімін өткізді. Футболшыларды команда жан­күйер­леріне клубтың атқарушы директоры Қайсар Бекенов таныстырып, ресми түрде спорт­тық жейделерін табыстады.

«Астана» екі ойыншысын таныстырды

29 жастағы хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов «Астана» командасына Хорватияның «Риека» командасынан бір жылдық жалға алу келісімшартымен ауысқан болатын. Марин Хорватия чемпионатының 2015/16 маусымында үздік футболшы атанған. Transfermarkt.de сайты Томасовтың трансфер құнын екі миллион еуроға бағалаған.
Ал 23 жастағы венгриялық жарты­лай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер «Астана» сапына германиялық «Вердер» командасынан ауысып келді. Ласло да елордалық клуб сапында бір жылдық келісімшарт негізінде доп тебетін болады. Кляйнхайслер Венгрия ұлттық құрамасымен 13 ойын өткізіп, бір гол соққан. 2016 жылы өткен Еуро-2016 чемпионатында ол Австрия құрамасына қарсы ойында нәтижелі пас беріп, матчтың үздік ойыншысы атан­ған болатын. Ласло Кляйнхайслер өткен маусымда германиялық «Дармштадт» және Венгрия чемпионатындағы «Ференцварош» командаларында ойнаған.
Шара соңында «Астана» коман­дасының қақпашысы Ненад Эрич, қорғаушы Игорь Шитов, жартылай қорғаушы Срджан Граховац және клубқа жаңадан қосылған Ласло Кляйн­хайслер мен Марин Томасов жан­күйерлерге қолтаңба беріп, есте­лікке суретке түсті.
Айта кетейік, «Астана» 12 шілде күні Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда латвиялық «Спартакс Юрмала» командасымен кездеседі.

Әли Битөре,

"Егемен Қазақстан"