Аймақтар • 21 Тамыз, 2017

Қайнарға су құбыры қашан тартылады?

1108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Семей Водоканал» КМК техникалық директоры Николай Лукиннің айтуынша, биыл былтырғы жылдан қалған бірнеше нысандардың жұмысы аяқталып жатыр. Ең бастысы, Қарағайлы кентіндегі су құбыры желілерінің жұмысы аяқталуы тиіс. Себебі, мұнда Назарбаев зияткерлік мектебі мен Семей медицина университетінің студенттеріне арналған жатақханалар мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынған.

Қайнарға су құбыры қашан тартылады?

– 2016 жылы Қарағайлы ауда­нына су тарттық, – дейді Николай Лукин. – Жобаны қолға алған ұйымның әкімшісі ретінде мен бұл құрылыс-жөндеу жұмыс­тарын мердігер мекеме дұрыс орындады деп айта аламын. Жан-жақты тексерген ме­ке­ме­лердің талап-тілектері тү­гел­дей ескерілді. Қарағайлыда екі ара­лық стансаны жарықтандыру жұ­мыстары ғана қалып отыр. Және Қар­жаубайұлы көшесі мен Пав­лодар қаласына шығатын трассаны асфальттау жұмыстары да алдағы уақыттың еншісінде. 

Сонымен, «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша 2017 жы­лы Семейде Затон аумағын­дағы құрылыс-жөндеу жұмыс­тарынан бөлек, Қайнар ауы­лының да су жүйелерін жөндеу мәселесі тұр. Және Восточный кентіне су құбырын тарту, Шүлбі кентіндегі су тазалау қон­дырғысын жөндеуден өт­кізу керек. Шүлбідегі су тазалау қон­дырғысының құрылыс жұ­мыстары осыдан бір ай бұрын басталса керек. Осы уақыт ара­лығында жұмысшылар жұмыс кестесінен біршама қалып қо­йыпты. Ақшалай шаққанда бұл кешігу 139 млн теңге болып шы­ғады екен. Және Восточный кентінің де су құбырын жөндеу жұмыстары біраз кешігуде. 

– Қайнар ауылындағы күрделі жағдай депутаттардың басты назарында, – деді «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалитдинова, – депу­таттардың сынға алғандарынан мысалға келтірсек, ауылда су құ­бырларын тарту мүлде дұрыс қолға алынбапты. Қайнардың көшелері қазылған күйі тұр. Қазылған жердің ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Тек 5,5 шақырымына ғана құбырлар салынған. Бұл жерде енді не техника, не жұмысшылар жоқ. Ал адамдар қазылған көшелерден абайлап жүруге мәжбүр, балалары не өздері шұңқырға түсіп кетіп, жазым болар деп қорқады. 

– Бұл үшін мердігерлерді жауапкершілікке шақырамыз, – деді Николай Лукин, – егер біз ке­лісімшартты бұзып, қай­та­дан тендер жарияласақ, Қай­нар ауылының құбыры келер жылдың соңында да бітпеуі мүм­кін. Себебі, осындай кон­курстардың өту мерзімі ұзақ. «Нұр­лы жол» бағдарламасы бойын­ша 2017 жылға жобаланған көптеген құрылыс және жөндеу жұмыстарының созылып кетіп, уақтылы аяқталмауына себеп болып отыр. Біз биыл конкурс аяқталған соң, шілде айының соңында ғана келісімшартты бекіттік. Сөйтіп, мердігерлер жұмысқа жаз ауа кірісті. 

– Біз Парламент Мәжілісінің депутаттары алдында мемле­кеттік тапсырыс және сатып алу туралы заңдылықтардың кон­курстық шарттарын өзгерту туралы мәселені үнемі айту­дамыз, − деді «Нұр Отан» пар­тиясының Семей қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалитдинова, – тіпті кеше ғана Мәжіліс депутаты Василий Олейник келді. Тағы да осы конкурс мерзімін назарға алуды ұсындық. Қазіргі уақыттағы мемлекеттік тапсы­рыс бойынша өтетін конкурс мерзімдерінің едәуір созылып кететіндігіне орай бөлінген қар­жыға атқарылатын жұмыстар кешігіп жатады. Сөйтіп, көбіне асығыстықпен атқарылған жұ­мыстардың сапасы нашар болып шығып, мемлекет қаржысы қайтадан шығын болады.

Раушан Нұғманбек

СЕМЕЙ