Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Робертино Лоретти Әулиеатаға келді

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алпысыншы жылдары аты аңызға айналған әйгілі әнші Робертино Лоретти әлі күнге дейін әнсүйер қауымның есінде. Әлемді әуенмен әлдилеп, талантымен тамсандырған өнерпаз сол жылдары Италия эстрадасының жарық жұлдызы ретінде танылғаны да белгілі. Өнерге ден қойған кезінен-ақ «Алтын бала», «Періште үнді бала» атанған Лоретти әлі де талантымен талайды таңдандырып келеді.

Робертино Лоретти Әулиеатаға келді

Жуырда тараздық тыңдармандар әйгілі өнерпазбен жүздесіп, әндерін тыңдады. Тараз қаласына арнайы келген ол Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта жұртшылықпен жүздесіп, қошеметке ие болды. «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, Әулиеатаның бүгінгі келбетімен танысты. Әлемдік сахна саңлағы өткен шақтарынан қызықты естеліктер айтып, көпшілікке жақсы әсер сыйлады.
 Негізі Робертино Лоретти елі­мізге Астана төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрметіне орай келген екен. Астана шаһарынан соң Тараз қаласына арнайы келуді жөн санаған әнші Қазақстанға әр келген сайын үлкен әсерде болатынын жеткізді. «Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осыдан тура он жыл бұрын да қазақстандық тыңдармандармен қауышқаным ел есінде шығар. Тарихи Тараз қала­сында да болғанмын. Араға он жыл салып қайта келгенімде, Тараз қаласының айтарлықтай өсіп, өркендегенін байқадым. Сондай-ақ, Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО көрме­сі мені кере­мет әсерге бөле­ді. Аста­наның таңғажа­йып қа­лаға айналғанын көріп, тамсандым», деді өнерпаз.
 Кезінде әлем тың­дар­­мандарына «Jamaica», «O sole mio», «Ave Maria» секілді әндерімен танымал Лоретти көңіл түкпірінде жүр­­ген көпшілікке беймәлім ой­ларымен де бөлісті. Әсіресе, көпшілікті қызықтырғаны, ол өзінің 1960 жылы алған алтын табақшасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқысы келетін ниетінің бар екенін айтқаны болды. Сондай-ақ, ол өзінің әншілік өнеріне жуық арада нүкте қояды екен. Қазақ елін құрметтейтін ол Астана қаласында өтетін шығар­машылық кешінде соңғы рет ән шырқайтынын жеткізді.
 
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы