Футбол • 27 Шілде, 2017

Жампоз Жозе

287 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жозе Моуринью – әлем фут­бо­лын­дағы әйгілі есім. Білікті футбол маманы, қазір «Манчестер Юнайтед» футбол клубының бас бап­кері. Оның шалт мінезі мен ті­ке айтатын өтімді жауаптары әлем ақпаратының аузында.

Жампоз Жозе

Осыдан көп жыл бұрын португалдық футбол жаттықтырушысы Фелиш Моуриньюдың отбасы дастархан басына жиналып, таңғы асын алдарына ала бергенде үйдегі телефон безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерген отағасы Фе­ли­ш­­тің қабағы салбырап, түсі өзгеріп кет­­ті. Жайсыз хабарды жары Мария мен ұлы Жозеге қалай айтарын білмей қи­­нал­ды. Әкесінің жүзіндегі қиналысты аң­ғарған кішкентай Жозе:
 – Әке, неге қиналып отырсыз? – деп, үлкен адамдар сияқты салмақты сұ­рақ қойды. Ұлының ойлы жанары мен сал­мақты сауалына таңырқаған әкесі:
 – Мені жұмыстан босатыпты, - деп, сү­лесоқ жауап қатты. 
– Не үшін?
– Мен жаттықтырған команда екі күн бұрын жеңіліс тапқан болатын.

***
Кішкентай Жозе әкесін нағыз майталман футбол маманы деп есептейтін. Мына оқиға оған қатты әсер етті. Қа­ра­пайым балықшының отбасында д­ү­ниеге келген әкесі әулет кәсібіне бет бұр­май аяқдопшы атанды. 

Әуелі «Витория», «Белененсеш» командаларының қақпасын қорғады. Тіпті бір дүркін Португалияның ұлттық құ­рамасы сапында өнер көрсеткені бар... 

Кішкентай Жозе жатып алып ұзақ ойға шомды. «Әкемді жақсы команда жат­тықтыра алмағаны үшін жұмыстан бо­сатты. Демек мен әкеме көмектесем, бо­лашақта атақты жаттықтырушы болам, әке кегін қайтарам!»

Рухын шоққа жанып алған бала Сетубаладағы стадионға барды. Әке­сі­не, «маған білгеніңді үйрет» деді. Әке­сі оған шарт қойды. «Сен алдымен са­бағыңды жақсы оқы, осыны орын­да­саң айтқаныңды істеймін». Әке мен бала шарт-шұрт қол алысты. 

Бірақ Фелиш баласының мына қы­лы­ғына сене қойған жоқ. Қайтер екен деп тәжірибелі бапкерлерге қатысты ем­ти­хан-сынақты берді. Қызық, Жо­зе бірде-бір қате жібермей жауап бе­ріп­­ті. Сөйтіп, ол 14 жасында әкесі жа­ттық­тыр­ған команда­мен бірге күл­лі Порту­га­лияны айналып шық­ты. Мін­де­ті алаңнан шы­ғып кеткен допты әкелу және осыны пай­даланып әке тапсырмасын алаңдағы ойын­шыларға жеткізу... 

Фелиш Моуриньюдің естелігі: Мен жаттықтырған «Белененсеш» футболшылары «Амадора» командасымен өз алаңымызда ойнайтын болдық. Біз бұл ойын­да тең түскен жағдайда жоғары лигаға өтетін едік. Сондықтан «олардың тактикасын зертте» деп Жозені жібердім. Ол бір апта сол жақта жүрді. Келді. «Қарсы­лас­тар­мен тең ойнауға толық мүм­кіндік бар екен, так­тика мынау» деп сызып берді. Біз 15 жастағы Жозенің айтқанымен ойын ұй­ым­­дастырдық. Нәтиже – 0:0. Осы оқи­ға­дан кейін мен баламды өзіме кө­мек­ші етіп алдым. 

Жозе 19 жасқа толғанда әкесі Фелиш Моуринью жоғары лигада өнер көрсететін «Риу-Аве» командасы­на бапкер болды. Қызық болғанда, Жозе аталмыш команда құрамында фут­болшы ретінде алаңға шықты. Ко­манда басшылары бапкер Фелиш Моу­риньюға бұл ісінің қате еке­нін ескертіп, ақырында аяқдопшы Жозе алаңнан жағалауға шығып қалды. Ойын есебі: 7:1. Жозелер оңбай жеңілді. Ойыннан кейін жас Жозе ақымақ басшылар басқарған футбол ешқашан өрге жүзбейтінін айтып салды да, формасын лақтырып тастап жүре берді. Барды да Лиссабондағы дене тәрбиесі институтына құжат тапсырды. Осында 5 жыл білім алды. Оқу бітірген соң институтта спорттан сабақ берді. 

Жұмыс істей жүріп ағылшындар ұйым­дас­тырған бапкерлік курсқа қатысып, тіл үйренді. Курсты жүргізуші шотландиялық бапкер Энди Роксбург жас жігіттің футболға деген ерекше танымы барын бірден аңғарды. 1992 жылы «Спортинг» командасына жаттықтырушы болып атақты Бобби Робсон барған тұста, Роксбург оған аудармашы-көмекші ретінде Жозені ұсынды. Өйткені, Бобсонға ағылшын тілімен қоса футболды да жақсы білетін адам қажет еді. 

Бобби Робсонның естелігі: Лиссабон әуежайына аудармашы-көмекшімді күтіп алуға бардым. Оның шынайы футбол біл­гірі екенінен хабарсыз едім. Тура ойын бас­талар сәтте аудармашым бір сызба ұсын­ды. Жазбаны көрдім де бұл адам­ның керемет футбол білгірі екенін ұқ­тым. Шы­нымды айтсам, атағым айдай әлем­ге әй­гілі менің өзім бұндай тактика құруды біл­мейтін едім... 

Сөйтіп, екі мық­ты қо­сағын жазбай «Спортинг», «Порту» жә­не «Барсаны» жаттықтырды. Еш жеңіліп көр­меді. 

Уақыт өте келе Жозе өзінің толысқанын түсінді. Бас бапкер ретінде алдымен «Бенфика» тізгінін ұстады. Кейін «Порту», «Челси», «Интер», «Реал» сияқты атақты клубтарды әлем алдында тулатты. 

Жозенің жүрек сөзі: «Челсиді» 2004-2007 жылдар аралығында жаттықтырдым. Алғашқы маусымда Англия чемпионы атандық. Бұл «Челсидің» ғұмырындағы екінші чемпиондық атағы екен. Алғашқысы осыдан тура 50 жыл бұрын бопты. Чемпион болғаннан кейінгі маусымаралық үзілісте Лондон көшелерінің бірінде серуендеп жүрген едім. Жасы шамамен жетпістен асқан бір қария жолықты. Ол 50 жыл бұрын Болтон қаласында «Челси» чемпион болған кезде жеңісті атасы және әкесімен бірге тойлаған екен. Екінші жеңіс 50 жылдан кейін келді. Бірақ қарияның атасы мен әкесі өмірде жоқ. Өзінің бір аяғы – төрде, бір аяғы – көрде. Бірақ футболға деген махаббаты жоғалмаған. Міне, мені осындай сәттер елжіретеді...

Жозе Моуринью кім? Жөкеңді еуро­па­лықтар көпшілікке қуаныш сыйлайтын қы­ңыр мінезді кәсіби бапкер деп біледі. Ал, лейриялықтар үшін UEFA Cup-на жеткізуші, портулықтар үшін Еуропа кубогын алып беруші, челсиліктер үшін 50 жылдан кейінгі құтқарушы, интерліктерге 45 жыл армандаған Чемпиондар лига­сы­ның кубогын сыйлаған. Оның баптауы нәтижесінде «Интер» бірінші жылы Италия чемпионатын, ал келесі жылы Италия чемпионаты мен Кубогын және УЕФА Чемпиондар лигасын қатар ұтып, Италия футбол тарихындағы алғашқы «треблді» жеңеді. 
Ж.Моуринью әр түрлі клубтармен екі рет Чемпиондар кубогын ұтып алған тарихтағы үшінші бапкер. Одан бұрын бұл атақты Эрнст Хаппель және Оттмар Хитцфельд иеленген-тін.

Дәл қазір португалдық маман «Ман­чес­­тер Юнайтед» командасымен 2019 жыл­ға дейін келісім жасаған. Ол команда құрамына Францияның «ПСЖ»-да өнер көрсеткен Златан Ибрагимовичті, «Ювен­тустен» Поль Погбаны, «Эвер­тон­нан» Ромелу Лукакуды алып келді. 

Қазақта, «жақсыға сөз ереді, жаманға шөп ереді» дейтін мәтел бар. Дәл осы сөз Жозеге қаратып айтылған дерсіз. Өйткені, күллі Еуропа газет-журналдары Жөкеңмен жағаласып жатады. Мақтайды, жамандайды, қарғайды, қорғайды... т.б. 

Бұған себеп не? Жозенің мінезі мен іс әрекеті. Өйткені ол қоғамдық ой-пікірмен ешқашан санаспайды. Өзінің ісі өзіне жөн. Және айтқанынан қайтпайды. Ұстанымы: «Мен адамдарға ұнау үшін өмір сүріп жүргем жоқ». Өзіне өте сенімді. «Мен мықтымын» дегенді ашық айтады. Онысы біреулерге ұнамай жатады. Олар қарсы шабады. Оған Жөкең қыңбайды. Айтатыны, «Иса пайғамбар ұнамаған тобырға, менің ұнауым мүмкін емес». 

Жозенің жетістіктері
• Португалияның екі дүркін чемпионы («Порту» 2002/03 – 2003/04);
• Чемпиондар Лигасының чемпионы («Порту» 2003/04);
• Еуропа Кубогының жеңімпазы («Порту» 2002/03);
• Англияның үш дүркін чемпионы («Челси» 2004/05, 2005/06, 2014/15);
• Италияның екі дүркін чемпионы («Интер» 2008/09, 2009/10);
• Чемпиондар Лигасының жеңімпазы («Интер» 2009/10);
• Испания чемпионы («Реал Мадрид» 2011/12);
• Испания Кубогының жеңімпазы («Реал Мадрид» 2010/11);
• Англия Лига Кубогының жеңімпазы («Манчестер Юнайтед» 2016/17);
• Еуропа Лигасының жеңімпазы («Манчестер Юнайтед» 2016/17);
• 2010 жылдың «Ең үздік бапкері».