Аймақтар • 12 Шілде, 2017

«Тараз» футбол командасының құрамына 4 ойыншы алынды

604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы күнге дейін «Тараз» футбол клубына қатысты жиі сын айтылып келді. Мәселен премьер-лиганың осы уақытқа дейінгі кезеңінде «Тараз» командасы 5 рет жеңіске жетіп, 5 рет тең түскен екен.

«Тараз» футбол командасының құрамына 4 ойыншы алынды

Осы күнге дейін «Тараз» футбол клубына қатысты жиі сын айтылып келді. Мәселен премьер-лиганың осы уақытқа дейінгі кезеңінде «Тараз» командасы 5 рет жеңіске жетіп, 5 рет тең түскен екен. Сондай-ақ ойын барысында 9 командадан жеңіліс тапқан «Тараз» құрамасы қазіргі таңда 20 ұпай иеленіп, турнир кестесінде 7 орында келеді. Футболшылар осы кезеңге дейін өзге командалар қақпасына 17 гол соққанымен, өз қақпаларына 28 гол жіберіп алған.

Алайда жуырда ғана «Тараз» футбол клубының Атырау төрінен абыройға кенеліп қайтқаны спортсүйер қауымға белгілі. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 19-туры аясында Атырау қаласында жергілікті командаға қарсы алаңға шыққан «Тараз» футболшылары қарсыластарын 3:1 есебімен ұтқан болатын. Төрешілердің айтуынша, кездесудің он жетінші минутында Жан-Эд Моррис мергендігімен көзге түсіп, «Тараз» командасын алға шығарған. Сондай-ақ, кездесудің алпыс төртінші минутында Марат Хайруллин таразы басын теңестірді. Бұдан кейінгі минуттарда да есе жібере қоймаған олар сәтті ойын көрсетіп, есебін түгендеп қайтқан болатын. Тіпті мамандар «Тараз» құрама командасы жеңісті жолын жалғастыра беретін болса, алғашқы алтылыққа енуге мүмкіндігі бар деп отыр.

Жуырда ғана «Тараз» командасында бірқатар ойыншылар ауысты. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының жазғы трансферлік терезесі ашылғаннан бері «Тараз» командасының құрамы төрт бірдей жаңа ойыншымен толықты. Бұдан былай сенегалдық сұрмерген атанған Малик Мане, құрама сапында өткен жылы ойнаған Илья Воротников, Евгений Гориячий мен жартылайқорғаушы Ринат Хайруллин «Тараз» құрамасында өнер көрсетеді. Жыл басында Евгений Гориячийдің «Қайсар» командасының намысын қорғағаны ел есінде. Енді ол алдағы уақыттарда «Тараз» командасының намысын қорғайтын болады. Жанкүйерлер де жаңа ойыншылардан үлкен үміт күтіп отыр.

Ал «Тараз» футбол командасының құрамында өнер көрсетіп келген Руслан Мухаметшин, Мадияр Райымбек және Максим Азовский сынды ойыншылар басқа командаға ауысуларына байланысты құрама қатарынан шығарылды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы