Күрес • 12 Шілде, 2017

Жарыстар күнделігі

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі

Самбо
Самбо спортынан Қазақстан ұлттық құрамасы ерлер мен әйелдер арасындағы спорттық және әскери самбо бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған Әлем кубогында топ жарды. 
Жарысты ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Халықаралық самбо федерациясы ұйымдастырды. Президент кубогына әлемнің 16 елінен 200-ден астам спортшы қатысқан. Жалпы, командалық есепте 13 алтын, 12 күміс, 29 қола медальмен Қазақстан ұлттық құрамасы бірінші орын алып, кубок иегері атанды. Екінші орынды Грузия иеленсе, Ресей құрамасы үздік үштікті қорытындылады.

Теннис
Қазақстандық теннисшілер Лондонда өтіп жатқан Уимблдон-2017 «Үлкен дулыға» турниріндегі жорығын аяқтады. Қыздар арасында Қазақстанның үшінші нөмірлі теннисшісі Зарина Дияс үшінші айналымға дейін жетсе, еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева латвиялық Анастасия Севастовадан бірінші айналымда-ақ ұтылып қалған болатын. 
Ерлер арасындағы бәсекеде Михаил Кукушкин алғаш жапониялық теннисші Даниэля Таромен төрт сет ойнап, 4:6, 6:4, 7:6, 6:2 нәтижесімен жеңіске жетсе, екінші айналымда әлемнің нөмірі 30-ракеткасы германиялық Миша Зверевтен ұтылып қалды. Ал Александр Бублик турнирдің бірінші айналымында әлемнің бірінші ракеткасы британиялық Энди Маррейден ұтылып, жарысты ерте аяқтаған еді.

Күрес 
Қазақстандық балуандар күрес түрлерінен Польшада өткен халықаралық турнирден жүлделі оралды. Еркін күрестен 57 килода күрескен балуан Нұрислам Санаев турнирдің чемпионы атанды. Аталған жарыста Санаевтың бірыңғай қазақстандық палуандармен белдесуіне тура келді. Олар: Ғабит Төлепбай, Ернұр Қабатаев, Жандос Ысмайылов. Нәтижесінде, 57 кг салмақта күміс жүлдені Жандос Ысмайылов иеленсе, Ғабит Төлепбайға қола жүлде бұйырды. Сондай-ақ, Азамат Дәулетбеков (86 кг) пен Ермұхамед Іңкәр (125 кг) қола жүлдеге ие болды. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»