![Жол мұраты мен ел мүддесі](/article_photo/1499917145_article_b.jpeg)
Стратегиялық құжатта Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдан түсетін табысты бес есе арттыру, атап айтқанда, контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін, жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыру міндетін қойды. Президент: «Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл жасау, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету қажет. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет», деп атап көрсетті.
Осы орайда тауар айналымы, оның ішінде транзиттік тауар айналымы, жүк ағыны (ішкі және халықаралық) көлемінің ұлғаюы Қазақстан экономикасының өсуіне тигізетін септігін түсіну қажет.
Қазақстанда логистикалық инфрақұрылымды және оның әлеуетін дамыту жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды басымдығы болып табылатыны сөзсіз. Өйткені, қазіргі уақытта дүние жүзінде әлемдік сауданың және халықаралық экономикалық қатынастардың жаһандануынан туындаған халықаралық логистикалық жүйелердің пайда болуы байқалады.
Жүк тасымалдау нарығында жүргізілетін көптеген зерттеулер жақын арада автомобиль көлігіне жүктеме көбейе түсетінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан азаматтары үшін қосымша жұмыс орындарының болуымен қатар, еліміздің экономикасына қосымша ақша қаражатының түсуін қамтамасыз етеді. Мысалы, соңғы сегіз жыл ішінде Қазақстанның жалпы жүк айналымы 1,5 есеге өсті. Бұл ретте, автомобиль көлігімен тасымалданатын жүк айналымы 2,5 есеге өсті және осы бағыттағы көрсеткіштер одан да артты деп пайымдаймыз.
Президенттің Жолдауында халықаралық логистикалық қатынастарды, атап айтқанда, жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту міндетін орындау қажеттігі нақты көрсетілген, бұл оның маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Халықаралық ауқымы бар ең маңызды стратегиялық міндеттерді еліміздің Президенті «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында атап көрсетті. Бұл бағдарлама соңғы екі жыл ішінде өзін-өзі толығымен ақтады. Бұдан басқа, 2017 жылы республикалық маңызы бар автожолдардың 4 400 шақырымын салу және реконструкциялау бойынша жұмыстар орындалатын болады. Соның ішінде жылдың соңына дейін оның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйеге енгізілетін болады.
Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, 2015-2016 жылдардағы кезеңде автожол жобаларын іске асыру үшін 616 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 329 млрд теңге бөлінді. Барлық бөлінген қаражат игерілді. Осы қаражат есебінен: Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы – Өскемен, Астана – Петропавл, Жезқазған – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Каменка деген 9 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізілді. Жол-құрылыс жұмыстары Қазақстанның 12 өңіріндегі 2 мың шақырымды қамтыған.
Жалпы, кез келген мемлекет экономикасының күре тамырына баланатын автокөлік жолдарын салу – ел азаматтарының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының түзелуіне оң ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында Жібек жолы арқылы көршілес мемлекеттермен байланыс орнату еліміз үшін орасан зор пайда әкелетіні жөнінде тиянақты түсіндіріп бергені баршаның есінде болар.
Табысты жетістіктерге қарамастан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енбеген, республикалық ауқымы бар кейбір жолдарды толық жөндеу бойынша мәселелер әлі де шешілмей қалуда. Мәселен, менің бұған дейін жолдаған депутаттық сауалымда айтылған «Жызақ – Жетісай – Сарыағаш – Жібек жолы» үшінші санаттағы жолына назар аударайық. Бүгінде оның өткізу мүмкіндігі нақты қалыптасқан жағдайдан әлдеқайда төмен. Ал қолданыстағы Қазақстан Республикасының 3.03-09-2006 жылғы Нормативтер және қағидалар жиынтығына сәйкес, үшінші санаттағы жолмен тәулігіне 3 000 көлікке дейін өтуі қажет десек, қазіргі кезде аталған жолмен өтетін көліктің тәуліктік саны 27 мыңды құрап, нормадан 9 есе асып отыр. Соның салдарынан 2015-2016 жылдары осы жолда 343 жол-көлік оқиғасы тіркеліп 505 адам жарақат алған, 77-сі қаза тапқан.
Сондай-ақ, басқа да депутаттар тарапынан жол жөндеу мәселелері бірнеше рет көтеріліп, сұрау салулар мен ұсынымдар берілген болатын. Бірақ, бюджет қаражатының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар автожолдарды жөндеу бойынша жұмыстар толық аяқталмай отыр. Айталық, Үкіметтің 2017 жылғы 1 қаңтардағы есебінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының пайдаланылмаған бюджет қаражаты бар екендігі мәлім болды. Яғни, бізде жолдарды толық көлемде жөндеуге мүмкіндік болғанымен, қаражатты бөлу кезінде тиімді жоспарлаудың болмауы әлі де қайталанып келеді.
Астанада өткен Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында Президент «Ұлы Жібек жолын дамыту, логистикалық бағыттарды іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетіне ықпал ететіні сөзсіз», деп атап өтті. Дегенмен, бірыңғай экономикалық кеңістіктің жасалуымен оған қатысушы мемлекеттердің бірыңғай көліктік кеңістікті қалыптастыру және перспективалы көліктік дәліздерді дамыту бойынша интеграциялық өзара іс-қимылын одан әрі күшейту өзекті болып табылады.
Қазақстанның көліктік әлеуетін дамыту бірқатар маңызды міндеттер шешуді талап етеді. Транзиттік әлеует деп мемлекеттің өз аумағы арқылы халықаралық транзитті қамтамасыз ету бойынша мүмкіндігін айқындайтын сыртқы және ішкі факторлар мен шарттардың жиынтығы айтылады. Осы әлеуетті пайдалану тиімділігі мемлекеттің бар ресурстарды толық көлемде іске асыру қабілеттілігімен айқындалады.
Негізгі теңіз сауда жолдарына қолжетімділіктен басқа, барлық қажетті ресурстары бар, автокөліктік желілері мен теміржол магистральдары, әуе және теңіз флоты бар, аумағы құрлықтың ортасында орналасқан Қазақстан Республикасының мүмкіндіктері қазіргі уақытта жеткілікті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында көрсетілген міндеттерді логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін толық пысықтап, еліміздің жоғары көліктік әлеуетін пайдалана отырып шешу қажет.
Жолдауда көрсетілген басқа да міндеттер бар, олар өте маңызды болып табылады. Қойылған мақсаттар мен міндеттерді барлық қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана орындауға болады.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты