Аймақтар • 12 Шілде, 2017

Таразда дін тақырыбында семинар өтті

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда қоғам үшін дін тақырыбы күрделі мәселеге айналып отыр. Қазақ даласында ғасырлар бойы жасап келе жатқан дәстүрлі Ислам діні шын мәнінде адамгершілікті, имандылықты насихаттайды. Ал иман, ізгілік тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап, халыққа жеткізу әрдайым маңызды.

Таразда дін тақырыбында семинар өтті

Бүгінгі күні қоғамда дін мәселесіне қатысты материалдар жариялауда түсініспеушіліктерге жол бермеу және дін мәселелері бойынша ақпараттық жұмысты жаңғырту мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері» тақырыбында семинар өтті. Семинарды басқарма басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Өз сөзінде облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жақыпов ақпараттық алаңда діни тақырыптарды жасанды түрде қоздыруға жол бермеудің маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптарды жариялаудың мәселесін ретке келтіру жайына тоқталды. Сондай-ақ семинар барысында деструктивті діни сайттарды және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарды бұғаттау шараларын іске асыру барысы да сөз болды. «Бұқаралық ақпарат құралдарында діни тақырыптарға байланысты мәселелерді жариялауды кәсібилендіру талап етіледі. Бұл үшін діни тақырыптарды жариялауға тек дайындығы бар журналистерді тартқан жөн», деді өз сөзінде Дауыл Ынтықбайұлы.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»