Жеңіл атлетика • 12 Шілде, 2017

Әлем Кубогының жүлдегері атанды

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәбина Әшірбаева Берлинде гимнастикадан өткен Әлем Кубогының жүлдегері атанды.

Әлем Кубогының жүлдегері атанды

Әлемдік додаға еліміздің атынан сынға түскен Сәбина доппен жаттығу сайысында 16.850 ұпай жинап, жарыстың күміс жүлдесін иеленді. Алтын медальды ресейлік Екатерина Селезнёва – 17.450 ұпай көр­сет­кішімен жеңіп алды. Ал үздік үштікті Беларусь қызы Галкина Катерина қоры­тындылады. Оның нәтижесі – 16.450 ұпай. 
Сондай-ақ, Әлия Юсупова­ның шәкірттері жақында елордадағы «Дәулет» теннис орталығында ұйым­дастырылған көркем гимнас­тикадан сеньор­лар арасындағы тоғызыншы және жасөспірім қыздар арасындағы ХV Азия чемпио­натына қатысып, жалпы саны 12 медаль иеленген еді. Азия біріншілігіне сарықұрлықтың 14 елінен келген 153 спортшы өз бақтарын сынаған болатын. 
Чемпионаттың алғашқы күнін­дегі командалық жарыста Қазақстан құрамасы сапынан Рио Олимпиадасына қатысқан Сәбина Әшірбаева, сондай-ақ, Әлина Әділхан, Анна Афуксениди және Селина Жұматаевалар қатысып, Азия чемпионы атанды.
Ал жекелей сында доппен және шеңбермен жаттығу сайысында Сәбина Әшірбаева алтын медаль иеленсе, шең­бермен жаттығуда Әли­на Әділханова мен топтық бәсекеде ел намысын қорғаған Регина Сұлтанова, Даяна Жақыпова, Әнел Талғат­бек, Кәмила Көптілеу, Ару­жан Қазбекова, Динара Ерғалиевалар чемпионаттың қола жүлдегері атанды. 
Сонымен қатар, жасөс­пірімдер арасындағы коман­далық бәсекеде Қазақ­стан құрамасы сапынан сынға түс­кен Әдиля Тілекенова, Роза Әбітова, Даяна Әбдірбековалар Азия чем­пио­натының алтын медалін иеленді.
Топтық кезеңде жарысқа түскен Сағина Мұратқызы, Айза Рүстемқызы, Дария Шарафиденова, Ділназ Мұса­бекова, Райана Сүлеймен және Рената Жолдыновалар күміс жүлдегер атанды. Үш күнге созылған Азия чем­пионатында Қазақстан Ұлт­тық құрамасы жалпы саны 12 медаль иеленді. Оның алтауы алтын, екеуі күміс және төртеуі қола.
Айта кетейік, көркем гимнас­тикадан жыл сайын өтетін Азия чемпио­наты биыл Қазақ­станда осымен төртінші рет ұйымдас­­ты­ры­лды.

Әли Битөре,

"Егемен Қазақстан"