Президент • 13 Шілде, 2017

Серіктестіктің сенімді үлгісі

325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Одан кейін екі ел басшылары Ақордада өткен келіссөздердің нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жасап, журналистерге брифинг өткізді.

Серіктестіктің сенімді үлгісі

Франк-Вальтер Штайнмайер Гер­мания Президенті болғалы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол осы елдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарған еді. Биылғы ақпан айында өткен сайлауда Франк-Вальтер Штайнмайер сайлаушылар дауысының жартысынан көбін жинап, осы елдің 12-ші президенті болып сайланды. 
Кездесу барысында Қазақстан Пре­зи­денті оны жаңа қызметімен құттықтады. – Сізбен бұрыннан жақсы таныспыз. Сыртқы істер министрі болған кезіңізде де екі елдің байланысын нығайтатын талай мәселелерді талқыладық. Енді, міне, Президент ретінде елімізге келіп, ЭКСПО-2017 көрмесін өз көзіңізбен кө­руге ниет еткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Германия – әлемдегі алпауыт елдердің бірі әрі үлкен экономикалық қуатты мемлекет. Осындай ірі мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, оның се­ріктесі болғанымызға қуаныштымыз. Біз екіжақты байланыс­тарды әрі қарай қар­қынды дамытуға мүдделіміз, – деді Ел­басы. 
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық байланыс ширек ғасыр бойы үзілмей келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда екіжақты жарасымды байланыстың жаңа бағдарламалары қалыптасқан. Пре­зи­денттің айтуынша, қос мемлекет ара­сын­дағы ынтымақтастық мәселесі барлық сала бойынша қарқынды дами түспек. 
– Сіздің сапарыңыз барысында екі елдің бизнес құрылымдарының басын қос­қан Іскерлік кеңес өтті. Соның аясында жалпы сомасы 1 млрд долларды құрайтын 20-дан астам келісімге қол қойыл­ды, – деген Мемлекет басшысы қазақ-неміс байланысының тереңдей түсе­тініне сенім білдірді.
 Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайн­майер Қазақстан Президентіне достық лебізі үшін алғыс білдіріп, жылы қабыл­дауына ризашылығын жеткізді. 
– Қазақстан туралы мен жақсы білемін. Бұрын да екіжақты ынтымақтастықты дамыту барысында талай сапарлап келдім. Бірақ биылғы жыл ерекше. Себебі, осы жылы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде екіжақты байланысты бекемдеуге арналған қыруар шаруа атқарылды. Қазақстанда өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне белсенді қатысуымыздың өзі – елдеріңізге деген шынайы пейіліміздің көрінісі, – деді Германия Президенті. 
Ол, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрме­сі­нің тақырыбы бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екенін айта келе, Қазақстан Пре­зидентін көрмедегі Германия павильонын аралауға және өзінің ресми сапары­мен тұспа-тұс келіп отырған Ұлттық күннің ашылуына қатысуға шақырды.
Екіжақты кездесуден кейін Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Респуб­ликасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің ресми сапары­ның қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Германия Прези­ден­тінің сапары екі ел арасындағы дип­ло­ма­тиялық қарым-қатынастың орнаға­нына 25 жыл толып отырған кезеңге тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін айтты.
– Біз бүгінде кең ауқымды саяси әрі экономикалық қарым-қатынастар бойын­ша стратегиялық серіктестік дең­гейіне көтерілдік. Мен Германия Прези­дентімен Қазақстанның даму үде­ріс­тері, өңірдегі еліміздің алдында тұр­ған сыртқы саяси міндеттер жөнінде ой бөлістім. Германия – біздің се­німді досымыз әрі негізгі экономи­ка­лық әріптесіміз. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, ал тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өзара қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі тұрақты жұмыс оң қарқынмен дамып келе жат­қанын атап өтті.
– Қазақстандағы индустрияландыру үдерістеріне озық технологияларды қолдана отырып, Германия бизнесін тарту мүмкіндігі талқыланды. Шикізат, өнер­кәсіп, технология салаларындағы серіктестік туралы келісімді тиімді іске асыру мәселесіне баса назар аударылып отыр. Жүргізіліп жатқан жекешелендіру, кәсіби-техникалық мамандарды даярлау жұмыстары аясында өзара іс-қимылды күшейту қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығындағы, көлік-транзит саласындағы екіжақты қарым-қатынасты жандандыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Қазақстанның географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуын ескеріп, біз жүктерді Қытайдан Орталық Азия арқылы Германияға құрлықпен жеткізу идеясын одан әрі ілгерілету үшін күш жұмылдыруға ниеттіміз. Қазақстанда Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жөніндегі бірлескен жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырып отыр. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің табыс­ты жұмысының маңызы зор. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.
– Қазақстанда тұратын мыңдаған неміс қауымының Германияға көшіп кеткен немістермен достық, туыстық байланыста болуы маңызды. Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша елдеріміздің ұстанымдары ұқсас екенін атап өткім келеді. Германияның және Штайнмайер мырзаның жеке қолдауының арқасында Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі 2007-2013 жылдарға арналған алғашқы стратегиясы қабылданып, біздің өңірге қатысты Су бастамасы іске қосылған болатын. Қазақстанның Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестігі туралы келісімді ратификациялағандарыңыз үшін Сізге және Сіздің еліңізге ризашылығымызды білдіреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Германияның әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, Гамбургте өткен G-20 саммитін атап өтті.
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне Украи­наның оңтүстік-шығысында және Таяу Шығыста орын алып отырған қақтығысқа қатысты Германия Прези­дентімен пікір алмасқанын да айтты.
Германия Федеративтік Респуб­ликасының Президенті Таяу және Орта Шығыс пен Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселелер жөнінде ашық әңгіме болғанына тоқталды.
– Дипломатиялық қарым-қаты­настар орнаған 25 жылдың ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық эко­номикалық мәселелермен ғана шектеліп қалмай, түрлі сипатқа ие болды. Ең алдымен, бұл – Қазақстанда белсенді түрде қызмет етіп келе жатқан түрлі білім беру институттары мен қорлар. Бұл бірлесе дамуымыздың оң үрдісі, – деді 
Ф.-В.Штайнмайер.
Германия Президенті Қазақстанның өңірдегі сыртқы саяси рөлін жоғары бағалады.
– Қазақстан – өңірдегі тұрақтылық тірегі, өзіне сенімді мемлекет. Аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету және еліңіздің табысты дамуына серпін беру үшін Сіз, Президент мырза, ядролық қарудан бас тарттыңыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңінде Сіз дау-дамай мен қақтығыстарды дипломатиялық әдіс­термен әділетті түрде шешудің жарқын мысалын көрсетіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты әріптес ретінде де өз миссияларыңызды атқарып келесіздер. Қа­зақстан Сирия қақтығысын реттеу үшін мүдделі тараптардың бас­қо­суы­на жағдай жасады, – деді Ф.-В.Штайн­майер.
Германия Президенті Қытайдың Жаңа Жібек жолын дамыту бастамасын да атап өтті.
– Тарихи тұрғыда инфрақұрылымдық жоба ғана емес, халықтар арасында мә­дени көпір рөлін атқарған бұл бастама қазіргі уақытта инвестициялық тартым­дылық тұрғысынан ғана қарастырылмай, Шығыс пен Батыстың іс жүзінде тіл табысуына септігін тигізеді деп үмітте­неміз. Қазақстан Қытай мен Батыстың арасында орналасқандықтан, оның бұл үдерістегі рөлі зор болатынына сенімдімін, – деді Ф.-В.Штайнмайер.
Осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федера­тивтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен бірге Германия павильонына барды. Қазақстан Президенті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Германияның ұлттық павильонының экспозицияларын аралап көру барысында көлік құралдары мен тұрғын үйді жетілдіруге қатысты неміс өнеркәсібі мен ғылымы әзірлеп шығарған инновациялық шешімдермен танысты.
Екі ел президенттері жел, күн және су электр стансаларының үлгілері, электр қуатымен қозғалатын болашақ көлік экспонаттары қойылған «Болашақтың кар­тасы» және «Болашақтың қаласы» атты көрме алаңдарын аралап, «Энер­ге­тикалық шоу» көрсетілімін тамашалады. 
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Гер­мания павильонының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Гер­мания Президентіне Қазақстанның «Нұр Әлем» ұлттық павильонын көрсетті.
Бұл жерде екі елдің көшбасшылары Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған интерактивті экспозициялармен танысып, павильонның 8-қабатында орналасқан «Астана – болашақтың қаласы-2050» экспозициясын көрді.
Экскурсия соңында Франк-Вальтер Штайнмайер көрменің Құрметті қонақ­тар кітабына қолтаңба қалдырды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Сурет Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды