Сам даласында берісі өлке тарихына, әрісі қазақ тарихына қатысты жәдігерлер Ақтау маңындағы айтулы ескерткіштерден оқшаулана, күн мен желдің өтінде үнсіз мүлгіп тұр. Кім білген, арғы тарихты қазбалай берсе бұл жәдігерлерден ежелгі өркениетпен байланыс, біз білмейтін, біз күтпеген небір керемет сырлар табылып та қалар...
Бүгінгі Маңғыстау тек мұнай, басқа да жерасты қазба байлықтарымен емес, шетелдік және отандық қонақтарды таңқалдыра алар табиғатымен, өзіндік ерекшелігімен туристік әлеуетін арттыруға ұмтылуда. Алдағы уақытта Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштері – аймақ туризмі дамуының тірегі болады деп есептеледі.
Бұл мақсатқа облыс орталығы Ақтау қаласынан ең шалғай жатқан – Бейнеу ауданы да өз үлесін қосуға дайын. Себебі, аудан аумағы көрсе көз қызықтырып, көңіл тоғайтатын ескерткіштерге бай. Ал ол ескерткіштердің тілін тауып, сырын білу – өз алдына бөлек мәселе.
Бір қуанарлығы, Бейнеу өңіріндегі ескерткіштерді, ескілікті орындарды қорғауға, насихаттауға аталмыш аудан әкімдігі өз деңгейінде көңіл бөліп келеді. Әйтпесе, оларға жеткілікті насихат болған жоқ, сол себепті алыс аудандағы «дала ансамбльдері» туралы бүгінге дейін басқа түгілі, маңғыстаулықтардың өзі жете біле бермейді. Маңғыстаудың «ашық аспан астындағы мұражай» атануында Бейнеу өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үлесі бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас. 2011 жылы аудандық әкімдіктің бастамасымен «Археология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілер қаржысына Бейнеу ауданының аумағындағы «Ақпанның үйігі» мен «Сам қаласына» археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Сол өңірді мекен етуші жергілікті тұрғындар «Ақпанның үйігі» деп бағзыдан атайтын орынды – ескерткішті алғаш рет 2006 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлері А.Астафьев пен М.Қалменов ашқан.
Бала кезімізде мал шаруашылығымен көшіп-қонып, кең далада әкем қой бағып, өзіміз асыр салған мекеннің тарихи атаулары бізге құлақсіңді және жанымызға жақын болғанымен, олардың қат-қабат тарихын біле бермейтіндігіміз өкінішті.
Мәліметтерге сүйенсек, «Ақпанның үйігі» Тұрыш ауылынан солтүстік-батыста 25 шақырым жердегі айналасындағы алты-сегіз шақырым жер көрінетін биіктікте орналасқан. Үйіктің оңтүстік, оңтүстік-шығысы мен солтүстігінен басқа бөлігінде айнала ор бар. Үйіктің оңтүстік-шығысында XIX ғасырға жататын жиырмадан астам зираттан тұратын рулық қорым бар. Зираттардың қабір үсті қоршауы үйіктен алынған ұлутастардан қаланған.
«Ақпан үйігінің» ор сыртында, оңтүстік-батыс, оңтүстік және шығыс жағында бес-алты қоршау сақталған. Бұл диаметрлері бір-екі метрден аспайтын қоршаулар ғұрыптық мәнге ие болуы мүмкін.
Үйік осы өлкедегі ең ежелгі ескерткіштің біріне жатады. Салыну ерекшелігіне сәйкес б.д. дейінгі бесінші ғасырдағы әлеуметтік дәрежесі жоғары адамды жерлеу мен оның құрметіне арнайы салынған деген болжам бар. Үйікті аршыған кезде кездескен ұлутасты өңдеп қажетке жарату, шебер қиылыстырып қалау ісі, жалпы тас өңдеу бұл өлкеде ежелден басталған өнер деген ойға жетелейді.
Аршылған құрылыстың диаметрі 20 метр, биіктігі 7-9 метрден кем емес, қабырғасының қалыңдығы 6,5 метр таспен қаланған. Кезінде күмбезі болып, биік күмбез жылдар өте ортасына құлап, кейін үйікке айналған деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде мазардың ішінен алтын әшекейлі киіммен жерленген адамның сүйегі, сүйектің маңайынан шашылып қалған алтын әшекейдің бірнеше данасы табылған. Мамандар «алтын киімді адам жерленген қабір әлдебір замандарда тоналған, шашылып қалған бұйым соны айғақтайды» деген уәж келтіреді. Күмбездеп соғылған, киімге тағуға арналған бауырдақтары бар алтын жәдігер. Үйіктің төңірегінде арнайы орындарға от жағылып, көп мөлшерде құрбандық шалынып, шұңқырларға көміліп отырған. Төңкерілген бүтін ыдыстар, қыш қазандар табылды. Міне, мұның бәрі бұл орын сонау замандарда үлкен бір тайпаның қасиетті орыны болғанын дәлелдейді. Ұзақ уақыт бойы көшпенділер тайпасы өздерінің көсемдері жерленген орынға келіп, сыйынып құрбандық шалып отырған. Бұдан басқа үйіктің төңірегінен өрнекті ыдыстардың сынықтары, жебенің ұштары табылыпты.
Өңірдегі тағы бір айтулы орын – «Сам қаласы». Ол Тұрыш елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіштің шығысы жанынан ауыларалық жол өтеді. Керуен-сарай ойыс жерде қоныс тепкен.
«Сам қаласының» орны Бейнеуден 65 шақырым шығыстағы «Белдеулi» деген жерде. Сам құмының етегiндегi жергiлiктi халық «Белдеулi», «Үшүйiк», «Молақ» деп атайтын енi бес, ұзындығы он шақырымдай бұл аймақта бүгiнде құлап үйiкке айналған, кезiнде күйдiрiлген қызыл кiрпiштен салынған қырыққа тарта керуен сарайдың орны, қар мен жаңбыр суын сақтауға арналған таспен шегенделген отыздан аса әйкелсiз құдық-қойма «сардоба» бар, үйiктерге жақын жерлерде қыштан өрнектелiп жасалған құмыра сынықтары кездеседi. Мәліметтер «Сам – солтүстiк Үстiртте орналасқан, XIV-XVI ғасырларда керуен жолдарының тоғысындағы iрi сауда орталығы есебінде көпшілікке кеңiнен танымал болған ортағасырлық қала» екендігін айтады. «Сам қаласы» Алтын Орданың «Сарай Бату», «Сарай Берке», «Сарайшық» қалаларымен қатар аталады. Қала Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының «Ноғай жолы» делінетін саласының бойында болған.
– «Сам қаласында» керуен жолы үш айырылады. Оның батысқа бағыт алғаны Қақпақты, Шиланды арқылы Есеттегі Қосқұдықтан ойға құлап, Ұшқанға соғып, Бақашы әулие маңынан Жем өзенінен, Таскешу арқылы Сағыз өзенінен өтіп, Сарайшыққа жетіп, әрі қарай орыс жеріне ілігеді де, оңтүстікке беттегені Сам құмын кесіп өтіп Құсшы, Шұрық, Білеулі, Қосбұлақ, Әжігелді, Ұшқұдық арқылы Үстірттен құлап Үргенішке жетеді. Талай жыл түйе табанымен тапталған, кей жерлерде ені он, тереңдігі жарты метрден асатын керуен жолының ескі сүрлеуі Тұрыш елді мекенінің маңында әлі күнге дейін сақталған. Ғарыштан түсірілген суретте Қосқұдық пен Қосбұлақ арасындағы жол сілемі ап-айқын көрінеді. Ал шығысқа беттеген керуен жолы Жездіге жетіп, Жанкент, Сарайшықтан шыққан керуеннің осы жолмен елу күнде Отырар қаласына жетіп, одан әрі Моңғолия арқылы Қытайға асатынын айтады, дейді Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорық директоры, өлкетанушы Н.Құлбаев.
Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көнені қастерлеп, жаңаны жасауға шақырған болатын. Аймақта ғылыми зерттеулер жұмысы барысында көріктендіру, ескі және ортағасырлық археологиялық ескі қаланың орны мен мекенін туристік мақсатта қолдану, сондай-ақ, оларды насихаттау және тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени инфрақұрылым кеңейтілуде, мәдени мұраларды зерттеудің толықтай жүйесін құрудың амалдары іске асырылуда. Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың алыстағы аталмыш ескерткіштерге арнайы баруы да көңіл қуантады.
Ғасырлар бойы Самның сары даласында сарғайған ескерткіштер – еліміздің туристік нысандарына айналып, өз лайықты бағасын алатын, өз деңгейіне сай ұлықталатын күн келеді деп ойлаймыз. Өйткені, ескерткіштер – өміршең, олар уақыт өткен сайын санадан жоғалмай, керісінше сыры мен сипатына, сәулетіне жұртты тарта, қызықтыра түседі. Сам ескерткіштері де – осы санаттан табылатын құндылықтар. Жердің шалғайлығы, жолдың қиындығы ескерткіштердің елеусіз қалуына себеп болмауы тиіс.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы